Шымкентте шеберлер көрмесі өтіп жатыр
Шымкент қаласының Көрме орталығында «Ұлттық қолөнер – Ұлы мұра» тақырыбында шеберлер көрмесі өтуде.
21-25 желтоқсан аралығына жоспарланған көрмеде мүмкіндігі шектеулі шебер жандардың өз қолымен жасаған бұйымдары көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Іс-шараның басты мақсаты – тағдырдың сынына мойымаған қайсар жандардың еңбектеріне қолдау көрсету, дара қасиеттерін ашуға мүмкіндік беру, көлөнерді көпшілікке насихаттау, ұлттық құндылықтарды жаңғырту.
Көрмеге 5 мекеме: Шымкент қаласы Білім басқармасының көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернаты»; «Саурық мүгедектер қоғамы» ЖШС; Түркістан облысы «№5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы»; Шапағат арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы; «Сиян» мүгедектер қоғамдық бірлестігі қатысуда.
Көрме орталығы көпшілікті іс-шараны тамашалауға шақырады.