Жаңалық

Шымкентте тағы бір челлендж басталды

Бұл жаңалықпен өңірлік жобалық кеңсе қызметкерлері бөліскен еді. Әр ұлтты өзге ұлттан ерекшелейтін, оның сыртқы сипатын анықтайтын белгілерінің бірі – ұлттық киімі.

«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген ұлы адамдар. Ұлттық киім – ұлтымыздың болмысы! «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа қосылған төрт айдарының бірі – «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бөлімі «Ұлттық үрдісте киінейік!» челленджін бастады.

Челлендж мақсаты – қазақы нақышта киініп, ұлттық киімді дәріптеу, бабадан аманат болған ұлттық құндылықтарды жаңғырту, елін, жерін, дәстүрін сүйетін ұрпақ тәрбиелеу, халықтың патриоттық сезімін нығайту, мәдени құндылықтарын құрметтеу, ұлттық мәдениетті сақтау және дәріптеу болып табылады.

Челленджді алғашқы болып «Салт дәстүр және әдет ғұрып» орталығының қызметкерлері қуана қабыл алды.

«Кейінгі ұрпақ үшін қасиеті мен қадірі, мәні мен мағынасы, берер тәлім-тәрбиесі мен ұлағаты ерекше асыл мұра – қазақтың ұлттық киімдері. Халқымыздың ұлттық киімдері өзінің сипатымен, сәнімен сан ғасырлық тарихымен, сақталған ою-өрнек нақышымен бүкіл жер бетіне танылды. Біз өз тарапымыздан зор мәртебемен бұл челледжді қабыл алдық», – дейді дәстүртанушы қызметкерлер.

Онан соң кезекті Шымкент қалалық жасөспірімдер кәтапханасының ұжымы қабыл алып, барша мәдениет ұжымдарына жолдады. Әлеуметтік желі оқырмандары да ұлттық үрдісте киіну бастамасын қолдайтынын білдіріп жатыр.

Челленджге сіз де атсалысыңыз!

Ұлтымыздың құндылықтарын бірге дәріптеп, ұлттық қазынамыздың қадіріне жете білейік! Ұлттық нақышта киініп жүру, оны сәнге айналдыру, салт-дәстүрімізді дәріптеу біздің қолымызда!

Челленджді қолдау үшін #ұлттықкиім, #руханижаңғыру, #ruhkz хэштегтерін пайдаланыңыз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button