Шымкенттен керуен аттанды (видео)
А. Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта «Шымкент 2020 – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылу рәсіміне орай «Шымкентке 2200 жыл» атты уақыт керуені іс-шарасы бастау алды, – деп хабарлайды Ruh.kz өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіне сілтеме жасай отырып.
Бұл тойдың жөні бөлек. Жиынға келген барлық қатысушылар арман-тілектерін қағазға жазып, оны керуен қоржынына салды. Уақыт керуені қала көшелерін аралап, халықтың ыстық ықыласы толтырылған қоржынымен 22 қараша күні сағат 18.00-де ескі қалашық «Цитадель» қақпасына келіп тоқтайды.
Сонымен қатар, керуен қоржыны қаламыздың тарихын айшықтайтын 2200 кітап, Шымкент қаласының символына айналған қызғалдақ тұқымы мен халықтың тілегіне толтырылып Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласына аттанады.
Бүгінгі іс-шара соңы «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы аясындағы EcoSana сенбілік акциясына жалғасты. Қатысушылар дендрологиялық саябақ ішіне тал егіп, акцияға қолдау көрсетті.