Шымкенттік студенттер соғыс ардагерлеріне көмектесу марафонын бастады
Ұлы Жеңіске 75 жыл толуына орай М.Әуезов атындағы ОҚМУ «75 күн – 75 игі іс» атты марафонын бастады.
Аталмыш марафон аясында 75 күн бойы фото-плакат көрмелері, арнайы тақырыптық байқаулар, тәлімгерлік сағаттар, кездесулер, ардагерлерді құттықтау, құрмет көрсету секілді іс-шаралармен жалғасын таппақ. Негізгі мақсат – Жеңіс мерекесінің мәні мен маңызын студенттердің бойына сіңіре отырып, өскелең жас ұрпақты отансүйгіштікке, батырлыққа баулу, ерлікке тағзым етіп, құрмет таныту. Соғыс жылдары Кеңес әскері қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық аттанған. Оның 601 мыңы туған жерге оралған жоқ.
М. Әуезов атындағы ОҚМУ «Жастар Орталығының» директоры Заманбек Орынбековтың айтуынша, алдағы 75 күн ішінде студенттер түрлі іс-шараларға атсалысып, марафонды жоғары деңгейде өткізеді деп күтілуде. Ұлы Отан Соғысының ардагерлерінің үйіне барып, құттықтап, сый-сияпат жасап, ауласын тазалап, көшет отырғызу, жер аудару секілді тұрмыстық жұмыстарына да көмектесетін болады.
Шымкент қаласы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі