Жаңалық Редакция таңдауы

ШЫҰ 2024: жаһандық үйлесімділік пен өркендеуге ұмтылу

Фото: el.kz

2024 жылғы 4-5 шілдеде Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтті, ол халықаралық қатынастардағы елеулі өзгерістерінің арқасында әлемдік жұртшылықтың назарын аударды. 2001 жылы алты мемлекет (Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) құрған ШЫҰ ынтымақтастық пен дамудың жаңа перспективаларын ұсына отырып, жаһандық саясат пен экономикадағы өз рөлін арттыруда.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы өз қатысушылары арасында бейбіт және достық қарым-қатынас орнату, сондай-ақ өңірдегі тұрақтылыққа жәрдемдесу мақсатында құрылған болатын. Уақыт өте келе оның амбициясы мен ықпалы едәуір артып, ШЫҰ-ын аймақтық ынтымақтастық бастамадан маңызды халықаралық форумға айналдырды, онда тек экономикалық мәселелер ғана емес, сонымен қатар Азияға қатысты саяси және қауіпсіздік мәселелері талқыланады.

2024 жылғы Астанадағы ШЫҰ саммиті оның алаңында қабылданған бірқатар негізгі бастамалар мен шешімдердің арқасында әлемнің ерекше назарын аудартты. Астанадағы ШЫҰ саммиті Беларусьті ұйым мүшелігіне қабылдаудан басталды. Осы оқиғамен Александр Лукашенконы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Ол Беларусь қысқа уақыт ішінде ШЫҰ-ға толыққанды мүше болу жолындағы барлық рәсімдерді орындағанын атап өтті. Осылайша, Астанадағы саммит толыққанды «Шанхай ондығы» форматында өз жұмысын бастады. Бұған дейін Александр Лукашенко Минск ШЫҰ бастамаларына мүдделі екенін айтқан болатын, оның айтуынша, мемлекет толық мүшелікке біртіндеп қана көшті. Беларусь өзінің ұйымға мүшелігін жеті жыл күткен болатын. Ол алдымен ШЫҰ-ның құрамында тек бақылаушы ретінде болған еді. Сарапшылардың айтуынша, ұйым құрамының кеңеюі және тұтастай алғанда ірі державалар көшбасшыларының кездесуі - Қазақстанның жаһандық аренадағы позициясын нығайтуға мүмкіндік беретін бұрын-соңды болмаған оқиға.

Сонымен қатар, ШЫҰ мемлекет басшылары Астана декларациясына қол қойды. Онда тараптар ұйымның жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдерін көрсетті. Кездесуде сауда, көлік және туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайту талқыланды.

Маңызды аспектілердің бірі ұйым мүшелері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту туралы келісім болды. Қытай мен Ресей инвестиция көлемін ұлғайтуға дайын екендіктерін білдірді, бұл қатысушы елдердің экономикалық өсуіне және инфрақұрылымын жаңғыртуға ықпал етуі тиіс. ШЫҰ елдері берік технологиялық базаға және экономиканың барлық өмірлік маңызды секторларын дамыту үшін орасан зор нарыққа ие. Арнайы салық, кедендік және көші-қон режимдерін әзірлеу осы бағытта айтарлықтай ілгерілеуге көмектеседі. Осыған байланысты ШЫҰ-ның экономикалық преференциялар базасын құру туралы Қазақстанның ұсынысы өзекті болып қала береді.

Қазақстанға келетін болсақ, Қазақстан мен ШЫҰ елдері арасындағы тауар айналымы 30%-ға ұлғаюы мүмкін. Мұндай болжамды сарапшылар жасады, олардың айтуынша, бұған ықпал - электрондық коммерция. Бұл ретте, онлайн сатудан түсетін табыстың өсуі үшін кедендік рәсімдерді жеңілдетуге назар аударылуы тиіс. Бұған ШЫҰ елдерін қазақстандық тарап шақырды. Сондай-ақ, біздің республикамыз ШЫҰ мемлекеттері экономикасының технологиялық дамудың және бизнес процестерді цифрландырудың жаңа деңгейіне көшуін жеделдетудің маңыздылығын атап өтті. Құжат айналымының е-форматқа көшуі сауда рәсімдерін жеделдетеді және экспорттық кірісті арттырады.

Қазақстан ШЫҰ елдерінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы тәжірибесін қолданысқа енгізетін болады. Бұл туралы саммит алаңында еліміздің экология Министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Оның айтуынша, бүгін екі келісімге қол қойылды. Біріншіден, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы. Екінші құжат қалдықтарды тиімді басқару мәселесіне қатысты. Осы жолы саммит барысында тұрақты даму және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген болатын. Саммит аясында парниктік газдар шығарындыларын азайту және таза энергия көздеріне көшу қажеттілігі туралы бірлескен декларациялар қабылданды. Бұл жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған маңызды қадам болды. 2024 жыл - ШЫҰ экология жылы. Сондықтан ұйымға қатысушылар планетаны қорғау бойынша күш-жігерін белсенді түрде біріктіреді.

Саммитте көлік және логистикалық ынтымақтастыққа көп көңіл бөлінді. Бұл әсіресе Қазақстан үшін өте маңызды, өйткені біз арқылы көптеген транзиттік жолдар өтеді. Сонымен қатар, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін жаңғыртуға үлкен мән беріледі. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам темір жол өтеді, оған әлемдік жүк айналымының 2/3 бөлігі келеді. Сондықтан ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамытудың үлкен Еуразиялық белдеуіне айналуға қабілетті. Мұндай перспективалар елдер үшін қызықты болып көрінеді.

ШЫҰ-ның Астанадағы саммиті халықаралық саяси мәселелер мен сын-тегеуріндерді талқылау алаңына айналды. Қатысушылар Таяу Шығыс аймағындағы жағдайды, Ауғанстандағы жағдайды және халықаралық саясаттың басқа да өзекті мәселелерін талқылады. Жаһандық саясаттағы өзгерістер аясында ШЫҰ халықаралық қатынастардағы маңызды ойыншы ретіндегі рөлін нығайтуды жалғастыруда.

Бүгінде әлем жұртшылығының назары саммит өткізуге бағытталған. Үлкен іс-шараны әлемнің 33 елінен 150 шетелдік БАҚ атынан қатысатын 700 журналист жариялап отыр. Оның ішіне АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Италия кіреді.  Жоғары деңгейдегі кездесулердің өзі Тәуелсіздік сарайында өткен болатын.   Ыңғайлы және жедел жұмыс үшін Тәуелсіздік сарайында, Бейбітшілік және Келісім Сарайында және Ұлттық музейде 3 баспасөз орталығы дайындалған еді. Шетелдік әріптестер ШЫҰ-ға қатысушы елдер көшбасшыларының кездесуіне дайындық жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Бүгінде Қазақстан Орталық Азияның барлық елдерімен достық қарым-қатынаста, ал халықаралық аренада республика өзін тұрақты және бейбіт мемлекет ретінде көрсетті, дейді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері.

Шетелдік баспасөз саммит туралы нақты не жариялады? Катардың Peninsula басылымы ШЫҰ құрамын кеңейтуде ұйым өзінің ықпал ету аясын кеңейтуге және дағдарыстарға қарсы тұру мүмкіндіктерін арттыруға дайындалып жатқанын жазады. Газет сарапшыларының пікірінше, бұл әлемді осы саммиттің шешімдері мен әрекеттерін күтуге мәжбүр етеді және бұл халықаралық ынтымақтастықтың тиімді моделі болуы мүмкін.

Ал Ирандық БАҚ ШЫҰ-ның мүмкіндіктері тек құрамындағы мемлекеттерде ғана емес, бүкіл әлемде бейбітшілікке ықпал ете алады деп санайды. Олардың айтуынша, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің аумағында сауда, өндіріс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, кеден, телекоммуникация, сондай-ақ халықтардың әл-ауқаты, тұрақты бейбітшілікті нығайту және Шанхай аймағында және бүкіл әлемде инклюзивті даму үшін пайдаланылуы тиіс өзара іс-қимыл үшін жасанды интеллект саласындағы технологияларды дамыту саласында көптеген мүмкіндіктер бар.

Астанадағы саммит сонымен қатар ШЫҰ-ын жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктерге бейімдеу қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, талқыланған мәселелердің арасында экономиканы цифрландыру, киберқауіпсіздік және ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастық болды. Бұл аспектілер жаһандану және жылдам технологиялық даму жағдайында маңызды бола түсуде.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button