Жаңалық

Цифрландыру көрсеткіші бойынша көштің соңында тұрған қай өңір?

Үш жыл бұрын дәл осы өңірдің IT-мамандары өзге аймақтарға үлгі еді.

Сол уақытта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында коммуналдық шаруашылық салаларында бірнеше жоба жүзеге асқаны белгілі. Бірақ «Смарт Павлодар» және «Ақылды үй» бағдарламалары қаржы болмай, тоқтап қалды. Жергілікті IT-қауымдастық өкілдерінің ендігі үміті Жолдауда.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп пен IT-саланың арасын жақындатып, тиімді серіктестік орнатуды тапсырды.

Ақмарал Есімханова, тілші:
– Сергей Голышев жетекшілік ететін компанияның нарықтағы тәжірибесі 12 жыл. Осы уақыт аралығында қарапайым мобильді қосымшалардан бастап адам өмірін оңтайландыратын бағдарламаларды әзірледі. Солардың бірі – «Смарт Павлодар» және «Ақылды қала». IT-маманның айтуынша, мемлекеттік органдар мен IT-қауымдастық арасында байланыс орнату қиын. Бар мәселе осында.

Сергей Голышев, IT компания директоры:
– Мемлекеттік органдар мен өнеркәсіп нысандары цифрландыру бойынша туындаған мәселелерін ашық айту керек. Біз өз тарапымыздан тиімді шешім қабылдап, көмегімізді аямаймыз. IT-қайымдастық ұсынысын айтып, халықтың тұрмысын оңтайландыратын жобаларын жасайды.

«Цифрлық технологияларда даму жоқ», деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Салада талпыныс бар. Мәселен, павлодарлық ғалымдар мұнай өңдеу үрдісін математикалық модельдеуді енгізбек. Бұл – аймақтағы жетекші жоғары оқу орнының мамандары әзірлеген бірегей жоба. Бағдарлама өндірістік үрдістерді қашықтықтан бақылап, болжам жасауға мүмкіндік туғызады. Алдағы уақытта бағдарлама сынақ жүзінде енгізілмек.

Ғайни Сейтенова, химия ғылымдарының кандидаты:
– Біздің жоба энергия тиімділігін арттырып, қуат көзін үнемдеуге бағытталған. Сонымен қатар мұнайды қайта өңдеу тереңдігін арттыруды көздейді. Отандық мұнай өндірісі осы бағытқа бой алуы тиіс. Бүгінде Еуропа елдерінде мұнайды қайта өңдеу тереңдігі 99%-ке жетеді. Біз бұл үрдістерге ғылыми-техникалық қолдау көрсетеміз.

Бүгінде отандық мұнай өңдеу саласында осы тектес ғылыми жоба жүзеге асырылмаған. Ал, ірі өндіріс ошақтары көбінесе шетелдік мамандарға басымдық беруеді.

Мейір Алпысов, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
– Кәсіпорындар шетелдік құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. Сәйкесінше, олардың өз бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесі болады. Сондықтан отандық мамандар қажет болмай қалады. Десе де, IT-саланы дамытуға мүмкіндік көп. Мәселен, облыста инновацияларды енгізу жөніндегі ғылыми-техникалық орталық бар.

Павлодар мемлекеттік университетінде IT-кластер құрылған. Бүгінде мамандар цифрлық технология өндірушілерімен бәсекелесе алады. Мәселен, университет түлегі Әл-Фараби Ұзақ пандемия басталған кезде қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін сервис әзірлеген. Осылайша, білім беру үрдісі тоқтамай, өз деңгейінде жалғасты. Бағдарламаларды сырттан сатып алу қажет болмады.

Әл-Фараби Ұзақ, IT-маман:
– Бизнес үрдістердің сараптамаларын бақылау жүйесін іске қоспақпыз. Студенттердің жетістіктерін сараптайтын өнім де әзірленді. Бұл сервистің көмегімен студенттердің стартап-жобаларына инвесторларды тартуды көздейміз. IT -мамандарды жұмылдырып, цифрлық мемлекет құруға атсалысамыз.

Сарапшылардың айтуынша, отандық IT -саласы шетелдік әріптестерінен артып түспесе, кем емес. Қолдау мен түсіністік болса болғаны. Мамандар да бар.

Сергей Голышев, IT-компания директоры:
– Тағы бір мәселе, бәсекеге қабілетті маманның еңбегін бағалау, жақсы жалақымен қамтамасыз ету. Өкініштісі сол, тәжірибелі мамандар шетелге кетіп қалады. Себебі, еліміздегі мамандардың жалақысы тым аз. Шетелдік әріптестердің айлығымен салыстыруға болмайды.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында «IT саласы мен өнеркәсіптің байланысын нығайту керек» делінген. Тапсырма орындалса, «Ақылды қала», «Смарт Павлодар» жобалары қайта жаңғырары анық.

24.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button