Мақала Зерттеу

«Сиқырлы сұлу дүние, алдадың ба?!»

(немесе «қызыл жүйеге» жаны қас ақын Түскен Сартбасұлы туралы тың дерек)

Сартбастың Түскені (1879-1938) тарих шаңына көміліп, талай жылдар ел аузында әредік айтылғанымен, қалың жұртшылыққа толық танылмай кеткен талантты ақындардың бірегейі  болған. Оның азан шақырып қойған аты Жүсіп екен.

Ол 1879 жылы Жаңаарқа ауданының бұрынғы Сарытау Барқы руының болысында туған. Қуаңдық-Алтай руының Сайдаласынан Арыстан, одан Мөңке, Нияз, Құлғара. Түскен Барқыдан тарайтын Ақтайлақ атасынан. Текті, дәулетті атадан шыққан. Жаңаарқадағы шұрайлы жердің бірі Сартбас бидайығы деген жер Түскеннің әкесінің атымен аталады.

Түскен ақын Сартбасұлы

(1879-1938)

Сартбас 1916 жылы халық көтерілісіне қатысқан. Барқы руынан көтерілген жігіттердің жүзбасы болған. Түскеннің өз жұрты да, нағашы жұрты да текті. Ол – Енең Тоқасы Күшікбай батырға жиен. «Тегіңде бар текке қалмайды» дегендей, Түскенге Алла тағала тамыры терең талант берген.

Түскен бала жасынан өте зерек, зерделі болып өседі. Ол кездерде ел ішінде ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын күн демей, түн демей толассыз жатқа айтатын құймақұлақ қариялардың көп кезі ғой. Түскен халықтың осы кәусар бұлағынан бала кезінен әбден шөлін басқан, сусыны қанып өскен. Соның әсері болар, ол жастай сөзге жүйрік, суырыпсалма ақын болып таныла бастайды. Оң мен солын ерте таныған, жақсылар мен жайсандардың қасына көп ерген ақын жігіт өте әділ болған.

Кезінде ел ішінде билік айтып, жарлы-жалшыларға теңдік әперген. Сондықтан да ел ортасы оны ерекше құрметтеген, ақындығына да, әділдігіне де тәнті болған. Ол халықтың осы құрметін барынша ақтауға тырысқан. Елдің қамын, ұрпақтардың болашағын ойлаған. 1920 жылы Ақмоладан орыс мұғалімін жалдап әкеліп, аулында мектеп ашады. Бұл көп жастардың келешегіне алғашқы баспалдақ болады.

Түскеннің бұл бастамасы өте жақсы еді, бірақ оны әрі қарай жалғастыруға оның қаражаты жетпейді. Оның үстіне талантты ақын жаңа келген кеңес үкіметінің саясатының арғы сырын ерте сезген сияқты. Өмірден ерте түңіліп, далаға жаңа келген қоғамның бетіне түкіргендей өлеңдер жаза бастайды. Бұл – оның Кеңес үкіметіне қарсылығы еді.  Түскен – айтарын қаймықпай айтып өткен ақын.

Сәкен Сейфуллиннің «17-ге» (қалжың өлең) деген өлеңінің басында: «Еңбекші елдің ұлдары және  ақын, жазушы, әншілері Сәбит, Хамза, Әлкей, Елжас, Қайып, Мәжит, Ғабит, Құсайын, Мүсайып, Сапалай, Жұмабай, Өтебай, Сабыр, Қалмақан, Рақметжан, Бейімбет, Жұмақан – он жетіңе тартамын. Сәкен»,- деп жазған арнау өлеңінің ішінде Сартбастың Түскенінің аты аталмайды. Сәкен Түскенді білмегендіктен атамай отырған жоқ. Түсекең – Сәкеннің немере жездесі. Сәкеннің Түскен ақынды «17-ге» қоспайтын себебі – екеуінің идеясы екі бағытта болғандықтан. Түскен Тама Байтілеуұлы Мүсәйіп қажы сияқты:

Жалпы әлем тегісінен теңеліп,

Кедей, жалшы қалсын енді кенеліп

немесе:

Ал, кедейлер, алға енді басасың,

Сарысудың сазға айдадық масасын.

Алдық теңдік, қалды кемдік,

Өткен күнді біз де көрдік,

Жасасын, Совет, жасасын!- деп қол шапалақтамайды, керісінше:

Жасасын, Совет, жасасын!
Аспаннан шұға жауса да

Жия алмас кедей қасасын,- деп оны әжуалайды.

Енді бір тұста:

Жылынан он жетінің бермен қарай,

Жыртылмай бүтін қалған жағаң бар ма?-дейді.

Ешбір ақын ол кезде мұндай ашық айқасқа шықпаған еді. Өмірден түңілген, елінің болашағын ойлап, іштей егіліп жүрген ақын кеудесіндегі барлық күйік-шерін, зар-запыранын сыртқа шығарады. Қорықпай-үрікпей ақиқатты айтып өлгісі келеді. 1932 жылғы ашаршылықта:

Қисаймас қызарғанга қалам бар ма,

Қайғысыз өтіп жатқан заман бар ма?

Қыдырдың көлеңкесі көпке шықты,

Табынан таймай тұрған табан бар ма?

Жақсы сөз жаман болып көрінеді,

Елдегі шауып жүрген надандарға.

Әрекет аралады елдің малы,

Таусылып тамам болды көптің бәрі.

 

Құданың әрне қылса ерік өзінде,

Әркімнің қаңғып қалды алған жары.

Той қылып ат шаптырар өлік бар ма?

Жинайтын  өрлей шауып көлік бар ма?

Дариға өткен күннің бәрі кетті,

Ат үсті бозбалада желік бар ма?

Бұл күнде бозбаланың жыны кетті,

Ет жейтін үй есептеп қарияның,

Белінен салақтаған қыны кетті.

Сырға төс, сылдыр моншақ сұлу қыздың,

Япырм-ай, шекпен киіп сыны кетті.

Жалғыз-ақ таулар менен тастар бүтін,

Көтінен иесінің шықты түтін.

Сыр кешкен сыңар аяқ қарақтарым,

Аузыңа татыттың ғой ана сүтін,- дейді.

Түскен бірде жақын інісінің үйіне келсе, інісі жүдеубас ақынды көріп ақыл айтады. Сонда Түскен: «Адасса адам, алғасса заман, ақылгөй болады алаөкпе надан»,- деп шығып кетіпті. Ойлап қарағанда, үй иесіне ғана емес, бүкіл қоғамға айтылған айып сияқты бұл өлең.

Кеңес дәуірінің бүкіл ақиқатын, оның жалған саясатын тап басып айтқан от ауызды, орақ тілді Түскенді түрмеде шірітуге асыққандар да көп болды. 1928-29 жылдары Түскен Ақмола түрмесінде жерлестері Телғозының Шонының Ахметжаны, Алсай-Қайыптан тарайтын Таусеңгірұлы Қошанмен (әнші Игілік Омаровтың үлкен әкесі) бірге жатады. Шоңның Ахметжаны да ақын. Түрмеде жатып Түскен «Ермек» деген поэма жазады. Оқиғасы – Еңлік-Кебекті өлтіргенде бесікте қалған сәбидің тағдыры. Абақтыда отырып «Түрмеден хат», «Заһира, жаным Күлайша», «Елтайға арыз» деген өлеңдер жазған.

Ақмолалық ақын Ахметтің Исасы мынандай бір болған жайтты айтады. «Жаз айында мал айдағандай 1200 тұтқынды Қарағандыдан Ақмоланың түрмесіне айдап әкелді. Ішінде Түскен ақынды таудай тұлғасынан бірден танып, сөз дәметіп: «Түсеке, мына бассыз басшыларға бірдеме демейсіз бе?»,- дедім.

– «Аптығымызды басайық, ертең хабарлас»,- деді Түскең.

Түрме іші лас, сасық, құжынаған қандала, егеуқұйрықтар мысықша шұбырып жүреді. Асымыз – қара нан, қара шай. Колонна бастығы жаңаарқалық Қыдырәлі деген жігіт екен, ертеңіне Түскең уәдесінде тұрып, маған: «Ана бастыққа апарып бер»,- деп, төрт бүктелген қағазды ұстатты.   Мені хат танымайды деп ойласа керек, былай шыға хатты ашып оқысам төте жазуменен былай деп жазған екен:

Ассалаумағалейкүм, Қыдырәлі!

………………………………………………

Бас айналып, ауызға сөз түспейді,

Өзіңе белгілі ғой тұтқын халі.

Сенің кей уақ уәждерің олай емес,

Кей  жерлері законға орай емес.

Ұрыспай, ақырмай-ақ, түзетпес пе,

Мұндағылар шошқаның торайы емес!

         Апарып бердім. Ол кім жазды деп сұраған жоқ. Оқып, басын шайқады. Іші сезіп тұрса керек кім жазғанын. Содан не керек, Түскеннің осы өлеңінің арқасында ауызымыз аққа жарыды. Жан-жақтан ағыл-тегіл ет пен қымыз, мол тамақ келе бастады».

Түскеннің қарындасына жазған:

Кел қарағым, қарағым,

Қайғыны қолға аламын.

Елім десем егіліп,

Емен сүйегім езіліп.

Зердесіз ер зерігіп,

Хат бетіне қаратпай,

Жаңбырдай жасым төгіліп,

Қарындасым қандасым,

Саламат жүр ме мал басың?

Тірі жүрсе бұл ағаң,

Жазар-ау әлі жалғасын, – деген жыр жолдарынан тұратын өлеңі болған.

Түскеннің Рахила атты қарындасы от ауыз орақ тілді, айтысқан адамның бет-жүзіне қарамай айтып салатын суырыпсалма ақын болған екен. Жағалбайлы елінде бір асқа атақты Сапалай ақын келіп, ел ақсақалдары екеуін айтыстырыпты. Сонда Сапалай сері Рахиланың тік мінезін бетіне баспақ болып:

Рахила, тісің әппақ маржандайсың,

Тұныққа еркін жүзіп тайраңдайсың.

Қоймасаң мына жаман әдетіңді,

Басыңнан бағың кетіп арзандайсың,- дей бергенде Рахила:

Сапалай, сен кімсің деп сұрамайсың,

Мініңе басыңдағы қарамайсың.

Өз мінің асқар таудай бола тұра,

Біреулердің қылығын қаралайсың.

 

Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген,

Жақсыдан жаман туса оңбас деген.

Иттің боғын мақтасаң, қыл шығады,

Шешеңізден бір кінә болмас па екен?!

 

Өз есімім Рахила, әкем – Сарбас,

Сарыбай мені тастап ешкімді алмас.

Әркімдер танығанын ала берсе,

Белгілі, Исатайда бала қалмас,- деген екен.

Бұл арада Исатай болыстың соңғы аққолтық тоқалы жүріс жүреді деген ел арсында өсек болса керек. Рахила соны меңзеп отыр. «Рахиланың ақындығына тәнті болған Жағалбайлының игі жақсылары астына ат мінгізіпті»,- деседі қызылжарлық көнекөз қариялар.

«Адам өз көлеңкесінен өзі қорыққан заман ғой. Түскеннің түрмедегі беделі керемет болады. Оның алдында орыс-қазағы артық-ауыс сөз айтпайтын болыпты. Ондайларды Түскен қағып жіберетін. Бойы екі метрге жуық, денелі, саптама етігін шешкенде ішіне бір бала сыйып кететіндей еді»,- деп суреттейді Иса ақын Ахметов.

Отырғандардың рухын көтеру үшін Түскен ақын жігіттерге білетін жыр-дастандарын айтқызып, күй тартқызып, ал ондай өнерпаздарды 1-2 күн жұмыстан босатады екен. Ахметтің Исасы 17 дастанды жатқа білетін адам болғандықтан оған көп жеңілдік жасайды. Исаның  талантына риза болған Түскен ақын оған өлең арнайды.

Ақын інім Ахметтің Исасына:

Ақ сөзге құлағың тос, ақын інім.

Ой-пікір, рухымыз жақын інім.

Ағалық правомды қолыма ұстап,

Келемін айтайын деп ақыл, інім.

Өзімді ағамын деп үлкейтемін,

Онымды көремісің мақұл, інім?

Жай жатсаң жаңылмайсың, адаспайсың,

Күресте кім кетпейді қапыл, інім?!

Доңыздай толғамай жеп семіргендер,

Сый қылып  сақалдыға жатыр, інім.

Өзіңді тыңдатайын десем жұртқа,

Ет асып, қымызыңды сапыр, інім.

Ет пенен қымыз беріп сөйлеп кетсең,

Айтқаның жұртқа балдай татыр, інім.

Ақылың Платондай болса дағы

Тыңдамас онсыз ешкім, пақыр інім.

Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді,

Осылай көп шежіреде көрінеді.

Саны көп, сапасы жоқ қампиған бос,

Ғылымға мойынсұнбай сүрінеді.

Болмайды кемшіліксіз ешбір халық,

Бәрінен кейін қалған қазақ ғаріп.

Басқа жұрт біз сықылды жалқау емес,

Ғылыммен қараңғыны етер жарық.

Түрме әкімшілігі Түскеннің беделінен қорқып оны Қырғызстан түрмесіне аударып жіберді. Сонда кетіп бара жатқанда шығарған өлеңінде:

Ет жүрек елеңдеумен жабығып тұр,

Қан басқан қара жүрек қабынып тұр.

Өмірімнің өркешін өрт шалғандай,

Жігері жігіттіктің жабығып тұр.

 

Тұманы басымыздан кете алмай тұр,

Сопылық тілегімізге жете алмай тұр.

Тағдырдың жазуына душар болып,

Ісіміз жақсылыққа бет алмай тұр.

 

Сұм өмір, сұлу дүние, алдадың ба,

Тән арып, тамырда қан қалмадың ба?

Жақының жақсы болған жау боп шығып,

Мейірі мерекенің қалмадың ба?

Жан қиған жайшылықта жақын досың,

Танып тұрсаң көздің қырын салмадың ба?

 

Қалыби[1] деген баланы хатқа жазған,

Сертіңнен сері күнде таймадың ба?!

Әзелде алысқа ұшқан дәм мен тұзым,

Жолдарға топырақ ұшқан айдадың ба?

 

Қомағай, қорқау қасқыр қойнын ашып,

Қапаға қайғымен қан жалғадың ба?

Түлкідей түрі қызыл еліктіріп,

Қайғысыз қанжығаңды қамдадың ба?

 

Жүрегім, асқазандай қайнадың ба?

Тәтті жан, өлімге бас байладың ба?

Ен жарыққа тоймайтын екі көзім,

Телміріп терезеден жайнадың ба?

Бұлбұлдай қамаудағы бұлтаттырар,

Қапаста, қайран көңілім, сайрадың ба?

Ғаламның он сегіз мың падишасы,

Рахматыңмен көз жасын шаймадың ба?

Сыйқырлы сұм дүние, алдадың ба?

 

Қуандым, құмарландым құдай куә,

Бір жанды сенен басқа ұнаттым ба?

Сен үшін туғанымды жат қылып ем,

Қайырлы қам көңілді жұбаттың ба?

Түзде қалған пенденің жүзі осындай,

Баламды балапандай шулаттың ба?

 

Бейнеттің қамытына жегілдің бе,

Тұрмыстың толқынынан жеңілдің бе?

Тепкенде темір үзген есіл күшім,

Құрт жеген қу ағаштай үгілдің бе?

Сусымалы, сұрқия, сұм дүние,

Ажалдың алдауына түсірдің бе?

 

Қайғыдан қабақ қатты, аздым-тоздым,

Табаны тайғаннан соң тарлан боздың.

Атыңнан айналайын, қайран елім,

Алыстан хабарласып, қолым создым!– деген екен[2]. 

Түскен екі әйел алған. Бәйбішесі – Күлайша, тоқалы – Заһира. Күлайшадан Зияда, Шаһизада деген екі ұл, Қанипа, Қалипа деген екі қыз туған. Зияда 1930 жылдары Мәскеудегі кооперативтік институтты бітіреді. Оның баласы Еріктен бір ер бала, екі қыз туған. Шаһизадасы Ұлы Отан соғысынан оралмаған. Қанипасынан туған жиендері Жамбыл облысы жағында, Қалипа Өспенде тұрған.

Еңбекшіл мойынсерігінің бастығы Барқы-Құлғара атасынан тарайтын Сейсенбайұлы Әбсәдір Түскеннің Жаңаарқадан кетуін былай дейтін: «Түскен 1937 жылы біздің мойынсерікте қырман күзетшісі болды. Сәкеннің ұсталғанын естісімен Түскеннің берекесі кетіп, «Сәкенді жау деп ұстаған бізді қай оңдырушы еді, бізге де кезек келетін шығар» деп күйзелді. Бұрын Сәкенді аузына алмайтын. Содан балдызы Дәулетбекке қашайық депті. Дәулетбек Түскеннің үлкен әйелінің інісі, яғни балдызы. Ол «мен ешқайда кетпеймін» депті. Содан Түскен бір түнде жоқ болды. Екі қоржын басы толы жазған өлендерін өзімен бірге ала кетті. Кейін Петропавл қаласына барған жерінде ұсталыпты дегенді естідік. Түскен кеткен соң 15 күннен кейін Сәкеннің әкесі Сейфолла, құрдасы Құсайын мен Түскеннің балдызы Дәулетбек те ұсталған.

Төменде заманының ауыр мехнатын бастан өткерген, бірақ ақындық адалдығына мін түсірмеген Түскен шайырдың бір төп өлеңдерін қоса ұсындық. Осы өлеңдердің өзінен-ақ Түскеннің ақындық қуатын тануға болады.

 

Моллаларға

Басында – сәлде,

Аузында – Алла,

Моллалардан не қамал?!

Көздерін сүзіп,

Түстерін бұзып,

Алдап жимақ жұрттан мал.

Молла сатса тиынға,

Ол Алла емес сиынба.

 

Жұмақтың кілтін,

Алланың мүлкін,

Аламын деп қорлама.

Еңбексіз ит жер,

Бейнетсіз бит жер,

Берсең де бер моллаға,

Ақшаға жұмақ жалдама!

 

Қиял

Жеті атамның желі қаққан жерлері,

Нәсілінің зираттары қойылған.

Емханада сарғаяды біз ғаріп,

Қатын – жесір перзент шыққан қойыннан.

Сарыарқаның сазға біткен талы едім,

Жанаспайтын тауға біткен жал едім.

Түс тәрізді бәрі жалған, белгісіз,

Сөз таба алмай отырамын не дерім?!

Қабыл болмай қаламың да қағынды,

Желдей қудым желеңдеген сағымды.

Жайраңдаған жас жаныма жара сап,

Таңырқатып, тағдыр, саған не қалды?!

 

Қалекеңе[3]

Жанға батты жалмауыз кәрі заман,

Талайды таңырқатып, бермей иман.

Сусымалы, сұрқия, сұлу дүние,

Ажар беріп алдауға қандай маман?!

Мың түрлі айласымен аузын ашып,

Жанасып жақындайды бізге таман.

Өткенін өміріңнің өлшемейді,

Қайғыдан хабары жоқ біздей надан.

Қайғыдан қабақ қатты, азып-тоздым,

Табаны тасырқады шаңқан боздың.

Атыңнан айналайын, Алтай-Қарпық,

Алыстан амандасып, қолым создым.

 

Түрмедегі өлеңі

Биіктер асуы мол белең келді,

Жүйрікті арқан шалып, көбең келді.

Қайғымен қапаланып жатқанымда,

Ауызға бір-екі ауыз  өлең келді.

Ауданда тұтқын болып он күн жаттым,

Алланың берген ырзық дәмін таттым.

Астымда жатар жерде төсеніш жоқ,

Тоң жерде топыраққа белден баттым.

 

Атамның көргенім жоқ дәулет-бағын,

Кез қылды кер заманға жастық шағым.

Бір күні тәтті ұйқыда жатыр едім,

Мезгілсіз есік қақты таңға жақын.

 

«Вставай, одевайся, байлар»,- деді,

«Шүйделі жуан қарын, майлар»,- деді.

Қолында винтовкасы, жалаң қылыш:

«Байды көрсек қанымыз қайнар»,- деді…

 

Қоштасу

Жас қызығын жайлап көрдім заманның,

Шал болғанда шаңын бастым қалаңның.

Қайда сенің қарындасың қаламқас,

Тебіренбейсің, тілім, саған не қылдым?

 

Аман-сау бол, ата қоныс мекенім,

Көрдім, білдім құдыреттің күшті екенін.

Көргенімше саламат бол, сағындым,

Қылды, тынды тағдыр өзі дегенін.

 

Құрбы-құрдас, аға-іні, жеңгелер,

Сағынғанда сазып жүрек сенделер.

Кемпір мен шал, келін-кепшік, аман бол,

Адам – арба, тағдыр қақса дөңгелер.

 

Өлсем қалмас туған жерім ойымнан,

Аманат жан ада болмай бойымнан.

Қыдырғанда қазір басқан мекенім,

Көрсем қайғы жүрегімнен жойылған.

Аясында арық малдар асыр сап,

Қалтылдаған қыс ішінде тойынған.

Сайраңдаған қайран жерім, қалдың ба

Қош айтысып сауық-сайран ойыннан?![4]

 

Серік Оспанов,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі,

әнші, өнер зерттеушісі.

 

 

[1] Қалыби – қан шығарып сеттесу дегенді білдіретін сөз.

[2] Деректі берген – ақмолалық шежіреші Бөлеген Мұхамедин ақсақал.

[3] Қалеке – Қалмағамбет ақсақал. Әбілдин Әмзе, Қамзенің әкелері, алсай руының қадірлі ақсақалы.

[4] Бұл өлеңдер ақын, жазушы, көнекөз қария Өмір Кәріп ақсақалдың архивінен алынды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button