Жаңалық Редакция таңдауы

Смайылов Астанада өтіп жатқан халықаралық форумда ел экономикасының жағдайы туралы айтты

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанада өтіп жатқан «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумына қатысты, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Үкімет

Ауқымды іс-шара барысында жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық тауар өндірушілер жалпы құны 58 млрд теңгені құрайтын шарттар мен оффтейк-келісімшарттарға қол қойды.

Форумның пленарлық отырысы басталар алдында Үкімет басшысы «Өндірісті локализациялау бойынша отандық тауар өндірушілердің болашағы мен мүмкіндіктері» атты цифрлық көрмемен танысты.

Көрмеде өңдеу өнеркәсібінің түрлі салаларында жұмыс істейтін барлығы 100-ден астам компания таныстырылды.

Премьер-Министр пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде Қазақстан экономикасы соңғы жылдарда сыртқы жағдайларға бейімделгенін және тұрақты өсу жолына түскенін баса айтты.

Үкімет пен Ұлттық банктің іс-шаралары арқасында инфляция 10,8%-ға дейін, яғни 2 есеге баяулады. Алдымызда әрі қарай инфляцияны төмендету міндеті тұр. Тиісті шаралар кешені шеңберінде отандық өндіріс көлемін ұлғайту – негізгі бағыттарының бірі, — деді Әлихан Смайылов.

Кәсіпкерлікті дамыту және оны қолдау – Үкімет жұмысының негізгі бөлігі.

Сондықтан бизнестің мәселелері Үкіметте «Атамекен» палатасымен бірлесе тұрақты түрде қаралып келеді.

Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 36,4%-ға дейін ұлғайды. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны биыл 14%-ға өсіп 4,3 млн адамды құрады, — деп атап өтті Премьер-Министр.

Сонымен қатар республикада бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі іс-шаралар қабылданып отыр. Мәселен, бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқарту үшін жаңа реттеуші саясат қабылданды.

Қазірдің өзінде 9 мың артық талап қысқартылды. Жыл соңына дейін тағы 1 мыңы қысқарады.

Премьер-Министр Үкімет республиканың барлық өңірінің орта бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізгенін айтты. Оларға жергілікті өндірісті ұйымдастыруға перспективалары жоғары өнеркәсіптік бағыттар ұсынылды.

Ол үшін инвестициялық заңнамада мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Бизнес өкілдерін өндірістерді локализациялау үшін белсенді жұмыс жасауға шақырамыз, — деді Премьер-Министр.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов қазақстандық қамтуды дамыту ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта қаржы бөлініп, мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.

Бизнес қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалануы керек. Үкімет өз тарапынан, Сіздердің барлық ұсыныстарыңызды, ой-пікірлеріңізді ескеруге дайын, — деді Премьер-Министр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button