Сократтан Дерридаға дейін
100 оқулық: «Философияның қысқаша тарихы»
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында аталған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іс жүзінде орын алып, әлемнің ең үздік деген кітаптары ана тілімізге аударылып жатқаны белгілі. Алдыңғы мақалаларымыздың бірінде Торе Янсонның (Tore Janson) «Тіл тарихы» (TheHistory of Languages) атты еңбегі туралы жазған болатынбыз. Бұл жолы Дерек Джонстонның (Derek Johnston) «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін» (A brief history of philosophy from Socrates to Derrida) кітабының қысқаша мазмұны айтылады.
Аталған оқулық ішіне тіршілікте миллиондаған жылдар бұрын қалыптасқан білім мен қоғамдық сананың формасы – пәлсапа немесе философия жайында және дүние жүзіне ең әйгілі 15 ойшылдың ол туралы көзқарасы жинақталған. Сондай-ақ автор Батыс философтарының басты еңбектерін, қалдырған теорияларын, сол дәуірлерде өмір сүрген көрнекті философтардың өмір тарихына кеңінен тоқталады. Көп кідірмей кітап туралы баяндауды басталық.
Дерек Джонстон оқулықтың кіріспе бөлімінде философия іліміне жалпылама түсінік беруге тырысады: философия дегеніміз не, қандай кезеңдерге бөлінеді? Пәлсапаның негізгі тармақшасы эпистемология, логика, метафизика, этика, саяси философия, эстетика және т.б. да бірнеше кезеңдерден тұратынын атап өтіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке түсінік берген.
Әлемде қаншама философтар бар, бірақ неліктер автор солардың ішінде тек 15-ін ғана таңдап алды деген ой қай-қайсысын болмасын толғандыратыны сөзсіз. Дерек Джонстон философтарды таңдаған сәтте үш өлшемді қолданған. Ол оны кітабында жазады. Ол қандай өлшем дейсіз ғой?! Алғашқысы: ұлы философтардың Батыста дәстүрлі ілімге айналып кеткен басты идеяларын оқырман қауымға түсіндіріп өту. Сол орайда ол белгілі бір философиялық бағыттан кем дегенде бір ойшылды қосуға тырысады. Философтардың саны шексіз екендігін өзі де мойындап, олардың барлығының есімдері мен қалдырған философиялық теорияларын бір еңбекке жазып, қалдыру мүмкін еместігін айтып, тек белгілі 15 ойшылға тоқталады. Сондай-ақ 15 санын өзіне ыңғайлы көретінін айтып өткен. Келесі өлшем нені айтады: кітаптың әр оқырманын алуан-түрлі философиялық бағыттардың негізгі ұғымдарымен таныстыру. Үшінші деп қолданған өлшемінде: өзінің қалауына, яғни жеке ой-пікірі мен ақылына, біліміне көбірек көңіл бөледі. Мына бір қызықты қараңыз: автор таңдап жазған 15 ойшылдың барлығын бірдей жақсы көремін деп айталмайтынын жазады. Оны тіпті арасындағы философтардың кейбірінің көзқарасы жалықтырып жіберген көрінеді. Соған қарамастан автор сол тұлғалардың әрбірі біздің қоғам үшін аса маңызды және біздің Батыс мәдениеті, өркениеті туралы түсінігімізді, санамызды қалыптастыруға ерекше әсер еткенін, бүгінгі қалпымызға жетуімізге зор үлес қосқанын ерекше атап өтеді. Кіріспе бөлімнің соңында автор көпшіліктен кешірім сұрағандай қалып танытады. Неге десеңіз: ол тек бәріне белгілі ойшылдардың есімін атап, ұмыт қалып бара жатқандарды өз еңбегіне қоспады. Керісінше көптің арасында аттары аталмай жүргендерді қосуы керек еді деген секілді ренжу сезімдері пайда болатынына көңіл бөліп, «Менің айтарым: қолымнан келгені осы болды. Кітаптың құрылымын біркелкі етуге шамам жеткенше тырыстым», – деп жазады.
Сонымен сан мыңдаған философтардың арасынан ерекше деп танылғандардың есімдерін білгіңіз келіп отырған болуы керек, иә?!. Қалыпты жағдай деуге негіз бар. Бір жағынан әйгілі философ деген соң шамамен оның бірнешеуін болжап отыруыңыз да ықтимал.
Әлемге әйгілі, ұлы ойшылдардың ең алдыңғы қатарында, әрине, Сократ, Платон және Аристотель тұратыны айтпасақ та түсінікті. Келесі тізімде тұрғандар: Эпикур мен Зенон, Акуинолық Томас, Рене Декарт, Локк және Монтескье, Бенедикт Спиноза, Дэвид Юм, Иммануил Кант, Карл Маркс, Фридрих Ницше, Людвиг Витгенштейн, Мартин Хайдеггер, Жан-Поль Сартр, Жак Деррида.
15 ойшылдың 15 түрлі ойына кезек берелік:
1. Сократ пен Платон: от пен күн
Біздің заманымызға дейінгі 5 ғасырда өмір сүрген қос философтың қысқаша өмір жолдарын жаза кетіп, артынан олардың философияға қосқан үлесін айтады. «Ізгілік – басты құндылық» деген қағидатты өмірлік ұстанымы еткен Сократ ғылыми жаңалықтарға қарағанда, этикалық мәселелерге көп қызығады. Оның пікірінше, ізгілік ол – білім. Сократ өз еңбектерінде өзгенің айтқан пікірін көбірек сынайды. Ал Платон бұл кеңістікте қалып қоймайды. Ол өз философиялық жүйесін қалыптастырған тұңғыш философ болды. Платонның көзқарасы бойынша, білім алған билеуші ұсақ болмайды. Яғни ол адамның өзі үшін білімге құныға ұмтылуын қолдайды.
2. Аристотель: ақылды пайымдау
Мұнда Аристотель адам жанының ең жоғары белсенділігі ойлануда көрінеді деген пікірде болғаны, оның пайымдаулары біз үшін тым жат екендігі, «Этикасы» өткен ғасыр мен осы ғасырдың тоғысуында жаңаша мәнге ие бола бастағаны, оның саясатқа көзқарасы ескіріп өзінің өзектілігін жоғалтқаны айтылады. Адам сенгісіз зор парасат иесінің бүкіл Батыс Еуропаның тұтас мыңжылдық ойлау салтын анықтап бергені және оның жазбалары жүйелі, салиқалы, қазіргі тілмен айтқанда профессор секілді жазғандығы баян етіледі.
3. Эпикур мен Зенон: жақсы өмірдің сыры
Эпикур мен Зенон туралы бұрын-соңды еш жерден естімеген болсаңыз, алдымен таныстырудан басталық. Эпикур мен Зенон грек философиясының кейінгі кезеңінің өкілдері болып табылады. Эпикур дүниедегі бар зат материядан тұрады деп есептеген. Ол гедонизмнің іргелі идеялары екі бастауға бөлінеді деген. Алғашқысы: адамзаттың іс-әрекеттерін психологиялық тұрғыдан сипаттау, яғни оның ойынша адам қандай болса да, оның іс-әрекеттері рақаттануға ұмтылысынан туындайды. Екінші бастау: адам баласы рақат алуға ұмтылуы тиіс деген пікір. Ал Зенон стоицизм мектебінің негізін қалайды. Стоицизмнің Эпикур ілімінен айырмасы: тарихта оның әртүлі нұсқалары болған. Оны циниктердің философиясы қызықтырады. Зенонды Сократтың сот уақытындағы өзін-өзі ұстай білуі, өлімге кесу үкімін естіген сәтте сабырлық танытуы, байлық атаулысына менсінбеушілікпен қарауы айрықша таңқалдырады.
4. Акуинолық Томас: нақты дүниені бірыңғай түсіндіру
Дерек Джонстон Акуинолық Томастың философиялық ойларын Аристельдікімен ұқсас деген пікір айтады. Оның философиясынан ерекшеленетін тұсы тек Аристотельдің теориялық ойларын христиандық апологетикаға бейімдейтіні дейді. Автордың айтуына қарағанда ол Аристотельдің еңбектерін өте тереңнен түсіне, сезіне білген. Сол себепті болар көпшілік Акуинолық Томасқа ұлы ойшыл дегеннен гөрі жүйелеуші деген ат береді. Айта кетейік: қазіргі уақытта Акуинолық Томастың философиясы Рим-католик шіркеуінде ерекше маңызға ие.
5. Рене Декарт: жүйелі күмәндану – философиялық әдістің бір түрі
8 жасында Ла Флеш иезуит колледжіне оқуға жіберілген Декартты әлем халқы осы күнгі философияның негізін қалаушы ретінде жақсы таниды. Автор дәл осы пікірді әділ деп санайтынын жеткізеді. Декарт философиялық еңбектерінде ақылға сүйене білген және ол өзінен әріде өмір кешкен философтардың беделіне сене беруден бас тартады. Және оған Декарт философияны жаңадан дүниеге әкелгендей болып көрінеді.
6. Локк және Монтескье: либерал мемлекет
Автор толықтай бір тарауды екі философқа арнағанмен, екі ойшылдың да философиялық көзқарастары екі түрлі екені айтылады. Джон Локктың өзі өмір сүрген кездегі орын алған нақты құбылыстарды заңды және дұрыс болды деп пайымдайды. Ол қоғамдық игілік ұғымына айрықша көңіл бөліп қарай қоймады. Оның философиясы адамзатты тереңнен ойлануға мәжбүрледі десек те қате емес. Ал Монтескьеге келсек, ол табиғи құқыққа негіз болған теориялық принциптерді жасап шыққан. Оның идеялары көбінесе Рим республикасын идеалдандырудан туындады. Сондай бір көзқарастарынан туындайтын ерекше идеясы: құқық – факторлардың тұтас кешенінің әсерінен пайда болып, дамиды дегені.
7. Бенедикт Спиноза: тиянақты ой және байыпты тұжырым
Автор кезекті философ туралы тарауын былайша бастайды:
«Спиноза жеккөрінішті атеист деп те, санасына тек Құдай ғана ұялаған діндар деп те сипатталады. Бір адамның бір уақытта осындай екі түрлі болуы, әрине, мүмкін емес. Шын мәнінде, Спиноза өз бойында Құдайды, табиғатты және адамдарды қамтитын біртұтас рухани тұтастықты қалыптастыруға талпынған рационалды пантеист еді. Оның дәлелдері өте дәл және жүйелі болатын. Олар көп жағынан алғанда Евклидтің теоремасына ұқсас-тұғын», – дейді. Бұдан шығаратын түйін: Спиноза философиялық ойлар мен дінді бір ұғым деп санады, сондай-ақ ол осы тұжырымды өмірлік ұстанымы қылды. Спиноза билікке ешқашан ұмтылмай, өте қарапайым болған.
8. Дэвид Юм: эмпирикалық растау
Дэвид Юмның пәлсапасына келсек, ол «менде өз «менім» туралы ешқандай да әсер болған жоқ» деген ойда болды. Юм білімнің үнемі рационалды емес екенін түсіндіруге тырысқан-ды. Яғни оның ойынша, білім тиімсіз және сол үшін де біз ештеңе білмейміз дегенді жеткізді.
9. Иммануил Кант: Ақылға сын
XVIII ғасырдың ұлы ойшылы Канттың теориясында адамзаттың зердесін таза интеллектуалдық тұрғыда қолдану қате істерге әкелетіндігі айтылады, яғни оның тұжырымдамасы осылай болды. Әйгілі философтың теорияларын сынаушылар тарапы өте көп деседі. Оның адамгершілік турасындағы ойын көпшілік жетілмеген деп те айтқан. Сонымен қатар кейбірі Канттың уақыт және кеңістік жайында жазылған философиялық теориясын артық субъективизмі үшін айтарлықтай сынға алады.
10. Карл Маркс: тарих үдерісі
Карл Маркс туралы ең бірінші айтатын дүние: оның көзқарастары ХХ ғасырдың философиясына ерекше ықпал етті. Саяси белсенділігі мен ұйымдастырушылығынан гөрі Карл Маркстің философтығы басымырақ болды. Ол өз теорияларында тарихи зерттеулерге айрықша мән беріп, тереңнен талдау жасай білді. Философ капитализмнің әлеуметтік ортаның бұрмалы сәттеріне үйренісу қабілетін едәуір бағалай қоймады.
11. Фридрих Ницше: Билікке құштарлық
Ницшенің философиясын ерекше деп атауға әбден болады. Өйткені оның теориясы адамның ақыл-ойын қалыптастырып, сана-сезімін оятуға негізделген. Оның ұмтылысы өзгеше, яғни «басқаша ойлау» еді. Ницше өткен заманнан қалған ойлармен қарым-қатынасын үзіп, жаңаша ойлау жүйлерін пәлсапаға енгізуге тырысты, батыл қадам жасай білді. Оның басқалардан өзгешелігі де, міне, сонда: Фридрих Ницшенің ешқашан дайын шешімдер шығарып, жүйе қалыптастыруға уақыты болмады.
12. Людвиг Витгенштейн: тіл және нақты дүние
Автор Витгенштейннің қалың жртшылық айтатын қасиеттерін еске алып, оны «күрделі» философ дейді. Оның айтуына қарағанда Людвиг Витгенштейн екі бірдей ілім ұсына білген ұлы ғұлама. Ол қандай ілім болды дейсіз ғой: логика және тіл. Иә, ойшылдың қызығушылығын оятқан мәселелер осы екеуі. Витгенштейн «аналитикалық философия» немесе «лингвистикалық философия» атты салаларға айтулы үлес қосты. Витгенштейннің көзқарасы бойынша, философияның мақсаты адам ойын логикалық тұрғыдан тазалау және айқындау болып табылады.
13. Мартин Хайдеггер: біз болмысты ұмыттық
Дерек Джонстон ерекше деп атап, еңбегіндегі таңдаулы 15 философтың тізіміне енгізген ойшылдардың қатарында жұмбақ тұлға да бар. Дәл осы Мартин Хайдеггер өткен ғасырдың ең жұмбақ, теориялары ең көп талас тудырған парасат иелерінің ішіндегі бірегейі болды. Ал оның мақсатына келсек, Хайдеггер талдауды іс жүзінде жүзеге асыруды талап етті. Алайда ол адамның мәніне феноменологиялық талдау жасаудың шеңберінен шыға алмайды. Сондай-ақ Мартин Хайдеггер де қатаң сынға ұшыраған философтар қатарынан табылады.
14. Жан-Поль Сартр: экзистенциалистің азабы
Экзистенциализм ұғымы. Ол – метафизиканың белгілі формасы. Аталмыш форманың кең көлемде тарауына себепші болған Жан-Поль Сартр. Сартр философия ғылымына өзіндік орын қалдыра білген ірі ойшыл. Оның артынан ерген шәкірттері де өте көп болды. Сартр философиясы адам дегеннің не екені жөнінде айтады. Автор ойшылдың өмірге қатысты ойы тым сұрқай болғанын жазады. Оның зерттеулері тұтас бір дәлдіктен тұрмайды.
15. Жак Деррида: нақты дүниені деконструкциялау
Бұл тарауда Деррида философиясының негізгі ерекшелігі ақиқаттың немесе абсолютті құндылықтың болуын теріске шығаруында екені барынша жеткізіледі. Сонымен қатар оны біреуі «өз заманының ұлы философы болды» десе, енді біреулері оның көзқарасы ерекше мәнге ие екенін және философиялық зерттеулердің тізіміне жататынын теріске шығаратынын айтады. Автор осының әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, түсіндіруге талпынады.
Сонымен автор үшін ең үздік болып табылатын 15 ұлы ойшылдың философиялық көзқарастарын қысқаша айтылды. Оқулықтың қорытынды бөлімінде Дерек Джонстон оқырмандарына кітапты оқу арқылы әлемге әйгілі философтардың қозғаған тақырыптарын тереңнен ұғынып, жақсы баға береді деген авторлық үмітін білдіреді. Сондай-ақ оқушы қауымға философия ілімінен енді хабардар боларсыз дегендей зор сеніммен қарайды.
P.S: Адамзат философия атты ескі ғылым саласымен сонау 2500 жылдан астам уақыт бұрын таныс. Соған қарамастан дүние жүзі халқының басым көпшілігі дерлік философияның нақты анықтамасын таба алар емес. Философия – біздің әлем. Қоршаған орта, дүниенің мәні, ондағы өмір кешіп жатқан тіршілік иелері, бәрі-бәрі тұнып тұрған философия. Бұл ғылым сонысымен күрделі. Себебі өмірдің өзі сан тараптан тұрады. Автор осының барлығын дүйім жұртқа барынша жеткізуге тырысады. Егер де шежіресі қалың филисофияның мазмұнымен, оны зерттеуге талпынған, сол ілімге айтулы үлестерін қосқан ұлы ойшылдар есімімен өзіңізді таныс қылғыңыз келсе, аталған кітапты оқысаңыз болады. Күрделі мәселелерді талқылайтын күрделі ғылым туралы толық бір оқулық жазып, шығару, әрине, жеңіл іс емес. Осы орайда жазушыға үлкен алғыс білдіріп, оқырмандары көбейіп қана қоймай, ең бастысы – түсініп оқыса екен деген ыстық лебізімізді білдіргіміз келеді.