Жаңалық

Сөз додасы мәресіне жетті

Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен «Біржан мен Сара» атты сөз додасына алғаш қадам басқан жас ақындардың онлайн айтысы мәресіне жетті.

Үш күнге жоспарланған айтыста аймағымыздан 18 жас айтыс ақыны қатысып, бақтарын сынады. Сөз додасына қатысқан үміткерлердің өнері мен өрлігін Ермек Келемсейіт, Раушан Жәнібекова, Әміре Әрін, Айтақын Бұлғақов, Қаныша Райсова, Серік Әбікенұлы, Жемісбек Толымбеков, Қажет Андас, Сағыныш Намазшамова сияқты әр саланың білгірлері бағалап, артықшылығын алқап, орын алған кемшіліктерді көрсетті. Ел-жер тарихы, айтыс өнеріндегі ұлы тұлғалардың еңбегін жаңғырту, Тәуелсіздік жетістіктерін өлеңмен өру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында қазақ халық шығармашылығын насихаттау және дамытудағы жастардың рөлін барынша көрсетуді мақсат еткен айтыс іріктеу кезеңі, жартылай финал және ақтық сын сияқты үш кезеңнен тұрды.

Айтыстың шартымен сахнаға шығатын әр жұп жеребе тарту әдісі бойынша жұптастырылады. Олар 20 минуттың ішінде өз ойын толық жеткізе білуі керек. Сондай-ақ, үміткерлер киім үлгісі, дауыс мәнері, өзін-өзі ұстауы және айтыс мәтінінің көркемдік деңгейі, суырыпсалмалық, ойының ұшқырлығы, білімінің тереңдігі, сөз өткірлігі, тапқырлығы, қарсыласына ұтымды жауап қайтару шеберлігі, берілген уақытты тиімді пайдалануы, тақырыпты аша білуі сияқты талаптар бойынша бағаланады. Айтыстың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгеден асады.

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген игілікті істер атқарылды. Ұлттық құндылықтарымыз түгенделіп, ұлттық рухымыз жанданды. Айта берсек, жетістік жетеді. Сол қатарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жетілдіре түсу үшін облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен облыс орталығында алғашқы болып «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі құрылып, көптеген жоба жүзеге асырылып, жұрттың ықыласына бөленді. Біз осы арқылы халқымыздың төл өнерін жастар арасында насихаттап, елдік рухымызды көтергіміз келді. Айтыс барысында сол мақсатымызға жетеміз деген ойдамын», – дейді «Біржан мен Сара» (Ақиқат, салмақты сөз – айтыстан туады) айтысын ұйымдастырушылар.

Жетісудың жер-жерінен іріктелген жас ақындар айтысының ақтық кезеңінде бас жүлдені Райымбек ауданның ақыны Жәнібек Аят, жүлделі І орынды Талдықорған қаласының ақыны Айдарәлі Жанатбек, ІІ орынды Кербұлақ ауданының ақыны Дастанұлы Ақыт, ІІІ орынды Талғар ауданның ақыны Әбитилда Нұрислам иеленді. Жүлдегер ақындарға облыс әкімінің орынбасары Рустам Алиұлы атынан ақшалай сертификаттар мен Алғыс хаттар табыс етілді.

Алматы облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button