Жаңалық

СҚО-дан он төртінші ғасырдың монетасы табылды

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Уәлиханов ауданында орналасқан «Қызыл оба» қорымындағы қазба жұмыстары кезінде екі ересек адамның және екі баланың моласы табылды.

Сондай-ақ археологтар осы молалардың бірінен Алтын Орда дәуіріне тиесілі күміс ақшаны анықтаған. Бұл XIV ғасырға тиесілі жәдігер. Монеталарда арабша жазу бар. Және оның екінші бетінде 1337 жыл көрсетілген. Бұл сол кездегі қазақ даласын мекендеген халық ислам дінін ұстанғанын аңғартып отыр. Жалпы айта кету қажет, «Қызыл обадағы» қазба жұмыстары былтыр басталған.

Екі жылда ғалымдар 700 шаршы метрден астам аумақты зерттеп үлгерді. Енді болашақта бұл жерді туристік орталыққа айналдыру көзделіп отыр. Ол үшін білім министрлігімен бірлескен жоба құру жоспарда бар.

Тимур Смағұлов, археологиялық экспедицияның жетекшісі:

Табылған монеталарды танымал ресейлік нумизмат Павел Петров XIVғасырдың 30-жылдарына тиесілі екенін дәлелдеді. Және ол Өзбек хан тұсында жасалған екен. Жалпы осы Алтын Орда  дәуіріне қатысты деректер кітаптарда өте аз. Сондықтан алдағы уақытта осы жерден әлі талай тарихтың жаңа беттері ашылатынына сенімдімін.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button