Жаңалық Редакция таңдауы

Студенттер арасында І Республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтеді

2022 жылдың 12 қазан күні Абай атындағы ҚазҰПУ-да студенттер арасындағы І Республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтеді.

Байқауға еліміздің әр өңіріндегі 10-ға жуық жоғарғы оқу орнынан 20-ға таяу студент қатысады. Шешендік сайыс 2 бөлімнен тұрады. «Аламан» деп аталатын І бөлім екі кезеңге бөлінеді. 1-кезеңде қатысушылар жеребе арқылы тақырып таңдап жарты сағаттық жекпе-жек түріндегі шешендік сайысқа түседі. Онда көркемдік, жүйелілік, нақтылық, ой ұшқырлығы, тіл тазалығы, дауыс мәнері, сахна мәдениетін сақтауы, т.б. сарапқа салынады. Осы бөлімнің 2-кезеңінде би-шешендердің сөзін жатқа айтудан жарысады. Бұл бөлімнен оза шапқан 10 қатысушы жүлдеге таласатын «Жүзден жүйрік» бөлімінде өнер көрсетеді. Екінші бөлім де екі кезеңге бөлінген. 1-кезеңде жеребе арқылы бір тақырып аясында суырып салма шешендігін паш етсе, 2-кезеңінде шешендікке қатысты логикалық сұрақтарға(астарлап сөйлеу, тұспалдап сөйлеу, жұмбақтап сөйлеу, т,б) жауап береді. 2 бөлім, 4 кезеңнің қорытындысы бойынша жүлдегерлер анықталады.

Шешендік сайысты өткізудің басты мақсаты: жаңа буын, жас ұрпақты тіл тазалығын сақтауға, мемлекеттік тілді мейлінше жетік білуге ықпал ету, шешендік өнер арқылы білімгерге сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын меңгерту, жүйелі сөйлеу дағдысы мен сөйлеу шеберлігін шыңдау; сөз құндылығын бағалауға, тәрихи-мәдени және ұлттық болмысын тануға, этномәдени тәрбие беруге, сол арқылы әдеби тіл нормасына сәйкес мемлекеттік тілді қолданудың жаңа деңгейін қалыптастыру.

Жеңімпаздар бас жүлдеге 150 000тг, 1-орынға 100 000тг, 2-орын(екеу) 70 000тг, 3-орын(үшеу) 50 000 теңге қаржылай сыйақы алады.

Байқауды «Атамұра» корпорациясының қолдауымен Абай атындағы ҚазҰПУ, «Ділмар» шешендік үйірмесі және Медеу ауданы жастар ресурстық орталығы ұйымдастыруда.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button