Сүйек жаңғырту қандай дәстүр?
Сүйек жаңғырту — бұрын құда болған кісілердің қайтадан құдалықты жалғастыруы.
Қазақтың бұл салт-дәстүрі ерте заманнан келе жатыр. Ол екі жақтың келісімімен орындалады.
Прагматикасы:
«Қазақтың некеге қатысты тағы бір жақсы салты – сүйек жаңғыртып, құда болу. Мұнда құдандалы болған әулет ұзақ уақыт өткен соң, туыстық байланысты үзбеу мақсатында бір-біріне қыз беріп, қыз алысатын болған. Екі әулеттің барыс-келісі азайған қатынасын қайта жиілетер сүйек жаңғырту дәстүрінің мән-мағынасы мол», – дейді белгілі этнограф Байахмет Жұмабай.
Осы орайда рулық ерекшеліктерді ескерудің маңызын атап өткеніміз жөн. Себебі ата-бабаларымыз жиендік не нағашылық қатысы жоқ туысқандарды ғана бір-біріне үйлендірген. Дәстүр әке жақтан алыстап кеткен ағайындарға қолданылмайды.
«Сарысүйек құдалар» деп кімдерді атайды?
Қазақ ежелден құда-жекжаттығы бар жандарды «Сары сүйек құдалар» деп атаған. Бұл ұғым «Сүйек жаңғырту» дәстүрінің аясында пайда болды.