Жаңалық

Сұлтанмахмұт Торайғыров өмірінің хронологиясы

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданында дүниеге келген.

Алғаш әкесінен хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды.

1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады.

1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі. Бір жыл оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады.

1912-1913 жылдары «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттер-ге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Жазғы қайғы», «Кешегі түс пен бүгінгі іс» т.б. өлеңдері мен «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазады.

1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтып, «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасады.

1914 жылы жазда туған елі Баянауылға оралады. «Қамар сұлу» романы жарық көреді.

Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін «Шоң серіктігі» ұйымын ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспайды. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барады.

1916-1917 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды.

1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы, Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатысады. «Алаш ұраны» өлеңін жариялайды.

«Алаш туы астында,

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді ешкімнің алашты,

Қорлығына бермейміз!

Адамдықтың жолына,

Бастаған ерлер соңында,

Басқаға көңіл бөлмейміз,

Қандай шайтан келсе де,

Алдауына көнбейміз.

Өлер жерден кеттік біз,

Бұл заманға жеттік біз!

Жасайды алаш, өлмейміз!

Жасасын алаш, жасасын!», – деп Алаш идеясын жырлайды.

Алаш қайраткерлерінің тарихи қызметін бағалап, «Таныстыру» поэмасын арнайды.

Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлын «бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – айым» деп бағалайды.

Поэмада Ә. Ермекұлы, Х. Ғаббасов, Ш. Құдайбердіұлы, Р. Мәрсеков, Н. Құлжанова, Н. Құлжанұлы, М. Поштайұлы, Ә. Молдабаев, И. Тарабаев, Ж. Ақпайұлы, Б. Сәрсенов, С. Сабатаевтардың есімдері аталып, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралайды.

«Әлиханның Семейге келуі» мақаласында Алаш көсемінің тарихи қызметін бағалайды.

1920 жылдың 21 мамырында Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеден өтті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button