Жаңалық

Сурет сырын кім ашар? немесе Алаш қозғалысына демеуші болған Жаңабай болыс Әдікұлын кім біледі?

Дүние-мүлік, дәулетімен Алаш ұранды ерлерге тіреу, сүйеніш болған ХХ ғасырдың басындағы ат төбеліндей ғана жомарт жандардың бірі – Жаңабай Әдікұлы еді. Алаш тарихы үшін, тұлғатану ғылымы үшін жаңа есім. Бұл кісі кім болды? Алаш жолында не істепті? Ұрпағы, өскен, қалыптасқан ортасы туралы не білеміз? Сұрақ өте көп.

Осыдан екі жыл бұрын, Астана қаласындағы ҚР Ұлттық архивінде Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Алаштың 100 жылдығына арналған конференция өткен еді. Сол конференцияға Астанадағы алаштанушы-ғалымдар мен зерттеушілер, ортамызда жүрген алаш зиялыларының ұрпақтары мен туыстары қатысқан-ды. Сол жиын арасындағы үзілісте бір кісімен танысып, әңгімелесіп үлгердік. Есім-сойы – Мағрипа Тасыбайқызы Сейітбатталова.

Бұл кісі – Алаш заманындағы қазаққа деп дүние-мүлік, байлығымен, дәулетімен қызмет еткен Жаңабай Әдікұлының шөбересі екен.  Бүгінгі жас ұрпақ, жаңа буынға Алаш қозғалысының бел ортасында жүрген Орталық тұлғалардың өмір жолы мен өнегесі, ғұмырнамасы толық танылмай жатқанда, ұлт-азаттық қозғалысына ниеттес, мүдделес болған азаматтарды насихаттау, тану үшін енді қанша уақыт қажет екен?!

Алаш туы тұғырына қонып, ұлттық мұрат ортаға тасталғанда, қазіргі Семей қаласының оң бөлігінде елдің кіндік хүкіметі – Алаш Орда құрылды. Қазақ оқығандары партия құрды. Хүкімет орнатты. Алаш ғаскерін, ұлт милициясын жасақтады. Қаймана қазақ, мұқым ел тұңғыш партияға ағза болып, автономияның тілеуін тілеген. Саяси қайраткерлеріміздің ұлт мұраты жолындағы игі істерін қолдап, қаржылай көмек көрсеткен меценаттар шоғыры қалыптасты. Дүние-мүлік, дәулетімен Алаш ұранды ерлерге тіреу, сүйеніш болған ХХ ғасырдың басындағы ат төбеліндей ғана жомарт жандардың бірі – Жаңабай Әдікұлы еді. Алаш тарихы үшін, тұлғатану ғылымы үшін жаңа есім. Бұл кісі кім болды? Алаш жолында не істепті? Ұрпағы, өскен, қалыптасқан ортасы туралы не білеміз? Сұрақ өте көп. Өкініштісі сол – иірілген сансыз сұрақтарға беретін толымды жауап жоқтың қасы.

Өткен, ақпан айының соңғы күндері редакциямызға Мағрипа апаны шақырып, сұхбаттасқан едік. Екеуара әңгіменің көркін әдебиетші, Алаш тарихын зерттеуші-ғалым, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты, Өскемен өңірінің тумасы –  Заңғар Кәрімхан келіп, одан әрі қыздырсын. Өйткені: Заңғардың өскен ортасы, жасынан қанып естіген әңгімесі осы – Тарбағатай, Ұлан аумағындағы тарихи уақиғалар еді.

Бағлан азамат – 1860 жылдың тумасы. 1929 жылдан кейінгі тағдыры белгісіз. Яғни, советтік-шовинистік билік қаһарына мініп, Алаш оқығандарын лек-легімен антитеррорлық «Алқа» ұйымын құрды деген желеумен итжеккенге айдап жатты. Елдің қорғаны болып отырған ақсүйек, бекзада азаматтарды «бай, кулак» деп дүние-мүлкінен, малынан һәм дәулетінен айырып, ібір-сібірге айдады. Өздері ғана қуғын көріп қойған жоқ, ұрпақтары да сүргіннің сойылын тартты. Кәмпескеге ұшыраған қазақ байларының тағдыры осылай… Бәлкім, Жаңабай болыстың мойнына осы кесірлі жала танылып, итжеккенге айдалған болар. Немесе атылған шығар. Өмірінің соңғы жылдарында нақты осындай жағдайға ұшырапты деп айтуға еш негіз жоқ.

Ескі ру жүйесімен алғанда, сүйегі – Найман табынан. Өз атасы –Қаршыға. Қазіргі Ұлан ауданының Бестерек деген жерінде өмір сүрген. Қызылсу деген елдімекенде болыс болыпты. Мағрипа апаның айтуынша, Әдік бабаның Манабай, Жаңабай, Көкбай деген үш ұлы болған. Үшеуі де ескіше оқыған, көзі ашық, сауатты жан болған деседі. Шөбересінің ойынша, бабасының есімі –  Әдік пе, әлде Әтік пе ол жағы беймәлім. Сосын, Жаңабай болыс туралы естігені де шамалы екен. Бала күнінде әжесі Қазипа Ахметуәлиқызынан Жаңабай атасы туралы сұраған көрінеді. Үнемі тексеріс, қатаң сұраққа алу, ұру-соғу сияқты НКВД – ның темірдей қиын жүйесінен жүрегі әбден шайлыққан қарт әже ешқашан тіс жармапты. Және де ұрпақтарының бұл тақырыпқа қайта оралмауын, аталары туралы дерек іздеп, зерттемеуін талап етіпті. Қайтсін енді, өзі көрген қорлықты ұрпағы көріп, бордай тозып, құрып кетпесін деген ойы шығар. Тоқсан жеті жас өмір сүріп, бір ғасырдың тауқыметін басынан өткерген Қазипа анамен (1900 – 1997) бірге зорлық-зомбылық жылдары басынан өткерген қиыншылықтың ақиқаты, шындығы да кетті. Қазипа әже – Жаңабай болыстың келіні.

Қиын заманда тегін (фамилиясын) ауыстырып, «әупіріммен» аман-есен қалған Тасыбайдың зейнеткер қызы – Мағрипа апа еліміз Тәуелсіздік алғаннан соң, ұлт зиялыларының есімі де, мұрасы да қайта оралғанда, ақтаңдақтар тақырыбына аңсары ауыпты. Атасы туралы мәлімет архивтен шығарына, алдағы жылдары тың мәліметтер табыларына сенім артып отыр. Архив құлпы алынып, ХХ ғасыр басындағы құжаттар мен деректерді қарауға, зерттеуге, танысуға мүмкіндік берілсе, Алаш сапында болған қаншама ерлердің есімі жаңғырар еді. Сөз жоқ, бұл тарапта жұмыс істелер болса, жалғыз Жаңабай болыс емес, басқа мұраттас тұлғалардың есімі де, өнегесі де белгілі болар еді.

Бабасының ізі қалған атыраптың аты – Тарғын екен. Әңгіме барысында кейуана: «Тарғын деген жердің жұмағы, Қызыр шалған керемет жер екен!», – деп тамсанып отырды. Жаңабай Қаршыға, Тарғын болыстарының управителі болған. Алаш партиясының ағзасы әрі ниеттесі.

Бағлан азамат туралы әзірше қолда бары – 1918 жылы Семейде Алаш зиялыларымен бірге түскен сурет қана. Бұл суретте солдан оңға қарай: бірінші отырған кісі – біздің кейіпкеріміз Жаңабай Әдікұлы. Екіншісі – басына құндыз бөрік киген Ұлан болысы, Қияқ ауылының аса дәулетті байы Мұзапар Әбдіұлы. Үшіншісі – Көкбай ақын. Төртіншісі – қазақтың саяси көсемі, ұлттық элитаның көшбасшысы Әлихан төре Бөкейхан. Бесіншісі – Алаш қозғалысының Орталық тұлғасы Райымжан Мәрсекұлы, алтыншы кісі белгісіз, ал екінші қатарда солдан оңға қарай екінші тұрған шляпалы азамат Ұлан болысының болысы, қазақтың қамқоры болған Алаш демеушісі Мұқан Жәкежанұлы. 

Екінші сурет те осы Семей қаласында, дәл осы жылы түсірілген. Алаш зиялылары Шәуешек сапарына шығар алдында түссе керек. Бұл тарихи суретте Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы, Алаштың Орталық тұлғасы Міржақып Дулатұлы, заңгер Сейдәзім Қадырбайұлы, палуан Қажымұқан, оқымысты Елдес Омарұлы бар. Енді бұл суреттердің сырын кім ашар екен? Осы тарихи суреттегі Жаңабай Әдікұлының тұлғасын, өмір жолын кім зерттер екен?! Не десек те, Алаш демеушісі Жаңабай болыс өзінің зерттеушісін күтіп-ақ тұр! Тарихтың күрмеуін шешу керек…

Бабасының есімін дәріптеймін, атын шығарамын деп жүрген Мағрипа апа ұзақ жылдар бойы оқу-ағарту саласында өнімді қызмет еткен, қырық жылдан астам мұғалім болған еңбек ардагері. Бүгінде Астана қаласындағы №40 Әлкей Марғұлан атындағы мектептің ардагерлер кеңесінің мүшесі әрі ата-аналар алқасының төрайымы. Зейнетке шықса да, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында айтылған мемлекеттік маңызы зор идеяларды жасөспірімдерге насихаттап, ел руханиятына қызмет етіп жүр. Еңбек ардагерінің үйінде атасынан қалған сандық, тақиясы һәм таспиғы бар екен. Көңілге медеу болар жұбанышы да, қуанышы да осы –  жәдігерлер. Көзінің қарашығындай сақтап, аялап жүргені… Тек сеніміне селкеу түспей, үмітті ертеңі қуаныш сыйлап, жер басып жүрген шағында, даңқты атасы, Алаштың игілігіне қызмет еткен Жаңабай Әдікұлы туралы архивтік тарихи құжатты көрсе екен дейміз… Қазақтың Қаршығасы туралы дерек білетін жан болса, көзі қырақты жұрттың талқыға үн қосуын сұраймыз!

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button