Сүйікті әртістердің лирикалық көңіл күйі
Елімізге танымал орындаушылар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері баритон Азамат Жылтыркөзов пен пианист Долорес Үмбетәлиева әлемдік классик П.Чайковскийдің шығармашылығына арналған «Средь шумного бала...» бағдарламасымен 1 желтоқсанда «Астана Опера» театры К.Байсейітова атындағы Камералық залының сахнасына шығады, деп хабарлайды Ruh.kz.
«Музыканың алтын ғасыры» топтамасындағы концерт аясында әртістер елорда тұрғындары мен қонақтарына П.Чайковскийдің музыкалық мұрасының ең сүйікті бөлімдерінің бірі – оның романстарымен кездесуден ұмытылмас эмоция мен шабыт сыйлайды. Азамат Жылтыркөзов пен Долорес Үмбетәлиеваның нәзік интерпретациясындағы біртуар композитордың камералық-вокалдық лирикасы тыңдармандарды өзінің терең ойлылығымен, көркем бейнелердің молдығымен, интонацияның ашықтығымен әрі сезімдердің шынайылығымен жігерлендіреді.
«Астана Опера» театрының бас концертмейстері Долорес Үмбетәлиева камералық-вокалдық музыкадағы фортепиано партиясының маңыздылығы туралы айтып берді.
– П.Чайковскийдің романстарында фортепиано – бұл сүйемелдеу ғана емес, сондай-ақ вокалмен қатар жеке шығарма орындайтын екінші партия. Әнші барлық бояулар палитрасын өзінің аспабы – дауысы арқылы, ал пианист рояль арқылы жеткізіп, бір-бірін толықтырады. Нәтижесінде екі аспаптың үні бірігіп, бейне жасайды. Камералық музыканы орындаудағы қиындық осында жатыр. Романстардың ұзақтығы бір жарым минуттан басталса, осынау азғантай уақыттың ішінде туындыға салынған барлық ой мен эмоцияны жеткізіп үлгеру керек. Қос орындаушы үшін бір-бірімен кәсіби музыкант тұрғысынан ғана емес, адами қарым-қатынас тұрғысынан да мінсіз ансамбль құру маңызды. Сахнадағы серіктесіңді түсіну, оның көңіл күйін көзқарасынан, жартылай демінен, аз ғана ишаратынан сезу қажет, - деп пікірімен бөлісті Долорес Үмбетәлиева.
Пианист өз сөзінде академиялық вокал шебері Азамат Жылтыркөзовпен бұрыннан бірлесіп жұмыс істейтінін атап өтті.
– Азамат Жылтыркөзов – опера және камералық вокал өнерін теңдей шебер меңгерген жоғары білікті кәсіби әнші. Оның есімі көрермендерге опералық қойылымдардағы бірқатар жарқын бейнелерімен қатар бірегей музыкалық қабілетімен, дарынымен және нюанстарды, концерттік-камералық орындаушылықта әрең сезілетін нәзік жартылай тондарды жеткізудегі ептілігімен де таныс. Мұндай сегіз қырлы, бір сырлы әртіспен музыкалық кеш жасау бір ғанибет, онымен тың туындыларды орындаған қызықты. Біздің көпжылдық бірлескен жұмысымыз аясында түрлі сипаттағы концерттер ойдағыдай өтті. Біз жалпы бағдарламалардағы жеке өнер көрсетулерден бастаған едік, ал кейін жеке кештер өткізу жайлы ой келді. Екеуіміз шетелдік авторлардың романстарын, қазақ халық әндерін, Ахмет Жұбанов, Сыдық Мұхамеджанов сынды көптеген отандық композиторлардың камералық-вокалдық шығармалары мен операларынан арияларды орындадық. Шығармашылық әріптестігіміз Азаматқа да, менің өзіме де шаттық пен шабыт әкеледі, ал біздің тыңдармандарымыз асқақ өнермен кездесуден қуанышқа бөленеді. Осынау қалыптасқан дәстүрді сақтап, өзіміздің жеке істерімізден бөлек, бірлесіп жұмыс істеуге де уақыт табамыз. Бұл қолымыздан келіп жатыр деген сенімдемін, - деп қорытындылады Долорес Үмбетәлиева.
«Средь шумного бала...» концертінен бөлек, «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залының желтоқсандағы бағдарламасына басқа да көптеген жарқын шаралар енді. Сонымен, 6 желтоқсанда «Еуропа майталмандарының ұмытылмас әуендері» концертінде К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына венгр пианисі Дьердь Оравец шығады. Жоба Венгрияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылған. «Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов «Музыкалық альянс» топтамасынан кештер ұсынады: 7 желтоқсанда «Музыкалық сенбілік» концерті, ал 18 желтоқсанда шақырылған солист, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері скрипкашы Владислав Самойловтың қатысуымен «Паганини мұрасын шебер орындаушылар» концерті өтеді. 12 желтоқсанда «Piccolo» театры жобасы аясында елордалық көрермендердің назарына премьерасы қазан айында зор табыспен өткен театр репертуарындағы жаңа спектакль – А.Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» операсы ұсынылады. Еліміздің Тәуелсіздік күні, 16 желтоқсанда Қазақстан композиторлар одағының «Дархан дала» концертінде «Астана Опера» камералық оркестрі Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің басқаруымен өнер көрсетеді.
Жаңа жылдық мереке қарсаңында театрдың шығармашылық ұжымы К.Байсейітова атындағы Камералық залдың қызықты бағдарламасын дайындады. Astana Opera Халықаралық опера академиясының дарынды жас тыңдаушылары 21 желтоқсанда дәстүрлі «Жаңа жылдық экспромт» концертінде сахнаға шығады. Қысқы демалыс күндері 26-27 желтоқсанда Ц.Кюидің «Етік киген мысық» опера-ертегісі кішкентай көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлайды.