Талдықорған қаласында «Jetisu book fair» кітап жәрмеңкесі басталды

25-29 қаңтар күндері аралығында сағат 10.00-ден бастап Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Көркемөнер галереясында «Jetisu book fair» атты кітап жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Ruh.kz Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сітеме жасап.
Кітап жәрмеңкесін Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасы ұйымдастырды.
Кітап жәрмеңкесі облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген кітаптар мен мерейтой иелерінің кітап көрмелерімен таныстырудан басталады.
Жәрмеңке аясында көпшілік үшін «Muzycal party» класcикалық музыка кеші, «Сан сұраққа саяхат» викториналық ойындар және «Библио спорт» алаңында тоғызқұмалақ және шахмат ойындары өтеді.
Жәрмеңкеге «Ziyat», «Атамұра», «Асыл қазына» сияқты кітап дүкендері, жеке кәсіпкерлер және жергілікті ақын-жазушылар өздерінің кітаптарын қала қонақтары мен жұртшылығына қол жетімді бағада ұсынады.