ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ №25 МЕКТЕПКЕ БАРЛЫБЕК СЫРТТАНОВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛЕДІ
www.ruh.kz сайтының журналисі жазған мәселе шешімін тапты.
Талдықорғаннан сүйіншілі хабар жетті. Талдықорғандағы №25 мектепке алты алаштың алдаспан тұлғасы, қазақтың алғашқы Конституциясын жазған оқымысты, заңгер Барлыбек Сырттановтың есімін беру туралы шешім шықты. Біздің сайттың журналисі Елдос Тоқтарбай көтерген мәселе шешімін тауып, қуантты.
Күні кеше Алматы облысының әкімдігінде мәслихаттың 51 сессиясы өтті. Сессия отырысын облыстық мәслихат депутаты Тоқан Ботабеков жүргізді. Сессия отырысына облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов және басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері қатысты. Сессия отырысына ұсынылған мәселенің бірі Барлыбек Сырттанов көшесінің бойындағы №25 мектепке даңқты тұлғаның есімін беру. Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдап, ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономостикалық комиссияның қарауына жіберді.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 21 маусымы күні Парламент Мәжілісінің мінберінде тұңғыш рет тарихи тұлға – Барлыбек Сыртанұлының есімі айтылып, оның өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметі, ұлт бостандығы үшін атқарған орасан зор қызметіне саяси баға берілді. Бұл – тұлғатану ғылымы үшін үлкен жетістік! М.Бопазов, С.Үмбетов, Е.Бектұрғанов, Б.Смағұл, Б.Мамраев, Н.Дулатбеков сынды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Барлыбектану мәселесін көтерген еді. Сол депутаттық сауал барысында Талдықорғандағы №25 мектепке тұлғаның есімін беру туралы ұсыныс айтылған болатын. Міне, бүгін сол депутаттық сауалдың және бірнеше мәрте жазылған ұсыныс хаттың үміті «жанып» отыр. Енді сол облыс орталығындағы мектептің алдына қайраткердің еңселі ескерткішін орнатса, өскелең ұрпаққа қайрат берер рух болар еді. “Рухани жаңғыру” бағдарламасында айтылған ойдың бірі тарихты жаңғарту еді, міне, сол тарих жаңғырып отыр.