Тамыры терең бойлаған елдің тұғыры қашан да биік!
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық ақпараттық-ағарту штабының төрайымы Ырза Тұрсынзадамен онлайн кездесу өтті.
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық ақпараттық-ағарту штабының төрайымы, ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» белгісі орденінің кавалері, Ұлттық «Аманат» сыйлығының құрметті елшісі, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзадамен «Тамыры терең елдің тұғыры биік» тақырыбында онлайн кездесу өткізді.
Қазіргі таңда нарық билеп алған жаһандану заманында ұлттық болмысқа деген көзқарас өзгеріп кеткені белгілі. Ұлттық сананың дертке ұшырауына жол берілмеуі керек. Себебі, ықылым замандарда елдің ортасында жүріп, елге тоқтау айтқан адал, парасатты азаматтар болған. Жаны, рухы биік сондай тұлғаларға құрмет қай уақытта да өзгеше.
– Ұлттық болмысымыз қалай? Оны қадірін біле алып жатырмыз ба? Тамыры терең, тұғыры биік, мәртебесі жоғары, ол әрине қарапайым ғана біздің ұлттық болмысымыз. Ұлтқа жаны ашып, ұлттың болмысын айтып кеткен ұлы Абайымыз, дана Мұхтарымыз, Қаныш Сәтбаев, Жамбыл атамыз сынды тұлғаларымыздың өздері неге тұрады? Ешбір шетелдік оқу оқып, Гарвард университетінен білім алмай-ақ, осы кісілер бүкіл ұлттың болмысын ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа айтып, жазып, жеткізіп кетті. Олар айтқан сөздер талай жылдар қазақ елін сусындататыны белгілі. Демек, тамыры терең бойлаған елдің тұғыры қашан да биік!
Ол сондай-ақ, елдің рухын көтеріп, жігерлендіретін әйел қауымының орны да биік екенін тілге тиек ете кетті.
– Қоғамда әйел қауымының орны бөлек. Дәл қазіргі жағдайда көп күш ер азаматтарға түсіп тұрғаны белгілі. Себебі бала-шағаның күнделікті жейтін тағамы, қара қазанның қамы ерлердің мойнында. Қиыншылық келіп тұрған сондай кезде ер азаматтарға қолдау көрсететін біздің аналарымыз болып келеді. Тарихтан білесіздер, қазақ аналарының иығына талай ауыр жүктер түскен. Сол қиыншылықты да жеңіп шыққан қазақ арулары болатын.
Айта кетейік, жақында Ырза Тұрсынзада этнодизайнерлікке қатысты «Yrza Tursynzada live» ютуб каналын ашып, тегін шеберлік сабақтарын жүргізуде.
ҚР Ұлттық Академиялық Кітапханасының Баспасөз қызметі