Жаңалық

«Таң Шолпан» көрмесі өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Таң Шолпан» Халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қорының «Таң Шолпан» атты көрмесі өтті. 

Көрменің мақсаты – халықаралық арт кеңістікте өнердің әр түрлі жанрларында жұмыс істейтін, өзінің жеке, қайталанбас дүниетанымы, жаңашылдығы бар дарынды, бірегей, жасампаз әйелдердің шығармашылығын дамыту арқылы суретші әйелдің мәртебесін көтеру.

«Таң Шолпан» Халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қоры 1998 жылы құрылған және сол жылы «Ұмай Тәңірі» галереясында пікірлестер тобымен, атап айтқанда Жәмиля Такен, Айгүл Хакімжанова, Сангүл Қаржаубаева, Жанат Көшен, Сарвар Нақысбекова, Сәуле Жұмашева, Ардақ Юсупова, Гүлжанат Қабижанова, Халида Мырзахметова, Фатима Жұмашеваның қатысуымен көрме ұйымдастырылды.

Ұзақ уақытқа созылған үзілістен кейін 2019 жылы «Таң Шолпан» қоры өз шығармашылық қызметін қайта жандандырды. «Таң Шолпан» ХТСӘҚ айналасына жоғары көркемдік білімі бар, кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы өнер, мүсін сияқты өнердің сан саласында жұмыс істейтін Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Австрия, Германия, Канада, АҚШ елдерінің кәсіби суретшілері бірікті. Олар республикалық және халықаралық көрмелердің жеңімпаздары, жоғары дәрежелі өнер майталмандары.

Аталған көрмеге өзектілігі және ойлау жасампаздығымен ерекшеленген суретші әйелдердің шығармашылық жұмыстары қойылды. Әр туыңды өзінің көркемдік стилі және композициялық идеясымен көздің жауын баурай түседі. Олар әлем кеңістігі, табиғат пен өмірдің әр түрлі құбылыстары жайлы сыр шертетін, саналы және эмоционалды идеяларды бейнелейтін көркем образдарға толы картиналар топтамасы.

Экспозицияға кескіндемелік, графикалық жұмыстар, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары (гобелендер, киізден жасалған панно, ши өрімі) қойылып, көрмеге барлығы 50-ден астам кәсіби суретшілердің жұмысы ұсынылды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мусахаджаева, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының вице-президенті Серік Аязбаев, сондай-ақ еліміздің белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button