ТӘҢІРДІҢ ТҮРКІГЕ ТАРТУЫ
Ататүріктің Анадолыдағы азаттық күресіне 100 жыл толды.
Ғасырлар парағы судырлап, жылдар жылыстап жылжып, уақыт тілі 1919 жылдың 19 мамырын көрсетіп тұрды. Заманның тарпын аңдап, мезгілдің үнін сезініп, шұғыл қимылдаған қолбасшы Мұстафа Кемал дәл осы күні Ыстанбұлдан ескі «Бандырма» кемесімен Самсунға қарай үш күн бойы дамылсыз жүзіп, нар тәуекелмен діттеген межеге жетті. Бұл күн тарихта түрік халқының Ұлт-азаттық күресінің іс жүзінде басталу күні болды. Өйткені азаттықтың символына айналған Ататүрік жаңа түрік мемлекетін құру шешімін қабылдап, бұл шешімін Анадолыға жете бере іске асыра бастады. Азатшыл азамат «ұлттық негізге сүйенген, тәуелсіз, зайырлы, жаңа түрік мемлекетін құруға» шешім қабылдап, бұл сертіне қол жеткізгенге дейін халықпен бірге жанқиярлықпен күреcуге ант берді.
Әлбетте, ХХ ғасыр адамзат тарихына айырықша бетбұрыстар әкелді. І дүниежүзілік соғыс пен Қазан төңкерісі әлемнің келбеті мен тарихын түбегейлі өзгертті. Бұл өзгерістер түрік халықтарына негізінен кері әсерін тигізді. Әлемнің тегершігін уысында ұстаған Еуропа, Азия мен Африка құрлықтарында алты ғасырдан астам билік құрып, мұсылман әлемінің орталығы болған, адамзат тарихындағы алып империялардың бірі Осман мемлекетінің дәурені өтіп, дәрмені бітіп, тежеусіз құлдырап, еңсесін жимай ыдырай бастады.
Соғыста одақтастарымен бірге жеңіліске ұшыраған Осман мемлекеті 1918 жылғы 30 қазанда қатал үкімдер бекітілген Мондрос келісімшартына қол қоюға мәжбүр болды. Бұл келісімшарт Антанта мемлекеттеріне қауіпсіздіктеріне қатер төнген сәтте Осман мемлекетінің кез келген стратегиялық аймағын жаулап алу құқығын берді. 1918 жылдың 13 қарашасында Антанта мемлекеттері мен грек кемелері Ыстанбұлға басып кірді. Урфа, Мараш, Газиантеп және Адана жерін француздар басып алды. Анталия мен Конияда итальян әскери жасақтары, Мерзифон мен Самсунда ағылшын әскерлері жүрді. 1919 жылғы 15 мамырда Антанта елдерінің мақұлдауымен грек армиясы Измирге басып кірді. Бірақ Анадолыны өзара бөліске салғанда оларда ауызбіршілік болмады. Ататүрік одақтастардың осы алауыздығын жақсы пайдаланып, қысылтаяң кездегі ауыр шарттарды қолайлы мүмкіндікке айналдыра білді.
Мұсылман елдерінің арасында сол заманда бодандыққа түспеген жалғыз ел – Түркия еді. Ұлылардың қайраткерлік күресі заманының қиындығымен, уақыттың тығыздығымен және атқарған ісінің ұлан-ғайырлығымен өлшенсе, бұл жерде дарабоз Ататүріктің ерен еңбегі ұшан-теңіз. І дүниежүзілік соғыс басталғанда Уинстон Черчилль: «Қалтасында бір тиыны жоқ, қираған, қаусаған Түркиядан осы сілкіністен кейін не қалады?» деп айтқан екен. Расында, әлемнің картасы өзгеріп жатқанда ел зиялылары империяны сақтап қалу амалдарын іздегенде, Ататүрік көрегендігінің арқасында, «Османлы сұлтандығын сақтап қалуға тырысу, әрине түрік ұлтына қарсы ең үлкен қастандық болар еді» деп, ендігі жолдың тек жаңадан басталу қажеттігін дөп білді. Сол кезде Ататүрік түрік ұлтының Түркияда сақталып қалуына зор негіз қалады. Сондықтан Ататүрікті талайлы шақта тағдыры тәлкекке түскен түрікке Тәңірдің тартуы деп білген жөн.
1920 жылғы 16 наурызда Антанта мемлекеттері Ыстанбұлды басып алды. Осыдан бір айдан кейін, 1920 жылғы 23 сәуірде Анкарада Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісі ашылып, өз қызметіне кірісті. Мұстафа Кемал бірауыздан Мәжіліске төраға болып сайланды. Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісі мен оның 2 мамырда құрылған үкіметі Анадолыдағы азаттық соғысына басшылық жасады. Ұлттық күрестің нәтижесінде Антеп, Мараш және Урфа азат етілді. Ұлт-азаттық күрес барысында шығыс аймақтарда армяндарға, оңтүстік аймақтарда француздарға, батыс аймақтарда гректерге тойтарыс берілді.
Ататүрік шебер қолбасшы болды. Ең әуелі гректерді, сосын француздар мен итальялықтарды ығыстырып шығарды. Ақырында ағылшындар да Түркия жерінен кетті. Бірақ Түркия жеріне төніп тұрған тағы бір қауіп бар еді. Бұл – батыс әлемін империалистік күш ретінде қабылдап, дүниежүзілік пролетарлық билікті орнатуды көздеген большевиктер болатын. Бұған сенген түріктер де аз болмады. Ал Ататүрік ақылға қонымды саясат ұстанып, социализм идеясының Түркияға енуіне тосқауыл қоя білді.
1923 жылдың 24 шілдесінде жасалған Лозанна келісімшартымен Түркия аңсаған азаттыққа қол жеткізді. 1923 жылы 29 қазанда Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі Анкарада ресми түрде Түркия Республикасын жариялады. Мұстафа Кемал Ататүрік Түркияның тұңғыш президенті болып сайланды.
Осылай түрік ұлты көреген басшысының арқасында 11 жыл бойы 17 басқыншы елмен арпалысып, соғыста 16 миллион адам жанын құрбан етіп, үлкен қажыр-қайратпен тәуелсіздіктерін сақтап қалды. 1924 жылы 20 сәуірде Ататүрік тәуелсіз Түркияның Ата заңын қабылдай отырып, мұсылман әлемінде алғашқы зайырлы мемлекетті қалыптастырды.
Түгел түрк халықтары арасында сол кезеңде жалғыз тәуелсіз мемлекет Түркияның қаһармандық тарихы бодандық қапасындағы бауырлас халықтардың да үміт отын оятты. Сол себептен Мұстафа Кемал бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа әлемдегі түрк халықтары да жан-жақтан үн қосты. Юсуф Акчура, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев секілді көптеген ұлт қайраткерлері азаттық үшін арпалысқан ағайын жұртқа ақ тілегін арнап, рухани жебеп, көмек қолын соза білді. Осы тұста бауырмалдық пен бауырға деген тілеулестіктің жарқын үлгісі болып Мағжанның «Алыстағы бауырыма», Чулпанның «Туфон» өлеңдері туды. Сондай-ақ Ататүріктің жазбаларында жиі кездесетін түрік, ұлт, ұлттық идея, ортақ тарих және отан сөздері Түркістан мен Еділ-Орал ақын-жазушыларының өзекті тақырыбына айналды. Бұған А.Авлони, М.Дулатұлы, А.Фитрат, М.Жұмабаев, Чулпан сынды Түркістанның азатшыл ақындарының өлеңдері жарқын мысал бола алады. Сондай-ақ «Шайырлар замананың лисаны (тілі)», «Азаттық берілмейді, алынады» іспетті сөздерді ХХ ғасыр басындағы көптеген өзбек шайырларының өлең жолдарынан кездестіруге болады. Тіпті Чулпан бір өлеңінде «қызыл Тұранды келіп құтқар» деп Анадолыға үміт көзін тігеді.
Ататүріктің алысты аңдаған шебер саясаты оның көршілерімен тату болуына септігін тигізді. Мәселен, Бұхара Республикасының басшысы Осман Қожаоғлының айтуынша, тек Бұхараның өзінен 100 миллион алтын рубль жіберілген. Біз сол тұста Түркістаннан, қазақ жерінен де қаржы жиналғанын білеміз. Ал Ленин осы қаражаттың басым бөлігін орталықта алып қалып, Түркияға барлығы 11 миллион алтын рубль көлемінде жәрдем жасаған. Большевиктердің оларға көмек бергендегі мақсаты – Түркияны өзіне қарату болды. Ататүрік мұны шебер пайдалана білді. Кеңестер мен Батыстың арасындағы қарама-қайшылықты, өзіне төнген қауіп-қатердің барлығын ол мүмкіншілікке айналдырып отырды.
Татар халқының даңқты перзенті Юсуф Акчура Ыстанбұлға Ресейден келген зиялылардың басын жинай отырып, «Біз халық көтерілісін бастап жүрген Ататүріктің жолын қолдауымыз керек. Ұлттық негізде орын алған түрк әлеміне бір азат республика керек. Мұны құру Ататүріктің қолынан келеді» дейді. Бұл деректі сол жиынға қатысқан Мұстафа Шоқай жазады. Мұстафа Шоқай да «Түркия Республикасы неғұрлым үлкен жетістікке жетсе, бізге үлгі-өнеге болар еді» деп, Ататүріктің жүргізген реформаларын қолдап, үлкен құрметпен қарап, жарқын үміті етті.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыстар сәтсіз аяқталғандықтан, олардың көсемдері Түркияны паналап, сол жақта ұлт-азаттық күрестерін жалғастыра берді. Ататүрік эмиграцияға барған зиялы қауым өкілдерінің барлығын жұмысқа орналастырып, оларды Түркияның қалыптасуына тартты. Түрк әлемінен жиылған зиялыларды қолдау арқылы сол кездегі түрік қоғамын қалыптастыруға ұмтылды. Сондықтан, жалпы Түркиядағы түрікшілдік идеясына дем берушілер Ресейдің құрамындағы түрк елдерінен барған зиялылар болды. Олардың жазған еңбектері Түркияда түрікшілдіктің өркендеуіне негіз болды. Зайырлылық, батысшылдық принциптерін құруда, конституциялық реформалар жасауда түрк әлемінен келген зиялы қауымның айтарлықтай әсері болды. Мәселен, татар Юсуф Акчура Түрік тарих құрылымын басқарды, әзери Ахмет Ағаоғлы мен татар Садри Мақсуди Арсал заң мен саясат саласында ықпалды қызмет атқарды, башқұрт Зәки Уалиди Тоған мен Абдулқадир Инан тарих, әдебиет және тіл саласында жемісті еңбек етті.
Түркия Республикасының 10 жылдығы аталып жатқан кезде, Ататүрік: «Австрия-Венгрия және Осман империясы сияқты Кеңестер Одағы да қирайды. Әр ұлт азаттық үшін айқасқа шығады, тәуелсіздік үшін күреседі. Сол кезде Орталық Азиядағы қандастарымыз тәуелсіздіктеріне қол жеткізеді. Бірақ біз туысқан ретінде ол күнді күтіп отырмауымыз керек. Дайындалып, арадағы көпірлерді құруымыз керек. Ол көпір – тарихымыз, тіліміз, мәдениетіміз. Осыларды бүгіннен қалыптастырайық. Ортақ тарихымызды жазайық. Ертең бұл біздің арамызды жалғастыратын берік дәнекерге айналады» деген өсиет айтыпты. Осылайша Ататүрік мәдениет саласындағы ұлттық реформаларды жүзеге асырған соң тіл мен тарихқа ерекше назар аударып, 1931 жылы Түрік тарих қоғамы мен Түрік тіл қоғамын құрды. Ататүріктің айтқаны айдай келіп, 1991 жылы Кеңестер Одағы құрамындағы бауырлас елдер азаттық алғанда Түркия олардың тәуелсіздігін алғашқы таныған мемлекет болды.
Қазір Ататүріктің мемлекет құру негіздері мен Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіз қазақ елін қалыптастырудағы қағидаттары үйлесетін-үндесетін тұстар мен тәсілдер туралы көп айтылып жүр. Елбасы да бір сұхбатында жеке көзқарасының қалыптасуына Ататүрік секілді реформаторлардың әсер еткенін айта отырып, оларды үлгі-өнеге тұтатынын білдірген болатын.
Расында, Ататүрік қирандыға айналған Османлы империясының орнына Түркияны орнатса, Елбасы Кеңес өкіметі қирандысынан қуатты да қазыналы Қазақстанды құрды. Ататүрік анталаған жау ортасында азаттығын сақтай білген елін жаңашыл бастамаларымен аяқтан тұрғызса, Елбасы экономикасы күйреген, этникалық тұтастығы жоқ, демографиясы әлжуаз, экологиялық апатқа ұшырап, күйзеліске душар болған елді қысқа мерзім ішінде әлемдік қауымдастықта жоғары беделге ие еңселі мемлекетке айналдырды. Ататүрік пен Елбасының көреген саясатының ел астанасын көшіру, бейбіт саясат ұстану, реформалар жүргізу, әліпбиді латын әріпіне ауыстыру тұстары етене ұқсастығымен қатар, олардың ұрпақ санасын жаңғыртушы біртуар тұлға екендігін де айғақтайды. Елбасының «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді кешенді бағдарламаларын жүзеге асыруы ортақ тарих пен мәдениетке көп көңіл бөлген Ататүріктің «тарих реформасымен» сабақтасады. Ататүрік түрк дүниесінің тіл, тарих көпірлері арқылы байланысының негізін қалаған болса, Елбасы өзара ынтымақтастықты нығайту жолындағы ерен еңбегімен «Түркі интеграциясының архитекторы» ретінде мойындалып отыр. Елбасы бастамасымен құрылып, түрік интеграциясына зор үлес қосып келе жатқан Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы, ТүрікПа, Түркі мәдениеті және мирас қоры секілді халықаралық беделді құрылымдардың жемісті қызмет етуі соның жарқын айғағы іспетті. Түрк әлемінің тұғырлы тұлғалары ретінде Ататүрік пен Елбасы есімдері қатар аталатыны сондықтан болса керек.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ