Жаңалық

Тарих қойнауындағы Қойлық: Қалада орта ғасырда ауыз су мен жылу құбыры болған

Алматы облысында ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енген үш нысан бар. Олар – Талғардағы Талхиз, Балқаш ауданындағы Қарамерген және Қойлық қалашықтары. Бүгін оқырман назарына Сарқан ауданында орналасқан ежелгі Қойлық қаласы жайлы материалды ұсынбақпыз. 9-13 ғасырларда бұл шаһар Жібек Жолы бойындағы ірі сауда және мәдени орталық болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қойлық қалашығынан ислам мешіті, христиан шіркеуі және будда храмы табылған. Осы  3 ғибадатханадан бөлек хамам моншасы, шағын патша сарайы, басқа да археологиялық нысандар табылып отыр. Бірақ жауын-шашыннан аман алып қалу мақсатында ол қазбалар қайта көміліп, консервацияланған. Қазір туристер тек Будда храмын ғана көре алады.

«Будда ғибадатханасында орталық дәліз және арнайы сиынатын бөлмелер бар. Археологиялық қазба барысында будданың бас мүсінінің ескерткіші табылған. 1998 жылдан Қойлық қаласында археологиялық қазба жұмыстары басталған болса, 2013 жылдан осы будда ғибадатханасы зерттеле бастады. 2014 жылы ЮНЕСКО қорғалатын тізіміне енді. Жалпы Қойлық қалашығы 240 гектар жерді алып жатыр. Ал будда храмының аумағы 30 х30 метр», – дейді Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Әдемі Дайырбекова.

Ұстаздың бұл тұжырымдарын тарихи деректер дәлелдейді. Мәселен шаһар туралы жазбалар Франция королі IX Людовиктің елшісі Вильгельм де Рубрук естеліктерінде қалған. Ол Қойлықта 1253 жылдың күзінде болған. Бұрынғы Ӏле кыстағының жанындағы өткел аркылы Ӏле өзенінен өткеннен кейін ол былай деп жазды: “Келесі оған көптеген көпестер қатынап тұрған Қаялық деген үлкен кала таптық”. Қаланың тұрған орны туралы түрліше жорамалдар бар. Қазақстандық археологтар Қойлықтың орны Лепсі алабындағы бұрыңғы Антоновка, қазіргі Қойлық ауылындағы қираған құрылыстар екенін анықтады. Мұнда 1964 жылы Жетісу археологиялық экспедедициясы барлау жұмыстарын жүргізген.

Қазір Қойлық қалашығынан табылған жәдігерлердің басым бөлігі Қойлық ауылындағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектептің мұражайында сақтаулы. Бұл экспонатттардан шаһарда өркениеттің қалай дамығанын аңғаруға болады. Мұнда қыштан құйылған құбырлар да бар. Ал музейдегі экспонаттардың басым бөлігін жергілікті тұрғындар өз аулаларынан тауып өткізген.

Мәселен, мына ас сақтайтын сауытты Сәмет Наушабаев есімді тұрғын бақшасын қазып жатып, тауып алған.

Мектеп оқушылары келген қонақтарға әр жәдігер туралы әңгімелеп, экскурсовод болып машықтанған. Қойлық қалашығының ерекше сәулеті белгілі саяхаттанушы Шоқан Уәлихановты да таңғалдырған. Мұражайда сақталған ғимараттардың сынығындағы түрлі оюларды көруге болады. Осы арқылы көне қалада өркениеттің кеңінен өріс алғанын аңғаруға болады. Су және кәріз жүйесі өте жақсы дамыған. Оған дәлел музейде сақталған қыш құбырлар.

Демек қалада ауыз су және тұрмыстық қалдықтар шығаратын құбыр және арық жүйелері болған. Сондай-ақ кейбір ғимараттарда еден астынан жылу жүйесі де тартылған.

«Мұражайда 161 экспонат бар. Сол замандағы моншаның қандай болғанын музейдегі суреттерден көруге болады. Қойлық қалашығының тарихы өте терең. Ол тек Ұлы Жібек жолының сауда-саттық орталығы ғана емес, ежелгі қала Арслан ханның кезінде қарлұқтардың астанасы болған. Ал кейіннен Шағатай ұлысының негізгі қаласы болған», дейді Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Әдемі Дайырбекова.

«Бұл жерде ислам мешіті де, христиан храмы да бар. Тіпті сонау Х ғасырда салынған монша да бар. Бірақ олардың барлығы зерттеліп, қайта көмілді. Олардың барлығын қайта  зерттеу керек. Осы Будда храмы сияқты оны да  халыққа көрсету керек. Туристердің де қызығушылығы басым болар еді деп ойлаймын», дейді этнограф Батыржан Сейдомар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button