Тарихқа саяхат: Оралдағы музейлер
Қазақстандық музейлер Лувр, Эрмитаж сияқты танымал болмаса да, Отанымызға қатысты құнды тарихи деректерге тұнып тұр. Ruh. kz порталы назарыңызға Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласындағы бірнеше музей жайлы мәліметтерді ұсынады.
Облыстық тарихи өлкетану музейі
Бұл – Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі. Оның негізі 1836 жылы қаланған екен. Музей орыс-қырғыз балаларына арналған қолөнер мектебі ғимаратында орналасқан. Мұнда Археология; Ортағасырлық Алтын Орда кезеңі және Жайық қалашығының пайда болуы; Кіші жүз тарихы; Бөкей Ордасы тарихы; Кеңестік дәуір кезеңінің тарихы; білім мен ғылым, өнер мен мәдениет, этнография сияқты салалардың Батыс Қазақстан облысында даму тарихы; Қазақстан Республикасының тәуелсіздік тарихы сынды 8 зал бар.
Жалпылай алғанда, музейдегі жәдіргерлер Палеолит дәуірі мен бүгінге дейінгі уақытты қамтиды. Экспозицияларға қойылған қызықты деген артефактілер мен коллекциялық топтамалар ғалымдар мен тарихшылардың назарын өзіне аудартпай қоймайды. Сондай жәдігерлердің бірегейі – 2012 жылы археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған «Алтын әйел». Алтын әйел адаммен бірге обадан ағаш қаптама, кішкентай пышақ, ағаш тарақ табылды.
Е. И. Пугачевтың музей-үйі
Бостандық үшін күрескен шаруарлар көтерілісі басшысының тағдыры Оралмен тығыз байланысты. Дәл осы Жайық қалашығында (қазіргі Орал) Емельян Пугачев өзін «III Петр» деп таныстырып, жергілікті тұрғындарды көтеріліске шақырды. Патша езгісіне қарсы ұрыста (1773-1775жж) Пугачевке Кіші жүз қазақтары көмектесті. Алайда көтеріліс басылып, оның қолбасшысының аяусыз жазаланғаны белгілі. Патша үкіметіне қарсы шайқас кезеңіндегі оқиғаларды адамдардың жадынан біржола өшіру үшін II Екатерина Жайық өзенін Орал, ал қаланың өзін Орал деп атауды бұйырды. Десек те Оралдағы Кузнецовтар жанұясының, Пугачевтің жұбайының үйі «Шаруалар көтерілісін» еске салмай қоймайды. Музейде Емельян Пугачевтің, оның жұбайының, жақтастарының жеке заттары, зеңбіректер, шаруалардың жалауы және басқа да экспонаттар сақталған. 1967 жылға дейін бұл ғимаратта кітапханалр орналасқан болатын. Тарихи нысан 1991 жылы облыстық музейдің қарамағына берілді.
Суретші Сәкен Ғұмаровтың музей-үйі
Атақты суретші КСРО Журналистер одағының мүшесі Сәкен Ғұмаровтың шеберханасында 1995 жылы музей ашылды. Көрмеге суретшінің екі жүзден астам картинасы, жеке заттары, фотосуреттері мен құжаттары қойылған. Бұл ғимаратта қазіргі таңда жас суретшілердің жеке көрмелері жиі ұйымдастырылады.
Мәншүк Мәметова мемориалдық музейі
1982 жылы Мәншүк Мәметованың 60 жылдығына орай Оралда қазақтың батыр қызының құрметіне музей-үй ашылды. Мәметовтер жанұясы ХХ ғасырдың 20 жылдарынан 1934 жылға дейін тұрған. Экспозициядан 30 жылдардың тұрмысын көруге болады. Келушілер назарына қойылған жәдігерлердің ішінде ыдыс-аяқ, жиһаз, айналар, қобдишлар, кестелер, тіпті Zinger тігін машинасы бар. Бұл құнды жәдігерлердің барлығын музейге Мәншүк Мәметованың анасы – Әмина Мәметова тапсырған болатын.
Музейде бес зал бар. Олардың бастысы Екінші дүниежүзілік соғыс және фашизмді жеңудегі Мәншүк пен оның жерлестрінің қосқан үлесі тақырыбына арналған. «Мәншүктің мәңгі өшпес ерлігі» Қазақстандағы жалғыз диорама да осы музейде.
Сонымен қатар, 1989 жылдан бастап музейде «Майдангер» клубы жұмыс істейді, оған Екінші Дүниежүзілік соғысына қатысқан әйелдер жиналады.
Табиғат және экология музейі
Мамонттың азуы, омыртқасы мен тістері, жойылып кеткен аң-құстардың сүйектері. Табиғат және экология музейінің осындай экспоннаттары келушілердің қызығушылығын тудыратыны анық. Бұл археологиялық жәдігерлер бірінші көрме залда ұсынылған. Екінші залда Батыс Қазақстан облысындағы жәндіктерді көруге болады. Өңірде жәндіктердің 30-40 мың түрі бар екен. Сондай-ақ, бұл залда дала жануарларының көрмесі ұйымдастрылған. Үшінші залдағы экспозицияда орман жануарлары мен Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарларды көруге болады.