Мақала

ТАРИХТАН ТАНИТЫН ТАҒЫЛЫМ...

Тарихтың терең қойнауынан сыр шерткен жәдігерлер арқылы ұлттық сананы қозғап, әр азаматтың, әсіресе жастардың өткеннің өнегесін бүгіннің түсінігімен сабақтастыра отырып, жаңа пішінде қабылдау дағдысына баулитын орталықтың бірі – мұражайлар.

 

Тарихтың терең қойнауынан сыр шерткен жәдігерлер арқылы ұлттық сананы қозғап, әр азаматтың, әсіресе жастардың өткеннің өнегесін бүгіннің түсінігімен сабақтастыра отырып, жаңа пішінде қабылдау дағдысына баулитын орталықтың бірі – мұражайлар. Есігін ашқан адамға құнды дүниелерін қызықтыра таныстырып, олардың өз ортасынан рухани байып кетуі үшін қызмет көрсететін – мұражай мамандары. Осылайша ғасырлар тарихы жинақталған қара шаңырақтардың жүйелі жұмыстары қоғамымыздың рухани жаңғыруына елеулі үлесін қосып отыр.

 

Мұражай мамандары келушілердің қатарын көбейту үшін қызметтерін жандандырып, жаңартып, әртүрлі пішіндегі шаралармен қызықты етудің жолдарын іздестіруден жалықпайды. Бұл тұжырымды, біз, Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жұмыс үдерісімен таныс боғандықтан айтып отырмыз. Аталмыш мекеме биыл жыл бойына аудан-аудандарды аралап, жылжымалы көрме ұйымдастырып, қорындағы байлығымен көпшілікті таныстырып жүргенінен хабардармыз. Нәтижесі – көңілден шығады. Шалғай аудандарда жатқан елді мекендердің тұрғындары, әсіресе жас көрермендер көрменің құнды жәдігерлерін тамашалап, тарих пен танымнан мол мағлұмат алды.

 

Жергілікті мұражай әкімшілігі бұл жобаны кеңейтіп, көрші облыстармен рухани алыс-беріс әрекетіне кірісуі де құптарлық іс. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің әкімшілігі «Ғасырлар аманаты» атты кешенді тарихи-этнографиялық көрме жобасы аясында 195 құнды жәдігерді көлікке тиеп, қызылжарлық қауымды қазынасымен таныстыруы көпшіліктің көңіліне ризашылық сезім ұялатары қақ. Кеше жәдігерлер орналастырылған солтүстікқазақстандық тарихи-өлкетану музейінде көрменің тұсаукесер рәсімі өтіп, жұртшылыққа шараның басталғанын паш етуге жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды. Енді қала тұрғындары мен қонақтары Көкше көрмесін бір ай бойы тамашалай алады.

 

Қуаныш Шақшақов, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы:

 

«Ақмола облысы өзінің тарихи және рухани мұраларымен бай. Онда әлемдік мәдениеттерді жалғастырған ежелгі керуен жолдары тоғысқан. Ақмола-Көкше Ұлы Даланың даңқты хандарының, батырларының, билері мен ақындарының Отаны болды. Ақмола жері ұлттық интеллигенцияның бесігі болып табылады. Өлкенің рухани өмірінде ұлы Үмбетей жыраудың, Біржан салдың, Ақан серінің, Балуан Шолақтың, Шоқан Уәлихановтың, Сәкен Сейфулиннің, Ілияс Есенберлиннің, Иманжүсіптің, Мәлік Ғабдуллиннің және басқалардың шығармашылығы ерекше орын алады».

 

Көрмеге әкелінген екі жүзге тарта жәдігер әйнектің арғы жағына орналастырылған. Көненің көзіндей құнды дүниелер ғасырлар аманаты ғана емес, қазақ ұлтының салт-санасы мен тұрмыс-тіршілігінен түсінік беретін жуһарлар. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын қазақтың жауынгері киген тоқыма темір кеудеше немесе темір дулығаға қарап, бүгінгі бозбала жойқын күш иесі болған қазақ батырын көз алдына елестетері анық… Немесе қас шебердің қолынан шыққан күміс шашпауды таққан қазақ қызының көркем бейнесінен бүгінгі бойжеткен пәктіктің, инабаттылықтың, имандылықтың белгісін көрмеуі мүмкін емес… Көрмеде қолөнердің көз қызықтыратын түрлері көп. Түлкі ішік, оюлы бешпет, қос етекті көйлек, ақ орамал, былғары етік сияқты ұлттық киімдер өткен заманның бұйымдары, десек те олардың тігілу мен киілу үлгісі бүгінгі ашық-шашық жүретін жастарымызды ойландырары анық. Әр жәдігерге қарап, ой туындайды…

 

Ұлы тұлғалардың мүсіндері мен портреттері туралы мұражай маманының айтқан ақпараттары түйсіне білген адамға үлкен тағылым.

 

Айгерім Айдарбекова, экскурсия жүргізушісі:

 

«Осы ұлы тұлғалардың арасында қазақ қоғамының әртүрлі жіктерін топтастыруда маңызды рөл атқарған, мемлекеттік аумақтық бірлігін қалпына келтірген, Қазақ хандығын басқаруда түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырған көрнекті саясаткер, қолбасшы Абылай ханның орны бөлек…»

 

Бүгінде Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған қазақ халқының материалдық және рухани-мәдени жәдігерлерімен танысу үшін мұражай есігін айқара ашты.

Солтүстік Қазақстан облысы,

«Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button