Тарихты кім жасайды?
Әуезхан ШАШАЕВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих институты директорының орынбасары, тарих ғылымының кандидатымен сұхбат.
Тарихтан сабақ алатын кез-келген мемлекет ұлы тұлғаларын әспеттеген, себебі, өткенің осы тұлғалардың қызметі арқылы зерделенеді. Өйткені, қоғам тарихында басты рөлді ұлы тұлғалар атқарған. Тарихтан белгілі, әрбір халық үшін өзінің дана, отансүйгіш, елжанды, өр мінезді, алып тұлғалы перзенттерінің үлгісі маңызды. Халықтың халық болуы, мемлекеттілігі, тарихы мен мәдениеті, өнері мен өнегесі озық көшбасшылардың қызметінің арқасында қалыптасады. Осыған байланысты бүгінгі қонағымыз Ш.Уәлиханов атындағы Тарих институты директорының орынбасары, тарих ғылымының кандидаты Әуезхан Шашаевты әңгімеге тартқан едік.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу қажеттілігін атап көрсетті, осы орайда Сіздердің институтта қандай іс-шаралар жүзеге асырылуда?
– Қазіргі жетістіктеріміздің басым бөлігі барлық қазақстандықтардың еңбегі арқасында мүмкін болғаны айқын. Ел болып, етек-жеңімізді жиғалы бері Отандық тарихымыздың даңқты беттерінің көптігін айқындайтын деректік құжаттарды ғылыми айналымға қосуға барша зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар үлес қосты. Бұл бұрын ұзақ уақыт үстем болған, ең алдымен, еуроцентристік түсініктер мен империялық ұстанымдардан бас тарта отырып, бүкіләлемдік маңызға ие тарихи оқиғалар мен фактілерге толы еліміздің тарихын әлемдік өркениеттің қалтарысына шегеріп, дүние жүзі тарихының тура жолынан бұрмалап, «тағылық», «жабайы орда», «артта қалған халық», «дұшпандар» деген айдарлар мен т.б. тағылған таңбалардан арылуға жағдай жасады. Кеңес үкіметі кезінде тарихты жасаушы халық қана деп, ұлы тұлғалардың тарихтағы орнын артқа шегеріп, бүркемелеуге тырысқаны баршаға мәлімі. Ұлы даланың ұлы есімдері мәселесіне Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында тоқталған болатын. Мақалада өткен дәуірлердегі дүние жүзіне белгілі тұлғалар (Ескендір Зұлқарнайын, Конфуций, Шекспир, Гете және т.б.) бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр делінген. Елбасы «Ұлы дала тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» деп, Қазақ хандығы, Түркі қағандықтары, мұсылман Шығысының мемлекеттерінің (әз-Тәуке мен Абылай, Күлтегін мен Бейбарыс, және т.б.) атақты қайраткерлерін ерекше атап көрсетеді. Тағы бір тамаша жетістік, Елбасымыздың Мысыр мен Сирияға ресми сапары барысында Дамаскіде әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталығының салынуы, Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс кесенесін және Қаирдегі Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс мешітін қалпына келтіру туралы келісімге қол қойылғандығы. Биылғы жылдың басында Алматы қаласында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмасын орындау мақсатында «Ұлы даланың ұлы есімдері: зерттеудің методологиялық әдістері» атты республикалық «Дөңгелек үстел» өткізген едік. «Дөңгелек үстел» мақсаты – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы тапсырманы іске асыру аясында «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын орындау шеңберінде ғылыми зерттеулерді жүзеге асырудың жалпы әдіснамалық тәсілдерін әзірлеу, «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру тұжырымдамасының жобасын және ғалымдар қауымдастығы мақұлдаған әрі жалпыұлттық мүдделерге сай келетін, ғылыми тұрғыдан қалыптастырылған «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізімін талқылау болды. «Дөңгелек үстелдің» шеңберінде «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру тұжырымдамасының жобасы және «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізімі талқыланып, арнайы қарар қабылдады.
Қазіргі таңда жоғарыдағы қабылданған қарар негізінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар бірнеше кезеңмен атқарылуда. Атап айтсақ: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қатысуымен «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын іске асыру бойынша жұмыс тобының отырысы (төрағалық еткен А.Жаркенов – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары) – 2019 жылғы 31 қаңтар. Екінші кезең: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру тұжырымдамасын және Ұлы есімдер тізімін әзірлеу (жұмыс тобымен келісіп) (Институт директоры – З.Е.Қабылдинов, проф., т.ғ.д.) – 2019 жылғы 7 ақпан. Үшінші кезең: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ҒЗИ, жоғары оқу орындары, БАҚ және жұртшылық өкілдерінің қатысуымен «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру тұжырымдамасын және Ұлы есімдер тізімін талқылауға арналған «Дөңгелек үстел» өткізу – 2019 жылғы 12 ақпан. Төртінші кезең: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Қазақстан Республикасының өңірлері үшін «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын жүзеге асыру бойынша Әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу – 2019 жылғы 15 ақпан. Бесінші кезең: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ҚР БҒМ Ғылым комитетінің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының өкілдерімен бірлесіп, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағының орны мен орналастыру қағидаттарын негіздеу мәселесі жөнінде жұмыс отырысын өткізуі – 2019 жылғы 8 мамыр. Алтыншы кезең: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Мемлекет тарихы институтымен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласында «Ұлы даланың біртуар тұлғалары» «Дөңгелек үстелін» өткізу. «Дөңгелек үстел» отырысы барысында «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағының Нұр-Сұлтан қаласындағы орналасуының нұсқалары талқылауға түсті («Нұрлы жол» теміржол вокзалының маңайы; «ЭКСПО—2017» маңайы; Президент саябағының маңайы; Хан-Шатыр маңайы).
– Оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашудағы негізгі мақсаттар қандай?
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашудың негізгі мақсаты ретінде Қазақ халқының ұлттық бірегейлігін нығайту болып табылатынын атап көрсеткен еді. Бұдан басқа, қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің өзекті галереясын жасауды қолға алу, сондай-ақ, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет делінген. Ал бұл үшін Қазақстан Республикасының тиісті ұйымдастырушылық, зияткерлік және нормативтіқ-құқықтық базасының бар болуы «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағартушылық энциклопедиялық саябағы жобасын іске асыруға мүмкіндік беретінін атап кеткеніміз жөн. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңында (1992 жылғы 2 шілде), ерекше термин: «жаңадан тұрғызылған монументальдық өнер туындылары» деген бар, оның мәні, ұлы тұлғалар мен аса маңызды тарихи оқиғаларды мәңгілік есте қалдыру үшін салынған монументальдық өнер туындылары (ескерткіштер, стеллалар, бюстілер) қолданысқа түседі.
Жобаны жасау мен жүзеге асыру барысында қандай үлгілер мен жүзеге асырылған шаралар басшылыққа алынбақ, осы тұрғыдан не айта аласыз?
– Жобаны жасау мен жүзеге асыру барысында қандай үлгілер мен жүзеге асырылған шаралар басшылыққа алынбақ, осы тұрғыдан не айта аласыз?
– Әрине, біз тыңнан түрен салып жатырмыз деп айта алмаймыз. Халықаралық тәжірибенің көрсететіні, әлемнің озық елдері мемлекеттіктің негіздерін нығайту, азаматтық қоғамды қалыптастыру мақсатында ата-бабаларының әрекеттерін, атақты көшбасшы тұлғалардың, мәдениет қайраткерлерінің, Отан қорғаушыларының өмірі мен қызметін зерттеу мен естеліктерін сақтауға ерекше қараған. Міне, сондықтан жобаны жасау барысында жергілікті және халықаралық осы секілді үлгі тұтарлық саябақтар мен мемориалдық кешендердің тарихымен жан-жақты танысу әрекеттері жасалды. Мысалы, АҚШ-та атақты ұлттық саяси қайраткерлер мәңгі есте сақталынған. Атап айтқанда, салынуы 1927 жылдан 1941 жылға дейін созылған АҚШ-тың Рашмор тауындағы Ұлттық мемориалында АҚШ-тың төрт президентінің, яғни Джордж Вашингтонның, Томас Джефферсонның, Авраам Линкольннің және Теодор Рузвельттің бет мүсіндері жасалған. Бұлар АҚШ-тың ең атақты президенттері деп саналады, өйткені елдің негізінің қалануы, дамуы және өркендеуі дәл осы тұлғалардың есімдерімен тығыз байланысты. Ескерткіштер Рашмор тауының оңтүстік-шығыс жағында, Блэк-Хиллс Ұлттық қорығында, Оңтүстік Дакотада орналасқан. Осы мемориалдың аумағы бес шаршы шақырымнан асады.
Сонымен қатар, АҚШ-та 2004 жылғы 24 мамырда Вашингтонның Ұлттық галереясында Екінші дүние жүзі соғысының ардагерлері ұлттық мемориалы ашылды, бұл Екінші дүние жүзі соғысы майдандарына қатысқан АҚШ әскерінің 16 миллион жауынгерлері мен майданда қаза тапқан 405 мың жауынгерлерінің құрметіне тұрғызылған. Екінші дүние жүзі соғысы мемориалы лавр шоқтарымен безендірілген, 56 колоннамен қоршалған Кемпірқосақ деп аталатын су қоймасы болып табылады. Колонналар соғыс кезінде штаттар мен аумақтардың бірлігін танытады. Ал Ресейде Бірінші дүние жүзі соғысы кезінде, 1916 жылы Вязьма қаласында Жоғары Калуга көшесінен бастап, Станционное тас жолы бойымен өтетін бульвар салынған. Ол Бірінші дүние жүзі соғысының каһармандарына арналған. Бульвардың ортасында қаңылтырдан жасалған және ашық түсті мәрмәрлі биік обелиск (ескерткіш бағана) тұрғызылған. Келесі бір кешен 1954–1960 жылдары Түркияның Шанақкалесінде Бірінші дүние жүзі соғысы кезінде Галлиполь шайқасында қаза тапқан 250 мың түрік жауынгеріне арналған Шейіттер мемориалы. Мемориалдың астында мұражай, ал оның жанында түрік жауынгеріне арналған ескерткіш және түрік зираты бар. Зиратта қаза тапқан жауынгерлердің туған қалалары бойынша ажыратылған мемориалдық тақталар қойылған, әрбір тақтайшаның екі жағында қаза тапқандардың есімдері жазылған. Сонымен қатар, 2001 жылы Түркияда Фетхие қаласының ортасындағы жағалауда Түркияның Ұлттық қаһармандарына ескерткіш орнатылған. Фетхедегі қаһармандар ескерткіші: Азаттық соғысында, Шанақкале үшін болған шайқаста, сондай-ақ, Кипр мен Кореядағы қақтығыстар кезінде қаза тапқандардың рухына бағышталған. Ескерткіш тұғырын қоршаған барельефтер шайқаста қаза тапқан түрік жауынгерлерінің бейнесін көрсетеді. Ұлыбританияда 1921 жылғы 16 мамырда Уэльс ханзадасы Англияның оңтүстік-батысындағы, яғни Эксетерде Бірінші дүние жүзі соғысы жылдарына арналған Әскери мемориалды Девон графтығында тұрғызған. Мемориал пішіні крестке ұқсас. Крестің өзі гранитті үш сатылы тұғырға орнатылған.
Алманияның Танненберг қаласындағы Ұлттық ескерткіш Бірінші дүние жүзі соғысы кезіндегі 1914 жылғы жеңістерге, атап айтқанда Танненберг түбіндегі орта ғасырлар дәуірінде 1410 жылы және Мазур көлдері маңында болған шайқастардың құрметіне солай аталған құрылыс алаңы. Шығыс Пруссияда 1924–1927 жылдары салынып, 1945 жылға дейін болды. Францияда Шарль де Голль алаңында орналасқан Салтанат шеруі қақпасында (Триумфалдық арка) Революция мен Бірінші империя кезінде Францияға қызмет еткен 660 қолбасшылардың есімдері ойып жазылған. Міне, осылай тарихтың белгілі кезеңдерінде әр түрлі мемлекеттер тұтастай ансамбльдер мен мемориалдық кешендерді салғандарын көріп отырмыз. Олардың мақсаты кезінде мемлекеттіліктің қалыптасуына ерекше үлес қосқан атақты қайраткерлерін, ұлттық каһармандарын мәңгі есте сақтау. Қазақстан туралы айтатын болсақ, қазақтың әскери, қоғамдық, мемлекеттік, сондай-ақ, мәдениет қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне арналған көптеген ескерткіштер бар. Бірақ олар әдеттегідей, ортақ тақырыптағы ансамбльдер мен мүсіндік ескерткіштер тобын құра алмаған. Міне, сондықтан да Елбасы ұсынған оқу-ағартушылық энциклопедиялық саябақты құрудың қажеттілігі туындап отыр. Жобаны жасау барысында анықталғаны, қазіргі кезде аталған мәселе бойынша кешенді қамтылған іргелі зерттеулер іс жүзінде жоқ деп айтуға болады. Ұлы дала аумағындағы тұлғалардың тарихи үрдістерге тигізген әсері мен қосқан үлесінің ғылыми негізделген критерийлері нақтыланбаған. Сондықтан да Қазақстан тарихындағы ұлы есімдерді, тым әсірелемей, тұтастай ала, жанды образын жасай отырып, зерттеу мен танымалдандыру қажет. Ұлы дала аумағындағы тұлғалардың тарихи үрдістердегі орнын «Ұлы даланың ұлы есімдері» саябағын құру оқу-ағарту энциклопедиясын жасауға, ұлы ойшылдар, ақындар мен өткенің ұлы билеушілерінің бейнесін жасайтын галереясын қазіргі әдебиетте, театрда, музыкада және көркем суретте жекелеген интернет ресурстарында орналастыруға ғылыми нұсқаулық болатын ұсыныстар дайындау қажет.
– Жоспарларыңыздың ауқымы зор екен. Ал енді нақтылап айтсаңыз, келесі қадамдарыңыз қандай болмақ?
Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу институттары, орталықтары мен ЖОО-ның кәсіби мамандары мен ғалымдарының бірлескен жұмыстары нәтижесін ескере отырып, біздің институтта «Ұлы даланың ұлы есімдері» саябағын құру оқу-ағарту энциклопедиясының тұжырымдамасы әзірленді. Ол жалпы ұлттық мүддеге сәйкес келетін критерийлер негізінде қалыптастырылған «Ұлы даланың ұлы есімдері» негіздемесі жүйесінде дайындалған.
– Әуезхан Кәдіржанұлы, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағартушылық энциклопедиялық саябағын құру жобасы қандай нәтиже бермек, соған тоқталып өтсеңіз?
– Әрине, жоба барысында күтілетін нәтижелер көп, дегенмен солардың негізгі дегендеріне тоқтала кететін болсақ, бұл ең алдымен – «Ұлы даланың ұлы есімдеріндегі» тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы ғылыми деректерді және материалдарды айналымға түсіреді. Сонымен қатар, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағартушылық энциклопедиялық саябағы интерактивті картасын жасау арқылы геоақпараттық технологияларды пайдалана отырып, мультимедиялық қосымшалар арқылы қазақ халқының ұлы тұлғаларының өмірі мен қызметімен танысу мүмкіндігіне қол жеткізіледі. Ал халықаралық аренада Қазақстан мен қазақ халқының тарихи-мәдени мұраларын танымал етудің тиімді тетіктері әзірленіп, жүзеге асыру мақсаты да қойылған. Туристік кластерді қалыптастыру, экскурсиялар және білім беру мақсаттарына арналған басқа да іс-шаралар үшін «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағартушылық энциклопедиялық саябағы мүсіндік ескерткіштерін пайдалану жүзеге асырылады. Отандық, аймақтық және халықаралық деңгейде қазақ халқының ұлттық тарихи мұралары насихатталады. Қазақ халқының бірегейлігін нығайту бағытындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге де бұл бағдардың қосар үлесі зор болмақ. «Мәңгілік Ел» және «Ұлы дала Елі» идеялары негізінде қазақ халқының құндылық жүйесі нығаяды. Жоба Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраларын сақтауды және тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.
Алматы қаласы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисі