Сұхбат Редакция таңдауы

Біз театрда қоғамдағы кемшіліктер түзелсе екен деп сынадық

Сағаділдә Үсіпәлі – қазақ эстрадасының қара шаңырағына айналған, заманында сатиралық және музыкалық концерттерімен одақ көлеміне танымал болған «Тамаша» ойын-сауық отауының саңлағы. Театр және кино салаларында қажырлы еңбек етіп, қазақ өнерін дамытуға, елінің мәдениетін байытуға өмірін арнаған, есімі құрметпен аталатын белгілі театр, кино актері, сценарист әрі жазушылығы да бар Сағаділдә Үсіпәлі ағамызбен өнері, қазақ театрының өткені мен бүгіні һәм болашағы туралы сұхбаттастық.

– Сізді ел халықтың жүрегінен орын алған «Тамаша» арқылы біледі. Тұңғышбай, Сұлтанәлі, Уайс ағаларымыз бастаған «Тамашаға» Сіз қалай келдіңіз, сол сәтке бір оралайықшы.

– Өзім де бала кезімнен «Тамаша» ойын-сауық отауын көріп өскенмін. «Тамашада» жұмыс істеймін-ау деген, үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Реті табылды ма, әлде ыңғайы келді ме, Мағауия Қозыбағаров деген менің курстасым «Тамашада» жұмыс істеп жүрген кезінде Ұлықпан ағамызға «осындай бір қалам тартатын жігіт бар» деп мені ұсынған, солай шақырту алдым.

Ұлықпан Есенов ағамыз – «Тамаша» ойын-сауық отауының құрушысы. «Тамашаның» түпсанасы еді ғой. Ол әзілді тани білетін. Қазір қойылым қойып жүргендердің қиналып, шатасатын нәрсесі де сол. Кейбіреуіне қағазға жазып берген материалды оқу, кейбіреуіне жәй айтып беру, ал тағы біреулерге ойнау ыңғайлы болып тұрады. Ұлықпан Есенов ағамыз осылардың ойнауға ыңғайлысын бірден танып қоятын. Көбісі оны тани білмейді.

Сол кісінің шақыртуымен «Тамашаға» алғаш келуім. Бірінші көргеннен тақырыбын айтып, тапсырма берді. Жатпай, тұрмай жазып, ертеңіне өткіздім. Өйткені аты шулы баяғы Құдайберген Сұлтанбаев, Уайс, Тұңғышбай, Мейірбан сынды ағаларымыз, Лидия апайымыз еңбек  еткен жерге жұмысқа қабылдануға мүмкіндік туып тұрғанына қуанып, таңғалып, белсенді екенімді көрсеткім келді. Ұлықпан аға жазып келгенімді оқыды да «әй бала, тіліңнің тотияиыны бар екен» деп мені жұмысқа қабылдады.

Басында жәй ғана сценарист ретінде жұмыс істедім. Уақыт өте басқа әртістердің сахнаға шыққандарында тыпыршып, қызыға бастадым. Не дегенмен мамандығым актер болғандықтан, басқа әртістердің сахнада тұрып, қошеметке бөленіп, гүл алғандарын көргенде құлшыныс та, қызғаныш та пайда болады екен. Содан ағамызға айтып, рұқсатын алып, актер ретінде жұмыс істей бастадым. Сахнаға шыққанда аты шулы үлкен Ұлғайыс сияқты ағаларымызды көрген уақытта, аяқ-қолым қалтыраған уақыттар да болды. Сіз айтасыз ғой сол сәтке оралайықшы деп, мен ол сәтке күнде оралғым келеді. Күнде таңертең оянған кезде «әй шіркін, бар кезде, қасымда жүрген кезде бағалай алдық па, қадірлей білдік пе» деп ойланамын. Жалпы адамзатқа ортақ өкініш екен ғой.

– Сағаділдә аға, шыны керек, сол «Тамашаның» шығарылымын халық күтетін. Теледидардан күні  хабарланғанда адамдар соған қарай тірліктерін бітіріп, ыңғайлайтын еді. Теледидары жоқ адамдар туыстарының немесе көршілерінің үйіне барып көретін. «Тамашаны» көргенде «мынау біздің бастық қой» деп айтып отыратын. Қазіргі таңда жалпылама кеткен әзіл-сықақ театрлар көп. Бүгінгі сатира қандай өзі?

– Сатираның деңгейін бір-ақ мысалмен жеткізіп көрейін. Өзіңіз айттыңыз ғой, сынға түсіп қалмас үшін барын салып, тырысатын деп. Біз көшеде келе жатсақ, қоғамдық орындарда, жолда МАИ қызметкерлері ұстап алған кезде бірден танып «Тамашаның актерісіз ғой, өрескел ереже бұзған жоқсыз, қойылымдарыңыздағы сыни әзілге түсіп қалмайықшы» деп өтініп, жіберіп жататын. Ал, кейінгі жылдары сол жерде істейтініме өкініп қалатындай жағдайлар да болды. Неге десеңіз, адамдар бізге сайқымазақ деп қарай бастады. Менсіңкіремей «олар сайқымазақ қой» дейтін. Айналайын, сайқымазақтың киімін киіп, алдыңда өнер көрсеткен жерім жоқ еді, солай айтатындай. Біз театрда мемлекеттегі, қоғамдағы кемшілікті тұстар түзелсе екен деп сынадық. Оларды кәдімгідей сүйредік, түйредік. Соның арқасында бізден қорқатын еді. Қазіргі жас буын қазақша контентті дамытып жатырмыз дейді. Оларың жақсы екен, бірақ халық орысша сөйлейді екен деп орысша түсіріп, олар боқтағанды жақсы көреді деп боқтағанды да жасап жатырсыңдар. Осыдан аулақ болсақ… Оның бәрін халықпен бірге ауа жайылып кету деп есептеймін.

– Өзіңіз біраз киноға түсіп жүрсіз, образдарыңыз италияндық актерлерді елестетеді. Студенттік кезден үлкен іске араласып, киноға түсіп жүргеніңізге он бес жылдай уақыт болды. Жалпы қандай кейіпкерді сомдап, қандай киноға түскіңіз келеді?

– Тарихи киноларға көбірек түсіп, тарихи тұлғаларды сомдағым келеді. Жақсы кейіпкер болсын, жаман кейіпкер болсын кез келген актердің арманы деп ойлаймын. Студенттік кезде бәрі жақсы адамның образын ойнағысы келеді, бірақ уақыт өте жаманды да жетер жеріне жеткізіп ойнау кез келген адамның қолынан келе бермейтінін түсінесің. Мысалы, Асанәлі ағамыз бір Бекежанды ойнау арқылы қаншама халықтың жүрегінен орын алды.

– Сізді өнердің барлық саласына қатысы бар адам деуге болады. Актерсыз, сценарий де жазасыз, сондай-ақ радиода саяси хабарларды да жүргізіп тұрасыз. Сұрайын дегенім, отыз-қырық шақты картинада түрлі образды сомдаған әйгілі голливуд актеры Брэд Питт сияқты актерлік шеберлікке қол жеткізген бізде замандастар бар ма? Бұрынғылар болды ма, кейінгілер қандай?

Әртүрлі образдарды ойнай алатын актерлер бұрын да болған, қазір де бар. 1980 жылдың ортасынан бастап 1990 жылға дейін Қазақфильм шығаратын кинолардың 80%-ға жуығы авторлық болды. Авторлық филмдердің көрермендері көп емес. Белгілі бір топ қана тамашалап, баға береді. Ал бізге көпшілік көретін кино керек қой. Әбден дамыған шақта ғана авторлық киноларға ауысуға болар еді. Бірақ бізде керісінше болды. Мүмкін олардың ойлағаны басқа болған шығар, дегенмен сол уақытта қазаққа бір жиіркенішпен қарайтын фильмдер көбейіп кетті. Қазір басқаша, қалағанынша түсіріп жатыр. Алғашында мен айтқан тәртіптер бұзылды. Әйтеуір «халық орысшаны жақсы көреді ғой» деп орысша сөйлеу басым болды. Қазір байқап қарасам, ол да ақырын азайып, қазақ тілінде шығатын кинолардың үлесі артып келеді.

– Кейінгі жылдары әртістер, әншілер қаптап кетті. Жұртшылық оларды білімсіз, санасыз пенделер деп қабылдай бастады. Бір ағамыздың шегірткелерге де теңеп жіберген кезі болды. Енді сізге қарасам, оқымаған кітабыңыз жоқ, білмейтініңіз аздың қасы сияқты. Білімге құмарлығыңыз қашан пайда болды? Қандай кітаптар оқығанды ұнатасыз?

– Жалпы барлық адамдардың әртүрлі хоббилері бар ғой. Менің кейде бір қысылып, ұялып қалатын тұстарым бар. Ол не десеңіз, мен футболды жақсы ойнай алмаймын. Одан кейін жақсылап ләңгі тебе алмаймын. Соған аяғым жөндеп бейімделмепті. Ал жүгіру жағынан ешкімге бой бермейтінмін, турникке тартылу дегенге келсек, менімен сегізінші сыныптан кейін ешкім жарыспайтын еді. Осал жақтарымның орнын кітаппен жаптым. Кітаптарды көп оқып отырған екенмін. Оның үстіне «Құланның қасынуына – мылтықтың басылуы» дегендей, әулетімізге бірінші түскен жеңгеміз мектеп кітапханасының басшысы болды да, сол жердегі бүкіл кітаптардың барлығын оқитын едім. Ол кезде тапшы кітаптар деген бар еді ғой, сол кітаптар менің қолымда болатын. Есесіне ол кісіге көмек көрсететін едім. Оның үстіне Әжем марқұм сауатты болды, бес жасымда мені газет оқитындай қылып өсірді. Соның арқасында өзімнен үлкен 1969 жылғылармен мектепке бардым. Жылдам оқитын болғаннан кейін география, әдебиет және т.б. кітаптарды оқып, санама сіңіре бердім. Біреулерге үйде ілініп тұрған  күнтізбені жырту қызық болса, маған күнтізбенің артқы бетінде жазылған танымдық ақпаратты оқу қызық болды. Елдер маркер, темекінің қорабын жинайтын болса, мен сол қорап-қорап күнтізбенің парақтарын жинайтын едім. Сосын «Қазақ әдебиеті», «Мәдениет және тұрмыс», «Ана тілі» газеттерінде өзім жақсы көретін тарихи мәліметтер болса текшелеп, бәрін жинайтынмын. 1998 жылы Алматыға әке-шешемді көшірген кезде солардың барлығын ауылда тастап кетіп, сол бойы жоғалды. Шешеме қатты жыларман болған сәтім осы болды. Қазіргі кезде бәрі қолжетімді ғой, бұрынғыдай емес…

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button