Жаңалық

ТАРПАҢ ТАЛАНТ

Талантты қайраткердің фәни ғұмырында атқарған қызметі, еңбегі мол. Ол – халық есінде даңқты композитор, дәулескер күйші, талантты дирижер ретінде мәңгі жасай бермек. Ол – Халық қаһарманы. Ол – Халық әртісі. Ол – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол – дара дарын. Сәуірдің бірінші жұлдызы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Көзі тірісінде бүгін 94 жасқа толар еді.

Бүгін «Япырау, не заман болды бұл? Әркімдер айтып жүргендей, тіліміз жойылады дегені не сұмдық? Қайран Сүйінбай.., бабам Жамбыл.., ақылдың кені Абай.., ел сүйсіндірген Кенен ата, күй дүлдүлі Құрманғазы, Тәттімбеттер, Байсерке, Қожекелер – сендерден сөз асып па еді, желеп жебеген рухың көтерер, менің мына шер күйімді. Сүйінгенім сендер ең. Күйіндірді-ау бұл заман. Ақырын, ақырын шегініп, алыстаған асылдарым. Қазағымның аманатын арқалай алмасам мен кіммін!? Ұрпақ алдындағы парызым қайда қалмақ? Ұлттық дәстүрді таста дейді..! Не күй, не сор бұл!?

Жоқ олай болмас. Елім барда, жерім барда қарап жатпаспын. Мәселенің мәні оркестрде. Оркестр болғанда, қазақтың өзіне ғана тән, ғасырлар қойнауынан жеткен халқымыздың көне музыкалық аспаптарынан құралған оркестр. Бұл оркестрді қазағымның өз тілінде, ұлттық рухта сөйлетуім керек. Қарасай мен Махамбеттің, Қабанбай мен Бөгенбайлардың ат дүбірін, елімнің бостандығын, арман-тілегін музыкалық тілмен паш етуім керек. Абылай салған ақ жолды паш етуім керек» деп, елі үшін еміреніп, қазағы үшін қамыққан ұлдың, Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Қазақтың тарих сахнасында еркін жүргені осындай ерлердің арқасы.  Біртуар азаматтың ғұмыры жайлы, өнері хақында көзін көргендер азаматтардың сағынышқа толы жүрек сөзіне назар аударсақ:

Н.Тілендиевтің жары, ҚР еңбек сіңірген әртісі Дариға Тілендікеліні: 

– Нұрағисаның ақ торғын кейпi, ақ бұлтқа айналғандай көзден ғайып болды. Ендi бiр сәт айбынды Алатау, ұлы дала Нұрғиса-а-а, Нұрғиса-а-а, деп дүние бiткен теңселе жаңғырыққан екен деймiн. Нұрғиса рухының табиғатпен астасқан оркестр үні тау арасынан бебеулеп құлағыма жеткендей сол үннен, сол дауыстан селк етiп ояна келіп;

– Нұреке, Нұреке, – деп қол созыппын.

– Уай жалған дүние-ай. Қуып жеткізбес арман-ай, алыстап тағы кеткенің бе, Нұрекем, деппін ынтық сезіммен. Абыз бейнең – «Ата толғауыңда», қазағыңның тарихы мен Еліміздің тәуелсiздiгi жолында елiм деп соққан жүрегiңнiң лүпiлi – «Көш керуенiңде» үн қатады. Халқыңның өткенi мен бүгiнгi тарихи шежiресін, алдағы бағыт-бағдарын музыка тiлiмен жеткiзiп, тарту еттiң. Сен бiзге сол үшiн де қадiрлiсiң, Нұрекем! Армандаған арманың, аманатың орындалуда. Әне сенен қалған дирижерлік тұғырда өмір ізіңді жалғастырар Дінзухраң тұр. Немерең міне, қымбаттым! Ұрпағың жалғасуда! Өмір жалғасуда…

Домбырашы-күйші, музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Жарқын Шәкәрім: 

Бір қарағанда өңі суықтау көрінгенімен әңгімелесе келе – кіршіксіз пәк, тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы көзін ашып тұнығынан нәр бергендей ғажап адам көз алдымда отырды. Ол айтқан әңгімелерге қызыға түстім. Нұрағаңның сүйген жары Дариға Тілендікеліні екеуіміз бірігіп, 2003 жылы «Нұрғиса Тілендиев» деген кітап жазғанбыз. “Нұрғиса Тілендиев” ғұмырнамалық кітабы

Одан кейін алда келе жатқан Нұрағаңның мерекелік шараларына орай жұртшылық біле берсін деген мақсатпен сол кітап негізінде оның бейнесін сомдау мақсатында «Нұрғиса – Нұр – Дариға» пьесасын бірлесіп жаздық. Пьесаның желісі композитордың зайыбы Дариға Тілендікелінінің еске түсіруі арқылы өрбиді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің және Н. Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе:

Өнерде жолы болған адам деп есептеймін. Ахмет Жұбанов атамыз бастаған небір таланттардың алдынан өткен, тәлімін алып, тағылымын терген, өмір бойы сол тәлім-тағылымының арқасында қызмет еткен жан. Өзіне дейінгі күй мектебін бойына әбден сіңірген, табиғат жаратқан күйші. Халқының қошеметіне бөлені композитор болсын, дирижер болсын, күйші болсын кез-келген өнер адамының арманы. Сол арманына жете білген тұлға. Нұр ағаның шығармашылығы үш бағытта дамыған. Әуелі – күйшілік. Кейін – композиторлық, содан соң – дирижерлік. Осы үш салада да өзінің тарлан талантын көрсете білген адам. Қазақфильдегі мультфильмдерге жасаған жақсылығы, сіңірген еңбегін айтудың өзі артық. Бұны халық онсыз да біледі.

ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаев:

Нұрғиса Тілендиев ағамыздың «Отырар сазын» құрғанын көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік. Талай шығармашылық концертінің басы-қасында болдық, қызықтадық. Нұрғиса Тілендиев әуелі үлкен күйші, композитор. Содан соң халық күйлерін өңдеуші. Үлкен халықтық оркестрлердің орындауына лайықтап түсіруші. Халықтың арасында «Нұрғиса күйді башпайымен тартқан» деген әңгіме бар. Бірақ, онысына анық көз жеткізбедік. Десе де, бір емес бірнеше адамнан осыны естідік. Нұрғиса домбырада вертуозды ойнауымен, ешкім қайталай алмайтын, ешкімде қайталанбайтын дыбыстарды алуымен ерекшеленеді. Бұндай адам мың жылда бір туады. Қазақ күй өнеріндегі шоқтығы биік азамат деп танимын.

Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button