Сұхбат

Балаларға ұлттық тәрбие беруді қолға алуымыз керек - Талғат Теменов

Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, режиссер, киносценарист Талғат Теменов өзекті мәселелер қозғаған сүйекті сұхбатты оқырманға ұсынып отырмыз.

– Бүгін біз мәдениет туралы айтқымыз келеді.  Өйткені, бүгінгі сұхбаттың қонағы үш буын жастарға үлгі болған – Талғат Теменов. Әңгімемізді “Айбоз” сыйлығын алған, Абай жайлы пьесаңыздан бастасақ?

– Мен бірнеше жылдар бұрын, Лос Анджелесте спектакль көрдім. Чеховтың пъессасы бойынша, апалы-сіңілі үш қызды солар қойыпты. Мені таңдандырған спъектакльдың қойылымы, оның техникалық неше түрлі шоулары емес, сол кейіпкерлердің ішінде Чеховтың өзінің жүргендігі. Яғни, Антон Павлович Чехов өзінің кейіпкерлерімен өзі сөйлесіп жүреді. Кейін уақыт өте келе мені сол спектакль қатты ойландырды. Біз Абай дегенде қашан да Абайдың өлеңдерін, әсіресе Мұхтар Әуезовтің Абай эпопеясын айтамыз. Одан кейін Абай жайлы көптеген пъессалар жазылды. Мұқаңнан бастап, “Абай-Тоғжан” басқа дүниелері бар. Оның әсіресе Шәкен Айманов жасаған «Жас Абай» бар. Көптеген қалам тартқан адамдардың барлығы Абайды сахнаға алып шықты. Сол кезеңдерде мені осы ой, біз Абай дегенде Гетені айтамыз, «Қараңғы түнде тау қалқып». Одан кейінгісі «Татьянаның әні». Ұйқылы ояу жатқанымда таңда әртүрлі ойға бөленесің. Сонда бір кезеңдерде мен Абай мен Пушкиннің кездескенін қиялдандым. Сосын, Абай мен Татьянаның, егер Абай қазақ даласына Татьянаның әнін жүз жыл бұрын алып келетін болса, яғни ол Абайдың жүрегіндегі, Абайдың кеудесіндегі, санасындағы сүйікті кейіпкердің бірі – Татьяна. Бұл тек қана Абайдың жас кезіндегі ғашықтық поэзиясы ғана емес, іңкәрлік, сұлулық, махаббат емес. Татьяна да сол Абайдың сүйікті кейіпкері. Осы кезде Татьяна мен Абайдың тілдесуі мені қызықтырды. Осы тұрғыдан келгенде,  шығыстың жеті шайыры, жеті философы Әл Фарабиден бастап, үлкен ғалымдармен Абайдың тілдесуі. Яғни, бұл философиялық тұрғыда жазылған туынды деп білемін. Қазақтың болмысындағы бұл басқа көзқараспен келген нәрсе. Мысалы, ұстаздықтың бірнеше түрі бар. Молданың алдындағы ұстаздық, екіншісі мектептегі ұстаздық, ата-ана да ұстазың, жолдас жораң да ұстаз деуге болады. Одан басқа ұстазың- кітап.

– Үнемі ізденіс үстінде жүресіз. Абай – қазақтың айнасы ғой. Ғылым жолында “Қолымды мезгілінен кеш сермедім”, – дейді бір өлеңінде. Сізде сондай өкініш бар ма?

– Адам болғаннан кейін әрине, өкініш болады, болуы заңды. Әсіресе, ақын адамның мәңгі серігі өкініш пен сағыныш. Мен әрине өкінемін. Осыдан екі ай бұрын өз күнделігіме жаздым. Өзімнің саналы ғұмырымның 25 жылын бекер деп айтуға болмайды, алты жыл «Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының» ректоры болдым, 13 мамандық аштым, жатақхана алып бердім. 1994 жылы Мәскеу мен Ленинград бүкіл мамандықтарды тоқтатқан кезде, жаңа мамандықтарды, кино мен ТВ мамандығын ашамын деп жүрдім. Қазақ театрын көтеру керек деп, 10 шақты жылым «Мүсірепов театрына»  кетті.  «Қуанышбаев театрында»  ғимараты жоқ, осыны көтеремін деп жүріп алты жылым кетті. Ойлап қарасаң, көптеген жылдарым шенеунік жұмыспен кеткен екен, өкінетінім сол. Жастарға айтарым, шенеунік жұмысқа бармаса екен деймін. Себебі, дарындылықты, талантты ата-ананың қаны ғана емес, Алланың берген сыйы болатын болса, оны халыққа сол қалпында қайтару керек. Ал, шенеунік жұмысты басқа адам істеуі мүмкін, ал қолынан іс келетін адамның, дарынды адамның нағыз жас кезінде, отызында орда бұзып, қырқында қамал алатын парасатты адамдардың шенеуік жұмыста жүргенін құптамаймын және оған қарсымын.

– Суретші адамның жан дүниесі дұрыс қой, бірақ әлеуметтік мәселесі деген бар ғой. Тәуелсіздіктің 30 жылында айқайлап айтатындай, әлемде танылған Димаш Құдайбергеновтен басқа іліп алатын азаматтарымыз аз ғой. Коммунистік партия деп жамандаймыз, бірақ сол тұста қазіргі юбилейлеріне жүгіретін әйгілі ақын жазушыларымыз бәрі сол кезде келді. Сол кездегі суретшілер, жазушылар қатты сынайтын Саттар Имашев, Дінмұхамед Қонаевтің идеалогияларындағы көмекшісі ғой. Сол кісілердің еңбегін, феноменін қайтадан оқу керек сияқты, қалай қарайсыз?

– Саттар ағамыз, Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз бұл кісілер Шәкен Аймановтан бастап, жазушылардың Ғабең, Әуезовтен кейінгі коммунистік қоғам деп социальдік жағын айтпай, ішкі адами қалпын айтатын болсақ, сол кездегі қазақ әдебиеті, қазақ мәдениеті, қазақ руханияты үлкен белеске көтерілді. Мысалы, балетте Болат Аюханов, Рамазан Бапов “Гүлдерді” ашып жатты. Қаншама үлкен дүниелер сол кезде өмірге келді. Осылардың барлығы қазақ жастарының өсуіне, өркендеуіне үлкен әсерін тигізді. Өйткені, үкімет  басында осының бәрін түсінетін абыз бабамыз Қонаев ақсақалымыз болды, оның жанында Ілияс ағамыз мәдениет министірлігінде, Саттар ағамыздың барлығы қазақ халқының рухани жаңартылуына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз .Мұны уақыт өткен соң ғана түсініп жатырмыз. Басында оларды көп сынап жүрдік. Бірақ, ондай жағдай әр кезде болады, әсіресе, атқа мінген шенеунікті  сынау, кекете отырып мұқату қанымызда бар. Сондықтан оларды сынағанмен олардың барлығы өз бағасын алады.

– Өткенде президент Қасым-Жомарт Тоқаев  мәдениет, кино туралы сөйлегенде көрші қырғыз елінің «Құрманжан датқа кім?» фильмін айтты. Садықов депутат та, режиссер де болып жүр. Сіз жақында «қара қыз» фильмін жасадыңыз, президентке көрсетуге бола ма? “Құрманжан датқа кім?” фильмін көргенде амалсыз колонияға түскен ұлттың дәрменсіздігін көргенде  өксіп жылағың келеді ғой.

– Бұл «Қара қыз» сценарийі өмірге келуі қиын әрі қызық болды. Мен Қазақфильмге жаңа ассистент болып келген уақытта, сол кезде Мәскеуде оқыған, «Мосфильмде» ассистент болып істеген, Иван Грозный түсірілген кезде көзімен көрген Дариға Тыналина деген апамыз болды, ол кісі дубляж режиссері еді. Сол апамыз соғыс кезіндегі «ЦОКСты» көрген, яғни 1941 жылы «Мосфильм» мен «Ленфильмнің»  Қазақстанға көшіп келгенін көзбен көрген. Сол кісінің айтқан әңгімесі жадымда қалды. Сол кезде кино  училещесі болған. Көптеген біздің асыл ағаларымыз  кино училищесін бітірген 1941-42 жылдары оператор мамандығына 7 қызды таңдап, жіберген еді. Біреуі қайтқан жоқ деп айтып еді. Былай қарасаң заңдылық сияқты. Егер бүкіл кеңес мемлекетінің кино жүрегі Алматыда болып, сол кездегі алматылық қыздардың операторлықты үйренбеуі жараспас еді. Бірақ өкінішке орай, бірде-бір қыз қайтпаған екен. Бұл тарихтың белгісіз беттері. Әрине, біреулер соғысты неге түсірді деген сөз бар. Соғыс бізде екінші фон болып жүреді. Ол жерде атысып жатқан немістер көрінбейді. Бұл жерде соғыстағы махаббат. Шыңғыстың сөзі бар «қан майданда сол сұрау, қайткенде де қалады адам болып» деген. Адамның махаббаты қандай жағдайда да биікте, адамды адам қылып алып қалатын сол биіктік пен махаббат. Киномыз осы туралы.

– Сіз енді қазір жазушы, қаламгер, кинорежиссер және театрдың үлкен көркемдік жетекшісі екеніңізді білеміз.Театрға оралсақ.

– Жалпы, өнердің қай саласы болсын, айтыс өнері, эстрада өнері, балет, бейнелеу өнері болсын… Театр өнері соның ішінде басқа өнерге қарағанда айырмашылығы бұл поэзияға, айтысқа пара-пар келген қазақ тілінің қалыптасатын жері, бұл бір. Екіншіден, қазақ тілінің әдеби тілмен жазылған мақамның сахнада айтылатын кезі. Ана тілінің тал бесігі осы – театр. Біз анау жоқ, мынау жоқ деп айтып келе жаттық. Біз соның ішінде екі нәрсені жоғалттық. Біз шындықты жоғалттық, шындық дегеніміздің бәрі шын болмады. Ауру діттеген бөлмеде сау адам қалмайды. Шырылдаған шындық босағада қалды. Ана тілінің тек басы ғана есіктен сығалады. Осы екеуінен тараған жемқорлық, әділетсіздік, көз жас, зорлық-зомбылық болсын, осының барлығы екі қасиетті дүниеден айырылғаннан кейінгі болған жағдай.

– Театр халыққа рух беретін, елдің көзін ашатын, халыққа күш беретін дүние емес пе?!  Неге біздің тәуелсіз елде театрлар халықты оятып, алға бастамайды?

– Ленком Захаровтын театры Ресейдегі алдыңғы қатарлы үлкен театрдын бірі. Марк Захаров ол театрға 30 жыл еңбек етті, сол театрды сүйреді. Мысалы, Мәскеудің өзінде 10 шақты жылдың өзінде 202 театр болған екен, қазір 250-ге барған шығар. Жалпы, тобырды халық жасайтын театр деп айтады. Ал бізде де тобырды халық жасау үшін шындық болу керек. Шындық айтылмаған жерде тобыр-тобыр қалпында қала береді. Ғасырдан ғасырға келе жатқан ұлттық тәрбие деген бар шындық болмағаннан кейін, біз одан айырылып қалдық,.

– Екінші сұрайын дегенім,  өнердің үлкен мәйегін көрсетіп жүрген ағылшын еліндегі Бенедикт Камбербэт. Сондай актер шығаруға болады ма? Оскарды 2 рет алды. Оның киносын сүйіспеншілікпен жас та, кәрі де қарайды. Сондай актер тәрбиелеуге ұстаз Теменовің қазіргі мүмкіндігі бар ма?

– Жалпы, халық болғаннан кейін,  ел болғаннан кейін ердің тууы, ақынның тууы заңдылық. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын ірілер бүгінде қазақ қоғамында дарынды жастар бар деп білемін, соған сенемін. Өз басым қазақтың атын шығарып жүрген, әсіресе шетелге танымал қазақ балаларының барына мен ризамын. Осыдан 20 шақты жыл бұрын біздің бишілер Токиода балет театрында істеп жүрді. БІздің жігіттер әншілер Германияда болды. Біздің Майралар операда өлең айтты. Ален Бурибаев, дирижерлар әлемге танылды. Димаш, Иманбектер қазіргі таңда қазақты әлемге паш етіп жүрген, тек талантымен ғана емес, адамгершілігімен, тәрбиесімен әлемді мойындатып жүрген жастардың барына мен ризамын және мақтанамын. Әрине, шет елге шықпағандар талантсыз деп айту мүмкін емес, одан басқа көптеген жастар бар, жас режиссерлер, жас актерлер, жас жазушылар, жас ақындар. Олар бірден шығуы мүмкін емес, әр гүлдің өзінің бәйшешегін ататын мезгілі болады. Табиғаттың заңы. Барлық  гүлдер бір мезгілде гүлдемейді.

– Алда қандай кинолар түсіріп, спектакльдер қойып, халықты қайта үлкен өнерге оралтамын деген арман бар ма жүрегіңізде?

– Әрине, менің арманым да, ниетім де, қазіргі алға қойған мақсатым да, Алла қанша ғұмыр берсе алдағы уақытымды шығармашылыққа, яғни кітап, пъесса жазуыма, сценарий жазуыма, болмаса кино түсіріп спектакль қоюға арналады деп ойлаймын. Өйткені мен шығармашыл адаммын. Менің ойым да, санам да, уақытымның барлығы шығармашылықтан тұрады. Ал шығармашылық адамға қанат бітіретін де, өсіретін де шығармашылық. Көптеген арман-мақсаттарым бар. Тек уақыт болса екен деп тілеймін

Оқушыларыңыз бар ма?

– Бар. Бұрыңғы оқушыларыма Баян, Мадина Балғабаева, Серік Өтепбергенов, Талғат Бектегенов алғашқы шәкірттерім. Кейінгі шәкірттерім Елена Лисасина, Майя сценарист, Дархан Төлегенов. Қазір «Шабытта» 2 курсым бар, біреуі бітірейін деп жатыр, біреуі енді түсейін деп жатыр. Экономикалық жағдайға байланысты олардың барлығы өндіріске бара алмай жатыр. Уақыт өтсе олардың да жұлдызы жанады. Олардан да жақсы режиссерлер шығады деген үмітім бар.

– Жастармен күнде кездесіп жүрсіз. Қазақ киносы, қазақ театры қай бағытта дамып бара жатыр?

– Өнердің қай саласы болмасын, бұл халықтын руханиятына, мәдениетіне, әдебиетіне, жан дүниесіне қызмет етеді. Елдің экономикасы болғаны, халықтын қарны тоқ болғаны жақсы. Алайда, тек қана экономикамен айналыссақ біз елдің руханиятына көңіл аудармасақ, халық халық емес тобырға айналады. Тек қана мәдениет пен әдебиет қана халықты, ұлтты сақтайды. Мәдениет, әдебиет, тіл. Осы үш нәрсе болған кезде, барлығы болады. Қазір бізде білімі аз, оқымаған, бірақ дін жолына түскен қаншама жастар көбейіп кетті. Неге? Білімсіздіктен. Осылардың барлығы кітап оқымаған, поэзия жаттамаған, спектакль көрмеген, кино қарамаған, қараса да жеңіл-желпі комедия көріп өскен. Сондықтан, қазіргі қоғам өте қиын шақта тұр. Әлемдік геосаясатта Қазақстанның тұрған жері, біздің территориямыз, біздің экономикамыз, қорғанысымыздың барлығы бізді алаңдатады. Бізге көмек болатын білім мен ғылым, өнер мәдениеті.

– Қарап отырсақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанды» жариялады ғой, бәрі жатып алып, ал енді өзің жаса деп қарап тұрған секілді. Ал оны жасау бүкіл қоғамға міндет. Әсіресе, Тәке сіз секілді тұлғалардың міндеті секілді.

– Менің өзімнің тілегім, ойым, міндетім егер менің спектакльімнен  рахаттанып, тазаланып шықса, киноларымнан қанаттанып, арқаланып, өмірге ғашық болып шықса, болмаса жазған дүниелерім әсер етіп жатса, көрермен мен оқырманның санасы мен жүрегіне әсер етіп жатсам, ол жастардың қоғамға әсер ететініне мен сенемін. Мысалы, сағатты ашып қарасаң ішінде неше түрлі детальдан тұрады, кішкентай үлкен шеңберлер бар айналып тұрады. Сол секілді мен қоғамды өзгертемін деп айта алмаймын. Өйткені бізде бір философия, бір ұғым пайда болды. Өзіміздегіні өзіміз мойындамау. Біз агрессиямен өскен қоғам болдық.

– Осыны қалай жөндеуге болады? Комикс жасап Париждің төріне барып сыйлық алып жатқан жастар бар, Иманбек Голливудты аузына қаратты, Димашқа бүкіл әлем әншілері қосылып ән шырқады. Бірақ, осының барлығы шамның жарығы секілді жанып келе жатады да, сөніп қалатын секілді. Осыны сөндірмеудің қандай мүмкіндіктері бар? Енді сіз үлкен аласапыран жолдан өттіңіз ғой. Сіз қалай жанып шықтыңыз?

– Жанып шықтым деп айта алмаймын, мүмкін жанып тұрған кезімізде сөндіргендер көп болған шығар бізді. Қазір мүмкіндіктер туды. Мысалы, Димаштың өзін бастапқыда өзімізде мойындамады ғой.

– Енді әлемді мойындатқан соң қазір өзіміз мойындап отырмыз ғой. Ары қарай қалай енді тоқтамай жарқырау керек?

– Қараңғыда бір тал шырпы өзі жанып біткенше бөлмені жарық қылады. Сол секілді шырпылар көп болған сайын бөлме жарқырай түседі. «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, кім жанады лапылдап» деген Назым Хикметтің айтқан сөзі бар ғой. Сол секілді бізге тек өзі ғана жанатын емес, басқалардың да жануына себеп болатын тұлғалар керек. Яғни, ақшалылар, ақшасын ғана ойламай бақшасына, ел  руханиятына қарайтын азаматтар керек. Әйтпесе кедей адамның әлемге шығуы қиын.

– Мәдениеттің концепциясын қабылдау керек пе?

– Мен осы тұрғыда көп ойландым. Театрдан кеткеннен кейін әкімшілікте кеңесші болып жүргенде, мәдениеттің стратегиясы мен концепциясын көп ойландым және кезіндегі басшыларға айттым. Бізге орыс тілінде «дорожная карта»  деп айтып жатады ғой, бұл жақсы әрине. Бірақ рухани бағдарлама болмаса, ұмытылып қалған ұлттық тәрбиені қайта жаңғыртпасақ, бұл іс болмайды. Димаштың феномені неде? Димаш бойындағы ұлттық тәрбиені сақтап қалған бала. Ол ата-анасынан гөрі ата-әжесінің тәрбиесін көрген адам, міне сабақтастық деген осыдан шығады. Сондықтан, балаға 1-сыныптан бастап қытай, ағылшын, орыс тілін үйретеміз дегенді қою керек. Біз қазір балаларға ұлттық тәрбие беруді қолға алуымыз керек…

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button