Жаңалық

«Тәтті алма» кітабы жарық көрді

Кез-келген елдің деңгейі, болашағы мәдениетімен, әдебиетімен өлшенеді. Сол әдебиеттің ішінде балалар әдебиеті аса құнды. Оқырман қалыптастыру, тәрбиелеу бала жастан басталғаны дұрыс. Бала оқырманды тәрбиелеу балалар әдебиетінің еншісіндегі іс. Ел ертеңіне қам жеген ұлт болашақ үшін еңбек етсе, жастар үшін барын салса жарасымды емес пе?!

Ағымдағы айдың 17-жұлдызында ҚР тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен мелекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруымен «Назарбаев орталығында» «Тәтті алма» балаларға арналған әдеби шығармалар жинағының V томы мен «Ұлы дала аңыздары»  атты веб-графикалық романдардан тұратын онлайн жобасының тұсаукесері өтті. «Тәтті алма» жинағының бұл томына поэзия, проза, театрлық қойылымдар, ертегілер мен хикаяттар еніп отыр. Аталмыш жинақтың бірінші томына балалар әдебиетінде қалам тербеп жүрген белгілі ақын, жазушылардың, жас қаламгерлердің туындылары еніп, 2017 жылы Елбасы қорының тікелей қолдауымен жарыққа шыққан болатын. Бұл еңбектің басты мақсаты – ел ішіндегі ынтымақтастықты, бейбітшілікті сақтау, жігерлі ұрпақты тәрбиелеу, үлкенді сыйлауды үйрету, жас қазақстандықтарға қазақтың көркем сөзінің киесі мен құдыретін ұқтыру.

Сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына сәйкес қазақ халқының рухани, мәдени және әдеби жетістіктерін дамытуға, насихаттауға бағытталған «Ұлы даланың аңыздары» веб-графикалық романдар сериясымен жарыққа шыққан «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Жұмбақтас» коммикстері қолымызға тиіп отыр. Аталмыш серия қазақ жерлерінің аңыздарын, тарихи маңыздылығын, киесін ұқтырып иесін танытуды көздейді. Сондай-ақ, серияның үш тілдегі «Qazcomics.kz» веб-сайты мен мобильді қосымшасы әзірленді.

Бір емес екі ізгі істің таныстырылымы мен тұсаукесеріне келген көрермендердің, осы шараның басы-қасында жүрген азаматтардың сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.

Сұлтан Айтжанов, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті қоры атқарушы директорының орынбасары: Осындай шығармалар бәсекеге қабілетті жастар дайындауда үлкен рөл ойнайды. Жастарды бала жастан елін сүйетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін талапты да талантты қылып тәрбиелейтін бірден-бір құрал да осы. Әлемді танытатын, ұлттық мәдениетімізді танытатын еңбектердің маңызы ерекше. Аталмыш жинаққа қазіргі күнде қазақ әдебиетінде, оның ішінде балалар әдебиетінде қалам тербеп жүрген жастардың шығармалары топтастырылған.

Қаламқас Кәрібайқызы, Нұрсұлтан қаласы № 77 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі: Оқушылар күні бүгінге дейін «Қызыл телпек», «Жеті лақ» секілді театрлық қойылымдарды ойнап келеді. Неге? Себебі оқушы деңгейіне сай театрлық қойылымдар осы ғана. Баяғы жартас бір жартас күйінде осы екі қойылымды сахналап келдік. Бүгін осы кемшің тұстың орны толды. Бүгін бірнеше театрлық қойылымдар жинақталған «Тәтті алма» балалар жинағы жарыққа шықты. Баланың санасын жетілдіруге, білімін арттыруға, қызығушылығын оятуға қазіргі таным-түсінікпен жазылған, осы күннің элементтері қосылған, жаңарған шығармалар ауадай қажет. Осыған қолымыз жетті. Сол үшін-ақ ұйымдастырушылар мен балалар жазушыларына үлкен алғыс білдіремін. Өз балаңдай болып кеткен әр оқушының бір шығарманы қайта-қайта оқи бермей жаңа шығармалармен, жаңа күннің, жаңа күштің арқасында жазылған шығармалармен танысып, қазіргі әдебиетке көзі үйрене бергені, дайындала бергені дұрыс.

Балым, Нұрсұлтан қаласы № 77 мектеп-гимназиясының 3 д сынып оқушысы: Біз Ыбырай Алтынсаринның, Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқып жүрміз. Көптеген шетелдік комикстарды оқып жүреміз. Бүгін бізге «Қозы Көрпеш Баян сұлу» комиксін берді. Суреттері сапалы салынған. Сөздері де түсінікті.

Сұлтан Мұстафин,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button