Таудай тұлғалар мен мінсіз мүсіндер
Түркияның Ескишехир қаласындағы музейді аралап жүргенде бізде де тағылымды тарих бар, бірақ тұлғалардың балауыз мүсіндер жиынтығы жоқтығын ойладық.
Қаһарман әке мен қайсар қыз
Алдымызда Ататүрік тұр. Қасында майдандас серіктері. Әріректе әйелі Латифа ханым. Шешесі, қыздары. Арт жаққа сұрапыл заманның фотолары, майдан даласын бейнелеген карталар ілінген. Іргелес сөреге Бірінші жаһандық соғыс кезінде түрік әскері ұстаған мылтық, кезеген сүңгі, басқа киген темір телпек, жауға атылған топ, суыт хабарларды жедел жеткізген телеграф аппараты қойылған.
Ататүрік пен айналасындағы тұлғалардың мүсіндері / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды
Бұл Түркиядағы Ескишехирде түркі дүниесіндегі тұңғыш балауыз мүсіндер музейі қаланың Отунпазары, яғни Отын базары атты бөлігінде, бірінші көшенің бойында. Бұл жерде нағыз ескі қала сақталған.
Музейдің келесі бөлімде ұшқыш киімдегі әйел тұр. Оның ерекше тарихы бар. 1925 жылы Ататүрік Бурсаға келгенде, Сахиба 12 жасар жетім қыз екен. Қиын тұрмысын көрген Ататүрік оны асырап алады. Билігі жетіп тұрса да қыз ағасының ресми рұқсатымен. Осылай Ататүріктің Зухра, Афет, Рукия атты қыздарының қасына қосылып, Стамбұлдағы сарайға келеді. Бірден қыздар колледжіне оқуға түседі. 1934 жылы Ататүріктің жарлығымен барлық түрік фамилия таңдағанда, Гөкшен деген сойды алады. Көктің, яғни аспанның қызы.
Ататүрік “Түрік құсы” атты алғашқы ұшқыштар мектебін ашқанда қасында еріп жүріпті. Сонда әкесі “ұшқыш болғың келе ме?” дегенде, мүдірмей “иә” дейді. Ататүрік қызын тәжірибеден өтуші ретінде тізімге тіркетеді. Кешікпей Сахиба Мәскеуге келіп, қанатты машиналарды үлгілеу курсында оқиды. Сол кезде әпкесі Зухраның қайтыс болғанына қайғырып, елге қайтады. 1936 жылы ашылған Әскери Әуе күштері академиясын түсіп, Түркиядағы бірінші әскери ұшқыш әйел атанды.
Осы Ескишехирде орналасқан авиа базада бомбалаушы мен жойғыш ұшақтарды меңгереді. 1937 жылы шағын ұрысқа қатысады. 1938 жылы Балқан түбегіндегі елдердің үстімен ұшатын бес күндік әскери тапсырманы орындайды. Өз ғұмырында 8 мың сағат ұшып, 22 түрлі ұшақпен әуе сапарына шығады. Оның бір бөлігі қауіпті әскери әуе жорықтары еді. Стамбұлдағы үлкен әуежайларының бірі Ататүрік, екіншісі Сахиба Гөкшен атында. Қандай жарасымды.
Мынау сол Сахибаның балауыз мүсіні. Ар жақтағы әйнек астында сол жылдары әкесімен түскен фотолары. Жазған хаттары мен оқыған кітаптары. Гөкшен сан рет көкке самғаған түрлі әскери ұшақтардың кішірейтілген үлгілері азаттық үшін арыстандай алысқан жылдардан хабардар етеді.
Одан теміржол вагондарының үлгілері қойылыпты. Үш қатары үш дәуірді сипаттайды. Ең соңғысы: сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүйіткитін электр пойызына отырып, Кония – Ескишехир арасында жүріп өткенбіз. Вокзал да соған орай үш мәрте салыныпты. Алғашқысының маңдайындағы жазудың харіптері арабша. Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы түпкілікті республикалық реформаға дейін елде араб харпі қолданылған.
Ат арытқан аталар мен ғылым қуған ғұламалар
Негізі әңгіме Ататүрік бейнесінен өрбіген соң аттап өтіп кетіппіз, әйтпесе балауыз мүсіндер музейі республика емес, сонау Осман дәуірінен басталады. Келушілерді Сүлеймен, Баязит, Селим, Фатих және басқа сұлтандар қарсы алады. Әрқайсысы сол дәуірдің киімін киген. Орама сәлде, саптама етік, кемер белік түгел бар. Осман Ғази мүсінінің қасында атқа өңгерілетін, иыққа асатын қоржындар қойылыпты.
Осы Анадолыға алғаш ат тұяғын тигізген бабалар ұмыт қалмапты. Оныншы ғасыр тұсындағы түркі жауынгері. Дулығадан батқыға дейінгі бүкіл жорық киімімен. Гүрзіден ятағанға дейінгі бар жарағымен. Жаңа ғана Ергенеқоннан аттанып, Анадолыға жеткен тәрізді. Алып Арслан, Сейітбаттал Ғази тұлғаларын зор етіп, қапысыз мүсіндепті. Риза болдық.
Даналығы мен ақындығы қатар бағаланған Йунус Эмре бар мұнда. Түрік поэзиясының бастауында тұрған ақын. “Ашық”, яғни ғашықтық жырлар жазған. Өзі осы аймақтың тумасы. Жерленген жері Ескишехирден алыс емес. Балауыз болса да жүзінен иман нұры құйылып тұр.
Осман дәуірінен келген “билеушілер” / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды
Діни рәсімнен ұлттық мәдени құндылық сатысына көтерілген Мевлана мерекесі тұтас бөлімді толтырып тұр. Мевлана салтанатын Кониядан көргенбіз. Желтоқсанның 7 мен 17 аралығында арнайы салынған сарайда өтеді. Дөп келіппіз. Сарай қос қоржын үй сияқты, екі күмбезді екен. Біріншісі үш қабатты, тиісінше көрме залы, сауда залы, кездесулер өтетін оңаша бөлмелері бар. Екіншісі тура цирктен аумайды, аренасы да дөңгелек. Сегіз бөлікке қойылған орындықтар төменнен жоғарылай береді. Бір сағатқа жуықтайтын, бірнеше бөлімді Мевлана қойылымын демімізді іштен алып тамашалағанбыз.
Мына балауыз мүсіндер мен шын бишілер арасында айырма жоқ. Бір алақаны жоғары, келесісі төмен қараған мүсіндердің ақ белдемшелері дөңгелене қалған. Иектері көтеріңкі, бастары шалқақ. Киімі біз аренадан көргендей. Мевланаға қатысушылардың қара шапан, ақ кеудеше мен ақ белдемше, шелек пішіндес қоңыр жүннен басылған бөркі тегіс қойылған.
Елдікті қалыптастыру мен сақтау жолындағы ұрыстар мен діни рәсімдерді сипаттаған бөлімдерден соң бейбіт замандар басталады. Олар сала-салаға ретімен жіктелген. Кезінде ЮНЕСКО-ның жауапты тұлғасы болған, халықаралық ауқымдағы қайраткер Хифза Топыз тұр. Теңіз жағасындағы шамшырақ тәрізді ғалымдарға арналған бөлімді академик Илбер Ортайлының мүсіні бастапты.
Осы сәтте “шіркін, біздің Сәтбаев, Марғұландар бір-бір балауыз мүсінге лайық емес пе” деп қиялданып кеттік. Өз тарихымыздан тек Астанадағы Қарулы Күштер музейіндегі көрмеде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен алғашқы қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсіндерін көргенбіз. Ол мемлекет басшысының 1992 жылы мамыр айында генерал-полковник Нұрмағамбетовті министр етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойған сәтін бейнелейді. Бұл балауыз мүсіндерді қазақ арасында бірден-бір гиперреалист суретші Айдос Есмағамбетов жасаған. Бұл жігіттің Абылай ханды балауызбен бейнелеп шыққанын да естідік. Балауыз мүсін өнері қазақ жерінде енді тамыр тарта бастаса керек.
Шабытты шақтар, әсерлі сәттер
Хош, бөтен жерде өзіміздің қоламтаны қоздата бермей, музейді аралайық. Бір тұста кәдімгі қарапайым түрік отбасының тіршілігі бейнеленген. Ата-әже, ата-ана, үлкенді-кіші балалар. Ұлттық болмыс боямасыз сақталған. Тұрмыста қолданатын заттары: ыдыс, сыпырғы, қалақ, шкаф; киімдері: бөрік, топы, шекпен, көйлек, кемер, алжапқыш пен байлауыш; жейтін тамақтары, тіпті жаңа жұмыртқа тапқандай қыт-қыттаған тауығы тұр. Бір отбасы – бүкіл түрік ұлтының тірегі екенін сезіндіреді.
https://informburo.kz/img/inner/865/99/__.jpg” width=”420″ />
Кәдімті түрік үйіндегі тіршілік сипаты / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды
Қарсы қуыстағы үш музыканттың әрқайсысына бір-бір ұлттық аспап ұстатыпты. Керней мен даңғыра. Үшінші ішекті аспабының арғы атасы домбыра екені аңғарылады. Құлаққа әлдебір әуен өз-өзінен естілгендей.
Бір қалтарыста алдында табағы бар қария малдас құрып отыр. Жазуы бойынша: Хожа Насредин. Біздің Қожанасыр. Түркі халықтарына ортақ тұлға екені талассыз. Түрік ағайындар оны Ескишехир іргесінде, Борсық өзенінің бойында дүниеге келді деседі. Қазақтар зираты іштен сыртқа тіреліп Сырдария бойында қалған дейді. Демек, шынында, ортақ тұлға. Тек алдындағы табағында піскен ет немесе палау емес, пахлава салыныпты. Қай елде жүрсең соның дәмін татасың-ау, Қожеке!
“Күлгін түркілер” мен басқа да ондаған кітаптардың авторы Тұрғыт Өзакман жазу үстелінде отыр. Алдында мәшеңке. Тағы ойладық, алда-жалда бізде балауыз мүсіндер музейі ашылса, Бердібек Соқпақбаевтың сиясауыты, Қадыр Мырза Әлидің мәшеңкесі табылар ма екен?!
Қазақ оқырмандары алпысыншы жылдардан бері сүйіп оқыған Әзиз Несин өз-өзімен отыр. Езуіне күлкі үйірілген. Қалай ішекті қатырарын іштей біліп, соған риза секілді. Түркия туралы алғашқы ақпараты осы жазушының әңгімелерінен алғанбыз. Оны аударуға Қалтай Мұхамеджанов ағамыз бастап бүкіл қазақ сатириктері атсалысты. Балауыз мүсіннен Несинді тірі көргеннен кем емес әсерлендік. Қабырғаға карикатурасы ілініпті. Великке теріс мініп барады. Жазуы түрікше болмаса, біздің Еркін Нұразхан салған ба дерсің!
Гөксел Арсай бастаған киножұлдыздар бір шоғыр. Телевизия бөлімінің төрі Илхан Селжүкке тиіпті. Ұзақ жыл “Бәйшешек” хабарын жүргізген. Гитаралы, микрофонды әншілер “концерт беріп жатыр”. Сахнадағы әртістер бір қауым. Атақты қойылым үстінде. Классикалық музыка өнерінің майталмандары да балауызға көшкен. Дирижердің таяқшасы дәл қазір қимылдап кетердей. Суретші Ибрагим Балабан мольберт алдында. Екі қабырғада екі картинасы ілінген.
Түркияның Президенттері бір шоғыр. Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел, Реджеп Тайып Ердоған сияқты өзіміз танитындарының жүзі жылы ұшырады. Премьер-министрлер де ұмыт қалмаған. Керемет костюмдерін киіп, шеттерінен сіресіп тұр.
Не қалды? Спорт! Түркия кейінгі кезде футболдан дүкіреп алға шықты. Ұлттық құрамасы да, клубтық командалары да. Жеті футболшы алаңға жаңа шыққандай ойынға әзір қалпында мүсінделіпті. Ең беріде Орхан Ерпек. Қай жылы қай командада ойнағанына дейін жазулы тұр.
Әлемдік қайраткерлерге бірнеше бөлім арналған. Бір ғажабы: Ататүрік мұнда тағы қойылыпты. Енді Ганди, Черчилль сынды саясат алыптарының арасында тұр. Келесі бөлімнен Путинді, Обаманы және басқаларды көресіз. Ұлыбританияның патшайымы Екінші Елизаветта жеке отыр. Тағы бір айналғанда Джулия Робертсі бар, Диана ханшайымы бар үлкен шоғыр алдан шықты.
Мынау оңаша отырған адамзаттың теңдессіз ғалымы Альберт Эйнштейн. Ар жағындағы тақтаға әлдебір формула жазылған. Соншалықты шынайы. Тірі ғұламаны көргендей таңырқадық.
https://informburo.kz/img/inner/865/99/__03.jpg” width=”687″ />
Мақала авторы музей ішінде / Сурет Қайнар Олжайдың жеке мұрағатынан алынды
Не керек, бір жағынан кірген музейдің екінші жағынан шыққанша ұлылардың арасында жүресіз. Суретке жай түсу тұрмақ, ақыл-ойдың алыптарымен иық тірестіріп түсуге рұқсат.
Жиырма жылдық жұмыс, мәңгілік тұрыс
Шығар жерде балауыз мүсіннің қалай жасалатынын баяндайтын үлкен экспозиция қойылыпты. Тура өзіңіз шеберханаға кіргендей әсер аласыз. Алдымен осы мүсіндердің бәрі жасалған балауыз шикізаты тұр. Әрине, қиялыңыз болса, шеберлігіңіз жетсе кімді болсын айнытпай қалыптап шығуға мүмкіндік береді. Сосын балауызды домбайлайтын, домалақтайтын, қырнап, сырнайтын құрал-жабдықтар қойылған. Бұл жұмысқа осыншама сайман керек деп ойламаппыз. Ірісі де, ұсағы да болып жатыр. Балауыз мүсін жасауда қолынан іс келетін адамға не керектің бәрі самсап тұр.
Желімдер. Бояулар. Қыл қаламдар. Әркімнің бет көркі әрқилы. Бірау қараторы болса, екінші біреу ақсары, сосын үшіншісі қызылшырайлы дегендей, түрік халқы да бір қалыптан шықпаған. Көздің түсі де сан қилы емес пе. Демек мына жүздеген реңк беретін бояуларды пайдалану үшін сіз жаңағы мүсінші міндетінен енді суретші болуға көшесіз.
Әрі қарай шаш ретінде пайдаланылған материалдар жатыр . Оның да қарасы, сарысы, жирені, күлгіні, қоңыры, ағы бар дегендей. Сосын қайратты және бұйра, қатты және нәзік бөлінетінін ұмытпаңыз.
Ең соңына, қоштасарға және бір балауыз мүсін қойылған. Осы тұлғаларды 20 жыл бойы ерінбей-талмай жасаған профессор Йылмаз Бүйікершеннің өзі. Әлбетте, қасында әрдайым көмекші студенттері болған. Осынша жұмысқа мемлекеттің қаржысы шықпаған. Йылмаз мырза өзінің және демеушілердің қаржысына атқарған. Тура 160 мүсін жасапты. Алла қуат берсе, жұмысты одан әрі жалғастырмақшы. Демек, ол кісінің де Түркияның айтулы тұлғалар қатарынана орын алуға хақысы бар. Өзі қарсы болса керек, бұл мүсінді шәкірттері, ізбасарлары қарсылығына қарамай жасап шығыпты. Әрі музейге қойғызыпты.
https://informburo.kz/img/inner/865/99/__02.jpg” width=”600″ />
Профессор Йылмаз Бүйікершен жұмыс үстінде / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды
Музейдан сыртқа шыққан соң тағы қиялымызға ерік бердік. Біздің елдегі гиперреалист Айдос Есмағамбетовке осындай мүмкіндік берілсе. Йылмаз мырзаға бірнеше ондаған шәкірт көмектескен. Көп көмекшісіз мұншама мүсін жасауы мүмкін емес. Ендеше Айдостың қасына да үлкен топ жинап берсе. Ең бастысы толық қаржыландырса. Мемлекет пе, Түркиядағы сияқты жеке кәсіпкерлер ме, әйтеуір толассыз жұмысқа еркін жететін ақшасы болса дейміз.
Сонда жылдар жылжығанда қазақтың тарихын толық қамтитын мұндай балауыз мүсіндер музейі Астананың төрінде тұрар еді.
https://informburo.kz/pikir/kainar-oljay/tauday-tlalar-men-mnsz-msnder.html?utm_source=notify&utm_medium=push&utm_campaign=official_kz“>informburo.kz