Жаңалық

Тәуелсіз Қазақстан және Елбасы

Қазақ елінің қилы кезеңдерден өткеніне тарих куә. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан Республикасы аталуымыз ел үшін ерең еңбек еткен тұлғалардың арқасы.  

Тәуелсіздік алған күннен осы кезге дейін 30 жыл уақыт өтті. Осы уақыт аралығында еліміздің дамуы, жеткен жетістіктері, экономикалық, саяси тұрақты елге айналуы ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланысты.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті: Жасампаздық пен қарқынды дамудың 30 жылы» дөңгелек үстелі аясында қазақстандық және халықаралық сарапшылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық феноменін талқылады.

«Елбасы Қазақстанның стратегиялық дамуына, қоғамдық дамуына, ұлтаралық, дінаралық қатынастарды нығайтуға қажырлы еңбек еткені барлығына аян. Қазақстан жеткен жетістіктердің барлығы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани дамуы Елбасы еңбегінің арқасы екені даусыз. Бұған өз бағасын беруіміз керек», – дейді саясаттану ғылымдарының докторы, мемлекеттік тарих институтының бас ғылыми қызметкері Жапсарбай Қуанышев. 

Сондай-ақ, Жапсарбай Қуанышұлы 30 жыл ішінде Елбасы бастамасымен қолға алынған негізгі бағдарламаларға да тоқтала кетті.

«Қазақстан-2030» жобасы – мемлекетімізде Елбасы бастамасымен қолға алынған стратегиялық дамуымыздың тырнақалды қадамы. Және бұл сәтті бағдарлама болды. Қазір басқа да стратегиялық бағдарламаларға ұласты.

Осының жалғасы ретінде «Қазақстан-2050» және соңғы жылдары бастау алған, жалпыхалықтық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын айта кеткім келеді», – деді сарапшы.

Бұл бағдарламалар жалпы қоғам үшін, жастар үшін өте маңызды. Елімізде қолға алынған бағдарламалар мен олардың жемісі Елбасы көрегенділігінің тағы бір дәлелі. ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың саяси қызметінің практикасы өте маңызды. Қазірде тәуелсіз мемлекетіміздің қандай қилы кезеңдерден өткенін білгіміз келсе, Елбасы еңбегіне тоқталмай кете алмаймыз.

«Жаңа кезеңге қадам басқан 15 мемлекеттің ішінде орта Азиялық 5 мемлекет бар. Осы бес мемлекет арасында потенциалы жоғары және басқа да бірнеше критерилер бойынша алда тұрған мемлекет – Қазақстан Республикасы. Экономикалық, саяси тұрақтылықты сақтаған, рухани һәм демографиялық дамуы жағынан Қазақстан тек постсоветтік елдер арасында ғана емес, көптеген Шығыс Еуропа елдерінің алдында тұр.

Идеал мемлекет болуы мүмкін емес. Елдіктің негізгі критерилері бойынша еліміздің осынша жетістікке жетуі, тікелей, Елбасының, ол жүргізген саясаттың арқасы». Ең мықты мемлекеттерде де келеңсіз жағдайлар орын алып тұрады. Қазақстан осындай мәселелерді шешу жолында. Менің ойымша, біз дұрыс жолдамыз», – деді профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Кеңесінің мүшесі Бүркітбай Аяған. 

Халықаралық дөңгелек үстелге қатысушы сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың табысқа жету формуласын және Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуындағы Елбасының жасампаздық рөлін талқылады.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button