Жаңалық

«Тәуелсіздік тұлғалары» көрмесі ашылды

«Қазақстан» орталық концерт залында еліміздің көрнекті өкілдеріне арналған «Тәуелсіздік тұлғалары» көркем портреттер көрмесі ашылды.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған бұл шараға дарынды суретші Таңсық Мажитованың 60-тан  астам авторлық туындысы ұсынылды.

Іс-шараның ашылу салтанатында: «Республика жұртшылығының назарына ұсынылған портреттердің бәрін Таңсық Мажитова натурадан салып шықты. Бұл әлемдік үрдістің өзінде сирек кездесетін құбылыс», – деп сөз бастады ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.

Портреттерді салу барысында жүзбе-жүз сырласу арқылы кейіпкерлерінің  характерін, ішкі жан-дүниесін көрсету – суретшінің зор еңбегі мен тынымсыз ізденісінің нәтижесі. Әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева, әйгілі кардиохирург Юрий Пя, Ботай мәдениетін зерттеуші ғалым Виктор Зайберт, әлем чемпионы Серік Сапиев бейнелері суретшінің қапысыз жетістігін әйгілеп тұрады.

Қазақ рухының алдаспандары Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, Ескендір Хасанғалиев, Сатыбалды Нарымбетов тұлғалары суретші қыл қаламы арқылы ел жүрегінде мәңгілікке қалды.

«Бұл адамдар – ел мүддесін биік қойғандар, шын мәнінде, ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсеткендер. Тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы тұлғалары – жұртының жадында, елінің есінде мәңгі сақталады. Бұл көрме бұдан былай да тұрақты түрде өткізіліп тұрады, сондай-ақ экспозициялар бүгінгі танымал тұлғалардың портреттерімен толықтырылмақшы», – деді көрмені ұйымдастырушылардың бірі белгілі жазушы, әрі суретші Әлібек Асқар.

ҚР  Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бұл шараны «Геральдикалық зерттеулер орталығы» ұйымдастырды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button