Мақала Редакция таңдауы

Тәуелсіздікке дейінгі тарихи сана мен ұлттық жад саясаты

«Ұлттық бірегейлік» немесе «бірегейлік үшін күрес» дәуірі деп аталатын ХХІ ғасырда жад саясаты ұлттық бірегейліктің белгілі бір моделін құруға бағытталған әлеуметтік-саяси, тарихи-символдық және медиа-технологиялық ресурстарды жұмылдырудың маңызды құралына айналып отыр. Сондықтан да бүгінде бірегейлік ұлттық жад саясатының құраушы өзегі, оның орталық компоненті ретінде қарастырылуы керек.

Тұлғалық деңгейде айтар болсақ, жад саясатының белгілі бір тәжірибесі арқылы ұлттық бірегейлікті қалыптастыру процесі, біріншіден, жеке тұлғаның жаңа құндылықтарға, өткеннің түсіндірмесі мен бейнелеріне, жаңа жад нормалары мен мінез-құлық үлгілеріне бейімделуін білдіреді. Екіншіден, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру процесіне қатысатын жеке тұлға, оның өзі қоғамдық және тұлғааралық өкілдік үлгілерін насихаттайтын болады.

Жалпы ұлттық жад саясаты – жеке тұлғаның ұлттық қауымдастыққа психологиялық, әлеуметтік, мәдени және саяси интеграциясы үшін қажетті мағыналық, бейнелі және мифтік компоненттердің қайнар көзі. Бұл процестің тиімділігін арттыру үшін жад саясатының тағы бір маңызды механизмі (немесе компоненті), атап айтқанда – эмоциялық сигналдар беру факторы қолданылады.

Ұлттық жад саясаткерлерінің арсеналына енетін ең күшті эмоционалды бейнелер – жау мен халық батырлары бейнелері екені белгілі. Дәл осы құрылымдық компоненттер ұлттық бірегейлік сезімін қалыптастыруға, тұлғаны өз халқының батырлық және қасіретті өткеніне қатыстығын сезінуіне ықпал етеді. Жад саясатының ресми идеологиясы мен тәжірибесінде жау/батыр бинарлық формуласын қолдану қоғамды топтастыру және қалыптасқан саяси режимді заңдастыру мәселелерін шешуге бағытталған.

Ұлттық жад саясатымен өрілген ерлік – бұл сондай-ақ азаматтардың өз тарихына, халқына, мемлекетіне, ұлтына деген мақтаныш сезімін қалыптастыру тәсілі. Бұл сезім жоғалып кетпеуі үшін, оның ұжымдық жадқа терең енуі үшін оны жүйелі түрде жүзеге асырылатын еске алу (коммеморация) тәжірибесі арқылы үздіксіз күшейтіп отыру қажет: есте қалатын даталарға байланысты тұрақты символдық рәсімдерді, батырларды қастерлеу; ескерткіштер мен мемориалдық кешендер орнату, тарихи көрмелер өткізу; тарихи жерлерге ұжымдық баруды ұйымдастыру және т.б.

Бұқаралық санада ұлттық бірегейлік сезімін сақтау үшін халық пен мемлекетке экзистенциалды қауіп-қатерді еске салатын жау бейнесінің болуы маңызды. Жау бейнесі өткенді дәріптеуге байланысты мәселелер туындағанда, ұлт тарихының елеулі кезеңдері драмалық және трагедиялық призма арқылы бағалана бастаған жағдайда жад саясаты идеологтары үшін өте өзекті. Бұл жағдайда қасіретті оқиғалар нәтижесінде халықтың бойында жинақталған жағымсыз энергия «көзі» жау бейнесіне бағытталады. Ол бұқараны қиын тарихи тағдыр үшін жауапкершіліктен босатқандай болады.

Осы тұста ұлттық жад саясаты зерттеушілерінің назарын әлі күнге аударып отырған кеңестік кезеңде жүргізілген идеологиялық саясатқа тоқсталсақ.

Кеңестік кезеңде Қазақстандағы тарихи жад саясаты бүкілодақтық жад саясатының ажырамас бөлігі болды. Оның теориялық-әдіснамалық негізі таптық күрестің басымдылығын тануға негізделген формация теориясынан құралды. Осылайша, көшпелі қоғамның табиғатын, оның әлеуметтік-саяси құрылымын және орта ғасырлардағы да, кеңестік кезеңдегі де институттарын түсіну сияқты мәселелер қарастырусыз шет қалып отырғанын айта аламыз. Сол кезеңде КОКП құрған жад саясаты кейбір тұлғаларды ұмыттыруға, фактілерді біржақты түсіндіруге, оқиғалар мен атауларды бұрмалауға бағытталды. Мәселен, оқулықтарда, көркем әдебиеттерде, мемориалдық және географиялық нысандарда ұжымдастыру кезеңіндегі аштық пен адамдардың жаппай қырылуы, шаруалардың қарсылығы, саяси қуғын-сүргін және бірқатар халықтардың депортациясы, экологиялық және демографиялық проблемалар сияқты оқиғалардың  бұрмалануы немесе мүлде көрініс таппауы. Десек те, қара халық бұл қасіретті оқиғаларды жүрек түпкірінде сақтап, ешқашан ұмытқан емес. Өкініштісі, нақты деректердің тек сол халық жадында ғана сақталып, ауызша таралуы. Ал Кеңес өкіметі билігі мен таптық күрестің орнауы, социализм құрылысын бейнелейтін оқиғалар және олармен байланысты есімдер ұжымдық жадыға кең ауқымда насихатталды. В.И. Ленин, И.В. Сталин, Ф.Э. Дзержинскийлердің ескерткіштері әр елді мекенде орнатылды. Көптеген көшелерге, аудандарға, мектептерге М.С. Урицкий, Ф.Э. Дзержинский және де В. И. Лениннің есімдері берілді. Коммунистік партияның коммунизм құру жолындағы күресіне қатысты артефактілер мұражайлардан көрініс тапты. Ал сол мұражайлардың мемлекет құрудағы және ұлтты қалыптастырудағы айтарлықтай рөлін конструктивизм классигі Бенедикт Андерсон өзінің «Қиялдағы қауымдастықтар» атты еңбегінде жеткілікті түрде егжей-тегжейлі ашып көрсеткенін атап өту керек. Сондай-ақ Алматы қаласындағы В.И. Ленин атындағы мұражай құрылысының басталуы, классик және қазақ кескіндемесінің негізін қалаушы Ә. Қастеевтің картиналары, Жамбылдың өлеңдері мен «Қазақфильм» түсірген кинолар да сол идеяларды көркем түрде ұсынғанын да айта аламыз. Жалпы насихаттаушы күштердің барлық дерлік жұмысы кеңес өкіметі тарихы туралы белгілі бір түсінік қалыптастыруға бағытталды.

Қайта құру кезеңінде бұрын көтерілмеген мәселелерді талқылау мүмкіндігі пайда болып, кеңестік идеология жаңаша көзқараспен қайта қарала бастады (Istoriki sporyat 1988; o chem ne govorili 1990).

Бұл кезеңді «жарылыс» уақыты деуге болады. Себебі мұнда бір күйден екінші күйге біртіндеп емес, жылдам ауысу орын алды. «Тартус-мәскеулік «Семиотика» мектебінің негізін қалаушы Ю.М. Лотман өз еңбегінде тарих пен мәдениеттегі осындай «жарылыстардың» маңыздылығы туралы жазған. Оның теориялық-әдіснамалық сипаттағы ескертуі ерекше маңызға ие:

«...мәдениеттердің ауысуы (атап айтқанда, әлеуметтік катаклизм дәуірінде) әдетте мінез-құлық семиотикалығының (бұл тіпті атаулардың өзгеруінен де көрініс табуы мүмкін) күрт артуымен сипатталады және ескі рәсімдермен күрес салттық (ритуалданған) сипатқа ие болуы мүмкін. Сонымен қатар жаңа мінез-құлықтардың пайда болуы ғана емес, ескі формалар белгісінің (символизмін) күшеюі мәдениеттің белгілі бір өзгерісін көрсетуі мүмкін» (Лотман 1998, 486-бет).

Осы «жарылыс» кезеңінде егемен Қазақстанның жаңа жады саясатын көрсететін жаңа тарихы қалыптасты. Әрине, нарықтық экономиканың қалыптасуы жағдайында теориялық-әдіснамалық негіз ретінде маркстік-лениндік формация теориясы туралы бұдан былай ешқандай сөз болуы мүмкін емес еді. Дегенмен жалпы тарих, әсіресе, кеңестік кезең туралы қалыптасқан ұжымдық тарихи жад толық жоққа шығарылды деуге келмейді.

Кезінде көтерілмеген мәселелерді қайта саралап қарастыру «Хрущев жылымығы» жылдарынан бастау алып, содан кейін «Қайта құру» кезеңінде қисынды жалғасын тауып, одан әрі егемен Қазақстанда жаңа қарқынмен жалғасты. Алайда осы тұста КСРО-ның әртүрлі аймақтарында орын алған жекелеген оқиғалардың қазіргі маңыздылық дәрежесін қарастыратын болсақ, салыстырмалы түрде олардың әртүрлі екенін аңғарамыз. Мысал ретінде, 1916 жылғы көтеріліс 100 жылдығын (2016 жылы) Орталық Азия халықтарының атап өтуін келтірейік. Қырғызстанда жыл бойы халықаралық симпозиумдар өткізіліп, құжаттар жинақтары мен түрлі зерттеулер шығарылды. Сондай-ақ салтанатты түрде мемориалдық кешен ашылып, түрлі көрнекі құралдардың көмегімен естелік орындар белгіленді.

Ал Қазақстанда осы оқиғаға арналып ұйымдастырған іс-шаралар өте қарапайым өтті: Кегенде мемориал ашылып, бірнеше шағын конференциялар өтті. Осы орайда айта кететін жайт, тіпті сол конференцияның бірін өткізуге бастамашылық еткен ресейлік зерттеу орталықтары болатын және олар бұл оқиғаларды жалпы трагедия ретінде қарастыруды ұсынған (Vosstanie 1916 goda v Turkestane 2016). Конференция құжаттар жинағының тұсаукесерімен орайластырылды және Алматы қаласынан кейін Бішкекте де өткізілді. Демек мұны 1916 жылғы оқиғалар туралы аймақтағы ұжымдық жадының қалыптасуына әсер ету әрекеті деп бағалауға болады.

Сондай-ақ Алматыда өткен бұл конференцияда тарих ғылымдарының докторы, ҚКХП (қазіргі Қазақстан халық партиясы) хатшысы Д.М. Легкий ХХ ғасырдағы айтулы оқиғалардың бірі – Қазан төңкерісінің 100 жылдығына байланысты ғылыми іс-шаралар өткізуді ұсынған болатын. Алайда қазіргі кезде осы екі оқиғаны салыстырмалы түрде қарастыратын болсақ, 1916 жылғы көтерілістің қоғамдағы  резонансы басымдыққа ие екенін байқай аламыз. Қазан төңкерісінің зерттелуіне тоқталсақ, ол оқулықтарда екіұшты мағынада қарастырылады. Қазақстанның жаңа және қазіргі тарихы бойынша дәрістер курсында (Қазақстанның жаңа және қазіргі тарихы, 2005) төңкеріске байланысты оқиғаларды суреттеу және түсіндіру кеңестік оқулықтардағы мазмұннан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Тек «қызыл террор» терминдері және Алаш Орданың қызметі туралы әңгімелер қосылған. Сондай-ақ оқулықта басмашылар бандитизм емес, азаттық қозғалысының бір формасы ретінде қарастырылады (Қазақстанның жаңа және қазіргі тарихы, 2005, 131-138 б.).

Республиканың қалалары мен ауылдарында «революция сәулетшісі» Ленинге және оның Ф.Е. Дзержинский сияқты ең жақын серіктеріне арналып орнатылған барлық дерлік ескерткіштер алынып тасталды. Бірақ Балтық жағалуы елдері мен Украина мысалдарымен салыстыратын болсақ, Алматыда олар жойылған жоқ, тек қаланың шетіне көшірілді. Алайда қазақтың көрнекті революционерлеріне, сондай-ақ ұйғырдың Розыбакиевіне, дүнгеннің Масаншысына арналған бюсттер өз орындарында қалды. Революция мен Кеңес өкіметіне байланысты қойылған көше атаулары өзгертілді. Алматыдағы «Октябрьская», «Красных Коммунаров», «Советская», «Комсомольская», «Коммунистический даңғылы», «Красногвардейский тракт», «Виноградова» және т.б. көшелер жаңа атауларға ие болды. Дегенмен «үкіметтік жол» – Фурманов атауымен өзгеріссіз қалды, сондай-ақ революционерлер мен партия қайраткерлері – О.К. Жандосов, А.А.Розыбакиев, М.Л. Масаншы, Ә. Әйтиев, Ғ. Мұратбаев есімдері берілген көшелер бар. Қаланың тарихи бөлігіндегі үйлерден Михаил Фрунзенің, Жамбыл Жабаевтың өмірі мен қызметіне байланысты орнатылған мемориалдық тақталар, сондай-ақ алғашқы Кеңес өкіметімен байланысты ғимараттар жойылды. Ал Алаш Орда көшбасшысы Ахмет Байтұрсыновтың мұражайы бір кездері өзі тұрған үйден ашылды. Сондай-ақ бұл мұражай-үй орналасқан көшеге оның есімі берілді.

Бүгінде барлық жаңа тарих оқулықтарда ұжымдастыру кезеңіндегі жаппай ашаршылық сияқты тарихтың қасіретті оқиғалары жазылады. Оқулықтар мен мұражай көрмелерінде жаппай қуғын-сүргін туралы айтылады, жүйе құрбаны болған зиялы қауым өкілдерінің есімдері жаңғыртылып, ұрпақтан-ұрпаққа насихатталып отыр. Жаппай жерленген жерлерге ескерткіштер орнатылады. Осы атышулы лагерьдің орнында АЛЖИР тұтқындарының әйелдеріне арналған мемориал ашылды.

Шаруалар көтерілісі фактілері де қамтылып отыр. Осы тұста атап өтейік, қазақ тарихының кескін-келбетіне тән белгілердің бірі – шайқастарда, жауларға қарсы тұруда, көптеген көтерілістерді сипаттауда көрініс табатын қаһармандық келбеті. Қашан да халық алдында, оларды күреске жігерлендірген, ерліктері тарихи жырларда жырланған батырлары тұрды. Зерттеуші Харун Йылмаз қазақтар тарихындағы батырлардың осындай маңызды рөлін назарынан тыс қалдыра алмады: «Қазақтың ұлттық тарихы Кеңес өкіметінің бақылауымен құрылған кезде, батырлар әңгімеге ұлттық қаһарман ретінде қосылды» (Харун Йылмаз Нд, П. 42). Ол революцияға дейінгі кезеңге қатысты оқиғаларды зерттегенімен, бұл тенденцияны кеңестік кезеңге қатысты экстраполяциялауға болады.

Кеңестік Қазақстан тарихында батырлар беделі мен әлеуметтік маңызы басым болды. Кеңес Одағы батырларының саны бойынша қазақ халқының өкілдері 6-орынға (орыстар, украиндар, белорустар, еврейлер мен татарлардан кейін) шыққанын қазақтар мақтан тұтты. Бұл жоғары атаққа ие болған жүзге жуық қазақ майдангерлерінің ішінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бегелдинов болды. Сондай-ақ екі жауынгер қыз Шығыс халықтарының бірден-бір өкілдері Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова да Кеңес Одағының Батыры атанды. Дей тұрғанымен қазақтардың партия мен үкіметке деген реніш сезімі болды. Себебі Кеңес Одағының Батыры атағына бірнеше адам ұсынылған, бірақ субъективті себептермен оған ие болмады деген пікір кеңінен таралды.

Олардың бірі – аты аңызға айналған панфиловшы, жазушы, А.Бек «Волоколамск тас жолы» фильмінің кейіпкері – Бауыржан Момышұлы. Қазіргі Қазақстанда тағы бір аты аңызға айналған тұлға, кубалық революционер Фидель Кастроның Момышұлы кумирі болғаны туралы мәлімдемелері кеңінен таралуда. 1990 жылы қайтыс болғаннан кейін ғана оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Көптеген қалалар көшелері оның есімімен аталады, сондай-ақ бірқатар қалаларда оған ескерткіштер орнатылды.

Сонымен қатар қазақтар қызыл әскер Григорий Булатовпен бірге Рейхстаг ғимаратында Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың есімі мен ерлігі тиісті дәрежеде мойындалған жоқ деп есептеді. Екеуі де Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, алайда оларға берілмеді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1999 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен Рахымжан Қошқарбаев қайтыс болғаннан кейін, оған ең жоғары ерекшелік дәрежесі – Халық Қаһарманы атағы берілді.

Ерлігі елге аян Бақтыораз Бейсекбаевтың оқиғасы да тарихи әділеттілікті қалпына келтірумен байланысты. Әйгілі жазушылар Аркадий мен Григорий Вайнерлер «Вертикалды жарыстар» атты шытырман оқиғалы повесінде лапылдап жанып жатқан ұшағын жау колоннасына жіберген Гастелло экипажында тек командирдің ғана болмағандығын сонау кеңестік кезеңнің өзінде мұрағатшылардың пайымдағаны туралы жазды. Олар барлық экипаж мүшелерінің есімдерін қалпына келтірді. Кітап пен оның негізінде түсірілген фильм көпшіліктің ықыласына бөленіп, бүкіл ел бұл жайттан хабардар болды. Алайда оқиға жалғасын тапты. XX ғасырдағы 80-жылдарының соңы мен 90-жылдардың басында бүкіл елге белгілі Николай Гастелло «отты таранының» орнына шын мәнінде Александр Масловтың ұшағы құлағаны белгілі болды. Осыған байланысты жау техникасының колоннасына «отты таран» жасаған Николай Гастелло емес, Александр Масловтың экипажы деген нұсқа келтірілді. Осы нұсқаны қолдаушылар күшімен 1992 жылы барлық экипаж мүшелері, соның ішінде қазақстандық Бақтыораз Бейсекбаев I дәрежелі Отан соғысы орденімен, ал 1996 жылы «Ресей Федерациясының Батыры» атағымен марапатталды: «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында фашистік басқыншылармен күресте көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін»; 1998 жылы Бақтыораз Бейсекбаев Қазақстанның «Халық Қаһарманы» жоғары наградасымен марапатталды (Bejsekbaev Baktyoraz Nd).

Соғысқа қатысқан барлық батырлардың есімдерін қазақстандықтар ұмытқан емес. Қазақстанда республика аумағынан шақырылған майдангерлер туралы негізгі мәліметтерді қамтитын «Естелік кітаптары» жарық көрді.

Жоғарыда аталған фактілердің барлығы тарихи әділеттілікті қалпына келтірумен ғана емес, сондай-ақ ұлт тарихын Ұлы Отан соғысының ең айтулы оқиғаларымен байланыстыруы да бар: жау колоннасына жасалған алғашқы соққы, Рейхстаг ғимаратына Жеңіс туының көтерілуі. Дегенмен соғыста Қазақстан және Қырғызстанмен байланысты орын алған ең айтулы оқиға – Мәскеу түбінде неміс әскерлерінің алға жылжуын тоқтатқан генерал И.В. Панфилов дивизиясының ерлігі. Майдан даласында танк колоннасымен шайқасқа түскен 28 батыр-панфиловшының ерлігіне орай Алматының орталығындағы саябаққа атауы берілді. Саябақта батырлардың есімдері жазылған мемориалдық белгілер орнатылды және бұрын генерал И.В. Панфилов атындағы көшеге қойылған ескерткіш көшірілді. Осы тұста айта кетейік, бірқатар басқа көшелердің атауы өзгертілгеніне қарамастан, генерал И.В. Панфилов құрметіне қойылған көше өзгеріссіз қалды. 2010 жылы 28 панфиловшылар саябағында совет-герман соғысының қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлына тұрғызылған ескерткіш (мүсінші Н. Далбай, сәулетші Р. Сатыбалдиев) салтанатты жағдайда орнатылды. Сондай-ақ Панфиловшылар бейнеленген зәулім ескерткіш те қойылған, оның артында Кремль қабырғасы және дивизияның саяси нұсқаушысы Клочковтың сөздері ойып жазылған: «Ресей кең-байтақ, бірақ шегінер жер жоқ, артымызда – Мәскеу!». Ескерткіш алдында Мәңгілік алау орнатылған. Саябақта ауған соғысы жауынгерлерінің де құрметіне арналған ескерткіш орнатылды. Саябаққа іргелес мектеп ғимараты бар, бұрын онда И.В. Панфилов дивизиясының штабы орналасқан. Осылайша, дивизия мен оның ерлігі Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесін көрсететін символдардың бірі болды. Панфиловшылардың ерлігін қайта қарау әрекеті жағымсыз реакция тудырғаны таңқаларлық емес. Еске сала кетейік, 2015 жылдың маусым айының басында Мәскеуде өткен орыс баспасөзінің Бүкіләлемдік конгресінде РФ Мемлекеттік мұрағатының директоры Сергей Мироненко өз сөзінде 28 панфиловшы-батырлар туралы әңгіме кеңес баспасөзі ойлап тапқан миф, ал Клочковтың аңызға айналған фразасы «Красная звезда» газетінің әдеби хатшысы Александр Кривицкий жасаған жалған сөз (Obuhov Nd) деп айтқан.

Осы сенсациялық пікірден кейін көп ұзамай қазақ тарихшылары мен мұрағат қызметкерлері 28 панфиловшылардың Мәскеу түбіндегі Ұлы Отан соғысындағы ерлігінің шын мәнінде болғанын дәлелдейтін фактілер таба алды. Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының бас директоры Марат Әбсеметов «Мұндай даулар қашан да болады, бірақ ең бастысы – оларды еңсере білу керек. Өйткені мылтық үнсіз қалғанда архивіміз сөйлейді. Біз қазір 28 панфиловшыға қатысты дәлелдерімізді көрсетіп, онда 1941 жылғы 16 қарашадағы құжаттарды көрсеттік. Біздің қазақтардың Отанын қорғағандығын , 7 мың қазақтың Мәскеу түбінде кеуделерін оққа тосқанын растайтын құжатты таптық. Бұл құжаттар мен материалдар бар. Біз оларды мұрағатқа ресейліктерге жібердік. Олар бұл фактіні мойындады», - деді М.Әбсеметов.

Жоғарыда аталған тарих ғылымдарының докторы Д.Легкий соғыс тарихын қайта қарау әрекетінің астарында не жатқаны туралы ой қозғай отырып, панфиловшылар дивизиясының ерлігін үлгі тұтып, насихаттаған «Еске алу вахтасы» халықаралық жастар жобасына жоғары баға береді.  Бұл акция «Біз – миллион панфиловшылар!» деп аталды.

Жоба жетекшілері акцияның мақсатын былайша атап өтті: «Біз тарихымызға деген құрметті ғана емес, сонымен қатар Қазақстан, Ресей және Қырғызстанның ортақ тарихымызды қабылдауда біріккенін де көрсетіп отырмыз» (Legkij 2016).

Жоғары оқу орындарына арналған оқулықта жалпы тарих жеткілікті түрде қамтылған. Соғысқа арналған бөлімдерде қалыптасқан дәстүрлі тақырыптармен қатар жаңа мәліметтер қосылған: жер аударылған халықтар туралы, Түркістан легионы туралы және Гитлердің Қазақстанға құрған жоспары туралы (Кан 2013, С.227-234).

Мектеп оқулықтарында соғыс тарихы туралы деректер жеткілікті дәрежеде қамтылмаған. Кебір авторлары Ұлы Отан соғысы тақырыбына аса мән бермеген деуге болады. Оны тек «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы депортация саясаты» тақырыбында ғана қарастырған (Turlygul 2007).

Соғысты оқулықтарда қамту мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілді. Қазақстан Республикасы Парламенті ресми сайтының хабарлауынша, 2016 жылғы 25 мамырда Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Е.Қ.Сағадиевтің атына депутаттық сауал жолдаған. Сауалында былай деп жазған:

«Ұлы Отан соғысы туралы тарихи шындықты бұрмалауға жол бермеу, оны мұқият және жан-жақты зерттеу қажеттілігі, сондай-ақ Ұлы Жеңістің Еуразиялық кеңістіктегі халықтары мен елдері үшін біріктіруші құндылық ретіндегі рөлі қоғамда кеңінен талқылануда. Мемлекет «өз Отаны мен халқының алдында жауапты жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыру: патриоттық сезімін, белсенді азаматтық ұстанымын және қазақ халқының, Қазақстанда тұратын басқа да халықтардың тарихы мен мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу» міндеттерін қойып отыр. Алайда қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептерде Ұлы Отан соғысының тарихын зерделеу кезінде тарихты қайта жазу, тарихи фактілерді ауыстыру әрекеті байқалады. Бұл жыл сайын күшейіп келе жатқан антикоммунистік үгіт-насихатқа сәйкес жасалып отыр. Мұның себебі неде және мұндай жағдайда қандай мақсат қойылу керек? Бұл ретте мұғалімдерді кінәлауға болмайды, себебі басқа. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығымен бекітілген негізгі орта білім беру деңгейінің 6-9 сыныптарына арналған «Дүниежүзі тарихы» пәні бойынша типтік оқу бағдарламасында «Екінші дүниежүзілік соғыс» сияқты тақырыпты қарастыруға 1 сағат уақыт бөлінген. Бұл «Ауғанстан және Иран» (1 сағат), «Азия мен Африканың араб елдері» (1 сағат) сияқты тақырыптардың әрқайсысына жеке-жеке бөлінген уақытпен бірдей. Бұл бағдарламада  – «Екінші дүниежүзілік соғыс» тақырыбы бойынша – Кеңес Одағы мен Қызыл Армияның рөлі – «Германияның КСРО-ға шабуылы» деген үш сөзден ғана көрініс табады. Яғни бұл басқа факті – «Балқандағы, Солтүстік Африкадағы әскери іс-қимылдарды» белгілеумен бір деңгейге қойылған. Сондай-ақ бағдарлама бөлімдерінде кеңес-герман майданы бойынша бірде-бір шайқас көрсетілмеген (Мәскеулік те, Сталинградтық та, Курсктік те). Бірақ басқа әскери оқиғалардың тұтас тізбегі кезең-кезеңімен берілген – «Оғаш соғыс», «Перл-Харбор және АҚШ-тың соғысқа кіруі», «Еуропада екінші майданның ашылуы». Мұнда енді оқулық авторлары, тарих пәні мұғалімдері фашизмді жеңуде басты шешуші рөлді кім атқарғанын қалай анықтауы керек? Өз жерін ғана емес, бүкіл Еуропаны жаудан азат еткен кеңес әскері ме немесе «Оғаш соғыс» деп аталған Екінші дүниежүзілік соғыстың басында Германияға шабуыл жасаған ағылшын-француз әскерлері ме, әлде  Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы кезеңінде Италия мен Францияда екі десанттық операция жүргізген ағылшын-американдық десант па?!

Егер бағдарламада тіпті негізгі – Ұлы Отан соғысы туралы ақпарат болмаса, бұл жерде тағы не айтуға болады? Бұл жағдай тарих пәні мұғалімдерінің барлығын таң қалдырып отыр және ешқайсымыз мұны түсіне алмаймыз. 10-11 сыныптарға арналған «Дүниежүзі тарихы» пәні бойынша типтік оқу бағдарламасында (жалпы орта білім беру деңгейінің қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттары) «Екінші дүниежүзілік соғыс» тақырыбын оқуға 4 сағат және 2 сағат (бейіні бойынша) бөледі. Әрине, бұл жерде құрастырушылардың мектептерде «Дүниежүзі тарихын» зерттеуге бөлінген жалпы сағат санына қарай регламенттеліп, жасап отырғаны түсінікті. Алайда неге «Тропикалық және Оңтүстік Африка елдері» сияқты тақырыптарға да, бірінші дүниежүзілік соғыстан екінші дүниежүзілік соғысқа да бірдей 2 сағат уақыт бөлінген? Ал жалпы орта білім беру деңгейіндегі жаратылыстану-математикалық бағыттағы сыныптар үшін тіпті Екінші дүниежүзілік соғысты зерттеуге берілген уақыт екі есеге қысқартылады да, бірақ «Тропикалық және Оңтүстік Африка елдері» тақырыбы сол көлемде қалдырылады. Қай жағынан қарстырсақ та, пропорционалды бөлінбеген».

Сондай-ақ депутаттың айтуынша, мектептің тарих пәні бағдарламасында антикоммунистік насихат айқын көрініс тапқан.

«...Оқулық авторларының пікірінше, коммунистердің қызметі тек тоталитаризм орнатумен, қуғын-сүргін және депортация саясатын жүзеге асырумен байланысты. Бірақ Ұлы Отан соғысы жылдарындағы коммунистер мен комсомолдардың рөлі мен ерлігі туралы бір ауыз сөз айтылмаған.

Мұндай антикоммунистік идеология тарих оқулықтарында болмауы керек. Себебі бұл тарихи шындыққа сәйкес келмейді», – деп жазған Жамбыл Ахметбеков сауалында.

Сонымен қатар ол Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуын көрсетуде өрескел қателік жіберілгендігі туралы айтқан: «10-сыныптарға арналған оқулықтарда (қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы да) Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы 1939 жылы 1 қыркүйекте фашистік Германияның Польшаға жасаған агрессиясынан ғана емес, сондай-ақ «Польшаның, Батыс Украинаның және Батыс Беларуссияның Шығыс территорияларын азаттық жорығы немесе әскери басып алу» деп көрсетіледі. Батыс Украина мен Батыс Беларуссияның КСРО-ға қосылуын (соның арқасында Украина мен Беларуссияның мемлекеттік мәртебесі мен қазіргі аумағы бар) «әскери басып алу» ретінде қарастыру тарихи шындыққа жатпайды».

Жамбыл Ахметбековтың пікірінше, мұндай тұжырымдарды газеттер мен журнал беттеріндегі пікірталас материалдарында ғана жазуға келеді, бірақ ҚР БҒМ бекіткен оқу құралдарында емес.

«Оқуылық беттерінде мұндай ашық саяси баға беруден аулақ болу керек. Бұл орын алып отырған бұрмалаудың ең қыңжылтатын тұсы – бұл Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің әлі көзі тірі кезінде өрбігендігі және олардың немерелері мен шөберелері осындай білімді сіңіруге мәжбүр болып отырғандығында», - деп жазған Жамбыл Ахметбеков депутаттық сауалда.

Соғыс тарихы тек оқулық бетіне шығарылумен ғана шектелмей ғана, батырлардың ерліктерін мәңгілікке қалдыру үшін оларды тас пен қолаға бейнелеу сияқты басқа да тәсілдер арқылы сақталып отырған. Кеңес дәуірінде бүкіл елдегі соғыстың ең көрнекті қатысушыларының құрметіне көптеген ескерткіштер тұрғызылды және оларға деген көзқарас «лакмустік қағаз» секілді соғысқа деген көзқарасты ғана білдіртпеді. Осылайша, бұрынғы Одақтың көптеген республикаларында майдангерлерге арналған ескерткіштер жойылды. Мұндай жағдай тек Балтық елдерінде ғана емес, көрші Өзбекстанда да орын алған. Түрлі деректер бойынша, өзбек емес, қазақ болып шыққан генерал Сабыр Рахымов құрметіне жасалған дүниелердің бәрі жойылған. Сол себепті болса керек, Сабыр Рахымовтың құрметіне Қазақстанның әр қаласында ескерткіштер қойыла бастады. Бұл ескерткіштердің соңғысы 2015 жылдың мамыр айында Шымкент қаласында орнатылды (Imya prokurora vmesto imeni generala 2015).

Бұрын қойылған ескерткіштерден бөлек жаңалары да тұрғызылды. Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова (Алматыда В.И. Ленин ескерткіші орнына), Бауыржан Момышұлы, Бақтыораз Бейсекбаевтарға да ескерткіштер қойылды. Рақымжан Қошқарбаевтың есімін мәңгілік ету туралы шешім қабылданды.

Қазақстан мен Өзбекстанның ескерткіштерге деген көзқарасы әртүрлі болғанымен, Георгий лентасына қатысты ұқсас болғанын байқауға болады. Қоғамның бір бөлігі оны, әсіресе, Украина оқиғаларынан кейін, империализмнің белгісі ретінде қабылдап, өз лентасын енгізуді ұсынады. Олар кезінде Георгий кресiмен отаршылдар қазақ даласында бейбіт халықты қарумен қырғандығын алға тартып, сол бір соғыста түгел ұрпағы қырылып қалудың алдында тұрған халық ретінде мойнына Георгий лентасын таққанша, «шынжыр бұғауды кигенi» асылы еді дейді. Осындай тарихи оқиғаларды кеңестік жад саясаты тұрғысынан емес, тәуелсіздік призмасынан бағалап үйренудің кезі келгенін айтады. Осылайша, өз лентасын жасау туралы шешім қабылданады.

Алайда лентаны ауыстыруға қарсы шыққандар да болды. Олар лентаны жай ғана белгі ретінде және Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан ордендерді безендіру құралы тұрғысынан ғана қарау жөн деп есептеді. Лентаны ауыстыруға қарсылық білдірген қоғам бөлігінің айтуынша, бұл әрекет қоғамды тарихи шындықтан алыстатады. Әрбір республика Георгий лентасын өз ығына қарай ауыстыруы – тарихты бұрмалау әрекеті дегенді алға тартты. Себебі ол белгіні соғысқа қатысқан аталарымыз таққан және олар бәрібір де музейлерде тұратындығын атап өтті.

Дегенмен 2017 жылдан бері Қазақстанда Жеңіс күніне Георгий лентасының орнына, ту түстері қолданылған, жаңа дизайндағы лента шығарылады.

Жалпы Қазақстанда соғысқа деген көзқарас, оның әр алуандығын айғақтақтап отыр. Алайда ресми жад саясаты мен оның көріністері әлі де кеңестік концепция аясында жалғасып келеді. Осы ретте Қазақстанның бірінші Президенті Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған «Мәңгілік полк» шеруіне 2015 жылы ғана емес, 2016 жылы да шетелдік державаның жалғыз жоғары мемлекеттік тұлғасы ретінде қатысқандығы туралы, сондай-ақ 2020 жылы және биыл Қасым-Жомарт Тоқаев та сол Жеңіс парадын тамашалап қайтқанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар айта кету керек, Ресейдегі Жеңіс күнін мерекелеуге арналған «Мәңгілік полк» шеруінің ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл танымал бастама – ұжымдық жадының көрінісі.

Оқулықтар арқылы қалыптасқан соғыстан кейінгі кезең тарихи жадыда тың және тыңайған жерлерді игеру сияқты тақырыптардан көрініс тапқан. Бірақ қазір осы айтулы оқиға тоқталатын болсақ, қазір оның жағымды жақтарынан бөлек, жағымсыз жақтары да көптеп айтылып келеді. Атап айтқанда, экологиялық жағы талқыға түсіп отыр. Бүгінде экологиялық апат хақында Арал қасіреті баяндалуында да айтылып жүр. Семей ядролық полигонындағы сынақтармен байланысты салдарлар туралы да айтуға мүмкіндік туды.

Әрине, оқулықтарда кеңестік кезеңдегі негативті оқиғалар ғана емес, сондай-ақ республикада көптеген зауыттар мен фабрикалар, мектептер мен емханалар, институттар мен театрлар бой көтергендігі және ғылым мен мәдениеттің дамығандығы туралы да жазылған.

Елімізде көптеген мәдениет және ғылым қайраткерлеріне, оның ішінде белгілі ұйғыр композиторы Құддус Құжамьяров құрметіне жаңа ескерткіштер орнатылды. Теңге сарайы мен Қазпошта кеңестік кезеңге байланысты маркалар мен монеталарды шығарады.

Қазіргі Қазақстандағы кеңестік кезең туралы жалпы жады саясатын сипаттай отырып, бұл жерде бұрын көтерілмеген мәселелер туралы айту, талқылау, жаңаша зерттеу мүмкіндігі пайда болғанын айта аламыз. Көптеген құбылыстар, оқиғалар, фактілер басқаша түсіндіріле бастады. Ұлттық тарих шежіресіне бұрынғы жад саясаты аяусыз сызып тастаған адамдардың есімдері кірді. Сонымен қатар бұл ретте кеңестік кезеңдегі, ең алдымен, Ұлы Отан соғысы сияқты көптеген оқиғаларды түсінудегі сабақтастық туралы айтуға болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button