Жаңалық

Тегін қабылдайтын емхананы білесіз бе?

Соңғы жылдары маркетинг колледждер, емханалар, музейлер, хайуанаттар саябағы, симфониялық оркестр, қорлар, тіпті шіркеулер сияқты коммерциялық емес ұйымдар стратегиясының басты бөлігіне айналды.

Ұлттық коммерциялық емес ұйымдар қолдау тауып, адам тартуда қатаң бәсекеге тап болып келеді. Қисынды маркетинг оларға адам тартуға, қаражат көзін табуға және қолдауға ие болуға көмектеседі.

Мысалы, Әулие апостол Иуда Фаддей атындағы балаларға арналған зерттеу емханасының (St. Jude Children’s Research Hospital) миссиясы – «Емін тауып, балаларды құтқару». Жыл сайын емханада 7 800 пациент емделсе, ел ішіндегі және әлемдегі филиалдарының арқасында жыл сайын бұдан да көп адамды емдеуге мүмкіндік бар. Сырқаттар бұл емханадан алған емі, келген-кеткен жолы, жатқан орны не тамағы үшін ақы төлемейді. Осы миссияны орындау үшін емхана 2,4 млн $ тұратын бір күндік операциялық бюджетін электр станциясының маркетингі арқылы жинайды. Қаражат жинау шаралары әлеуметтік жарнама, атақты жұлдыздар қатысатын жарнама, корпоративтік серіктестік және Trike-a-thons, Math-a-thons, студенттерге арналған Up’ Til Dawn, St. Jude Dream Home Giveaway және басқа да алуан түрлі бағдарламаларды қамтиды. Әулие апостол Иуда Фаддей атындағы балаларға арналған зерттеу емханасы жыл сайын «Алғыс білдіру және көмек қолын созу» кампаниясын өткізіп, «балалардың аман-саулығына алғыс айтып, ал оған мұқтаж жандарға көмек қолын созуға» шақыратын Target, Domino’s, Williams-Sonoma, Regal Cinemas және Expedia сияқты жетпістен аса корпоративтік серіктеспен жұмыс істейді. Осының нәтижесінде бренд кең танылып, сегізінші сынып оқушыларынан бастап, сексен жастағы жеке донорлардан жылына көмек ретінде 1 млрд $ көлемінде қаржы жиналады.

Тағы бір мысал ретінде планетамыздың жабайы табиғатын сақтауды мұрат ететін «Дүниежүзілік тұмса табиғат қоры» (WWF) атты жаһандық коммерциялық емес ұйымды келтіруге болады. WWF қоры 100 мемлекетте жұмыс істейді, мемлекеттік гранттар, қорлар, корпорациялар және мүшелікке өткен АҚШ-тағы 1,2 миллион, ал дүниежүзі бойынша шамамен 5 миллион жеке тұлға қаражаты есебінен қаржыландырылады. WWF қоры өзінің ауқымды миссиясын орындауға қажет ресурстарды жинау үшін егжей-тегжейлі ойластырылған маркетингті қолданады. Оған бір мысал – шығыны аз, өте тиімді ойластырылған Snapchat қосымшасындағы #LastSelfie кампаниясы:

WWF қорының #LastSelfie кампаниясының идеясы – планетамыздағы тұмса табиғатта жануарлар жер бетінен Snapchat қосымша сияқты тез жойылып барады. Идеясына назар аудару үшін WWF қоры жойылып кетуге жақын қалған жануарлардың тоғыз секундқа созылатын суреттерін әлем бойынша WWF жазылушыларына «Бұл менің соңғы #LastSelfie суретім болуына жол берме» деген хабармен жіберіп, осы суреттің скриншотын жасауды сұрады. Небәрі сегіз сағаттың ішінде 5 000 месседжді 6 миллион адам қараған. Ал бір аптаның ішінде таралған месседж саны 40 мыңға жетіп, 120 миллион қолданушыны құлағдар етті. Жалпы алғанда, #LastSelfie кампаниясы Twitter қолданушыларының жартысына мәлім болды. Сонымен қатар бұл кампания WWF қорына бір айда жинайтын қаражатты бар-жоғы үш күн ішінде жинауына мүмкіндік беріп, WWF веб-сайты арқылы жануарларды қамқорлығына алған адамдар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Кең мағынасында қарасақ, бюджеті шектеулі болса да осындай маркетинг акцияларының арқасында WWF қоры өткен жылы жеке донорлары беретін қаражаттың үштен бірінен артығын, шамамен 290 млн $ жинай алды.

Мемлекеттік агенттіктердің де маркетингке қызығушылығы артуда. Мысалы, АҚШ қарулы күштері әскерге шақырылған адамдарды түрлі қызметтерге тарту үшін маркетинг жоспарын, ал мемлекеттік агенттіктер энергияны үнемді пайдалану, қоршаған ортаны аялау, темекі шегу, заңсыз есірткі пайдалану және артық салмақ жинаудың алдын алу бойынша әлеуметтік маркетинг кампанияларын әзірлеуде. Тіпті қызықсыз көрінетін АҚШ пошта қызметі де өзінің естелік маркаларын сату, Priority Mail қызметін ілгерілету және заманауи әрі бәсекеге қабілетті ұйым ретінде өз беделін арттыру мақсатында инновациялық маркетинг әзірлеген. Жалпы алғанда, АҚШ үкіметі – елдегі отыз тоғызыншы ірі жарнамалаушы, оның жарнамаға бөлінетін жылдық бюджеті 980 млн доллардан асады.

Котлер Филип, Армстронг Гари

«Маркетинг негіздері»,

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітап

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button