ТЕЛЕГЕЙ-ТЕҢІЗ
Әбіш Кекілбайұлы!
Қазақ әдебиетінің ар-ожданы мен мерейіне айналған жұлдызы биік суреткер! Өзінің 76 жылдық сәуле-ғұмырында елі мен жерін егіле сүйген, ұлт ісіне адал қызмет еткен; әдебиет пен мәдениет, өнердің дегдар болмысы іспетті ерен тұлға болған-ды.
Әбіш әлемі арқылы дүниетанымын қалыптастырып, танымын кеңейткен, көкірек шөлін басқан оқырманы ретінде айтарым: оның телегей-теңіз мұхит – білімі мен білігі, қарым-қабілеті, дара суреткерлігі мен дүлдүл шешендігі, еліміз Тәуелсіздігін алған тұста саясат сахнасына көтеріліп, Бас бидің міндетін қалтқысыз атқарған тағылымды еңбек жолы – өзінен кейінгі ұрпаққа мәңгілік азық. Жазушы қаламынан туған “Үркер”, “Елең-алаң” – әлемдік әдебиеттің ең озық үлгілерімен пара-пар дәрежедегі асыл да, жауһар туынды болып тарих жылнамасына жазылды. Бір сөзбен айтқанда, елден ерек, тумысы бөлек бекзада Кекілбаев тудырған кейіпкерлер жүйесі – киізтуырлықты қаймана қазақтың сан ғасырлық өмір тарихы. Маған оның кестелі тілі, кең пешілген көйлектей бай сөз орамы – осы бір “қорғансыз” ұлттың энциклопедиясындай көрінеді. Әуезовтен кейін қазақ қарасөзін аспандатқан заңғар жазушының шығармалары – тарихи сананы ұлттық мүддеге негіздеді. Ұлттық код деген осы болар, бәлкім!
Абыз сөзі – Еңсеп қазған құдықтай терең, тұнық әрі тәтті еді. Сол тәтті сөз – мұқым қазақтың рухани шамшырағы емес пе! Уақыт алға озған сайын Әбіш әлемі, Әбіш феномені, Әбіш сөзі, Әбіш кеңістігі – Тәуелсіз елдің төлқұжатымен бірге айқындалып, реңі күннен-күнге ажарлана түспек…
Биыл, ғұламаның туғанына мерейлі 80 жыл! Енді нағыз Әбіштің мәңгілік ғұмыры, оқырман біткенді сағынтар, аңсатар арман-аңсарлы ғұмыры басталды… Алдымызда ұлы ескерткіш болып «Елең-алаң», «Үркер», «Шандоз», «Аңыздың ақыры», «Ханша дариясы хикаясы» сынды қазақ руханиятының сүбелі туындылары тұра бермек…
Елдос ТОҚТАРБАЙ
RUH.KZ