Телжан Шонанұлы – әмбебап ғалым һәм ағартушы
«Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Т.Шонанұлы – әмбебап ғалым һәм ағартушы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Көрнекті ғалым, педагог, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері Телжан Шонанұлының туғанына 125 жыл толуына орай республика ғалымдарының басын қосқан шарада ғалымның мұрасы туралы сүбелі сөздер айтылды.
Конференцияға қатысушылар – А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры О.Жұбаева, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры М.Қойгелдиев, М,Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор А.Ісімақова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының профессоры А.Ахмет, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехника университетінің доценті М.Есекешова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры. ф.ғ.д. А.Айталы сынды ғалымдар Т.Шонанұлының зерттеген салалары туралы айта келе, Орынбор, Ташкент архивтерінен алынған тың деректермен де таныстырды.
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры О.Жұбаева бұрын жарық көрмеген кітаптарын музейге табыстап, «Т.Шонанұлы ғылым, оқу-ағарту қызметіне қызу араласып, əліппе, оқулық, бағдарламалар жазып, халықты сауаттандыру жолында көп еңбек сіңірді. Ғалымның ғылыми-танымдық публицистикаға көбiрек ден қойып, қалам тербеуiне себеп болған өзi өмiр сүрген уақыт талабы, яғни оның рухани қажеттiлiгінен туындаған, өзекті мәселелер болатын.
Телжан Шонанов – халқының болашағы үшін күрескен ғалым, оқу-ағарту, тарих, əдебиет пен тіл ғылымының дамуына зор еңбек сіңірген қазақ зиялыларының бірі»-деп атап өтті.
Конференцияға қатысушылар Т.Шонанұлының артында қалған құнды мұраларын əлі де болса жинақтап, қоғамдық-ағартушылық жəне ғылыми қызметін зерттеудің өлке тарихын танып білудегі маңыздылығына тоқталды.
Ақтөбе облысы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі