Жаңалық

Терминдерге мониторинг жасалмақ

Қазақстанда 1971 жылдан бастап бекітілген терминдерге мониторинг жасалады. Бұл жұмыстар алдағы үш жылда атқарылады деп хабарлайды  Ruh.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.

 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, қазақ тілінің терминологиялық қоры 30 мыңға жуық терминді қамтиды.
«Терминология саласы мемлекеттік тілді дамытудың басым бағыттарының бірі болып саналады. Осы ретте ұлттық терминологиялық қорды толықтыру бойынша үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің терминологиялық қоры айтарлықтай артып, қазір ол 30 мыңға жуық терминді қамтыды. Терминология комиссиясы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы барлық салаларда қазақ тілінің терминологиялық лексикасы бойынша ұсыныстар әзірлейтін консультациялық-кеңесші орган»,  –  деді ол.

Ералы Тоғжановтың атап өтуінше, арнайы мониторинг жаңа әдістеменің негізінде жүргізілетін болады.

«2020 жылы терминдерді пайдалануға қатысты арнайы мониторинг жүргізудің әдістемесі бекітілді. Оның негізінде 2021-2023 жылдар аралығында 1971 жылдан бастап бекітілген терминдерге мониторинг жасалады. Нәтижесінде бекітілген терминологиялық қор реттеліп, көпшіліктің назарына ұсынылады», – деді Ералы Тоғжанов.

Үкімет басшысы орынбасары салалық терминдердің сапасын қамтамасыз ету үшін орталық атқарушы органдар жанынан терминологиялық жұмыс топтары қызмет ететіндігін алға тартты. Бұл бағытта 2 жұмысты жетілдіру мақсатында комиссияның құрамына әртүрлі сала мамандарын тарту көзделіп отыр.

«Терминдерді бекіту ісіне азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету мақсатында «termincom.kz» сайтында қаралудағы терминдерге дауыс беру платформасы ашылды. Сайттың қолданушылары комиссия мүшелерінің ұсыныстарымен танысып, өз пікірлерін білдіре алады. Қолданушылардың ұсыныс-пікірлері терминдерді бекіту кезінде назарға алынады», – деді Ералы Тоғжанов.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button