Жаңалық
Редакция таңдауы
Tik-Tok қандай табыс әкеле алады?
Сауықтыру мақсатында пайда болған әлеуметтік желілер табыстың көзіне де оңай айналып үлгерді.
Ең жас әрі ең танымал Tik-Tok желісінде қанша пайда табуға болады? Ең көп табыс кімдерге тиесілі? Tik-Tok валютасының құны қандай?
Табысқа жету тәсілдері:
Tik-Tok о басынан қаржылық бағытта жұмыс істей бастады. 1 миллиардтан артық қолданушысы бар бұл желіде ақша табудың 4 тәсілі бар:
- Өзге аккаунттарды жарнамалау. Бұл ең қарапайым әрі оңай тәсіл. Tik-Tok-қа енді қосылған жас блогерлер, көбіне, осы әдісті пайдаланады.
- Тікелей эфир монитизациясы. 1000 оқырманы бар аккаунт иесі ғана тікелей эфирге шыға алады. Тікелей эфирге шыққан адамды өзге қолданушылар Tik-Tok монетасымен қолдайды. Мұндай 100 монета 1 долларға тең. Жиналған қаржыны аккаунт иесі банк шотына аудара алады. (Мұнда да біздікіндей «шектеу мөлшері» деген түсінік бар. Алайда, Tik-Tok мейірімді. Оған 10 доллар қалдырсаңыз жеткілікті).
- Тауар жарнамасы. Бұл межеге 10-15 мың оқырманы бар аккаунт иелері ғана жетеді. Желіде танымал аккаунттарға қандай да бір бренд жарнама жасау мүмкіндігін ұсынады, осы арқылы жарнама жасаушының қаламақы көлемі артады.
- Бірлескен жобалар. Блогер қандай да бір кәсіп, тауар, қызмет аккаунтының сілтемесімен бөліседі. Сол сілтеме арқылы сатылған тауардан, көрсетілген қызметтен блогердің шоты толыға береді.
Tik-Tok могнаттары
Ашық ақпарат көздерінде ең көп табыс табатын Tik-Tok жұлдыздары туралы ақпарат желдей еседі. Forbes 2020 жылы осындай орыстілді блогерлер тізімін жариялады. Посткеңестік кеңістіктегі ең танымал һәм ең көп табысқа ие 5 блогерді назарларыңызға ұсынамыз:
- Рахим Абрамов. 10 миллионнан артық оқырманы бар блогер. Рахим вайнер мен блогер ретінде ғана емес, әнші ретінде де танымал. Оның «Fendi» атты туындысына 3 миллионнан артық бейнеролик түсірілген. Tik-Tok-тағы табысы – 61,773 миллион теңгені құрайды.
- Дина Саева. 17 миллионнан астам оқырманы бар. 2019 жылы Tik-Tok-тің ең танымал орыстілді қолданушысы атанды. Coca-Cola, Dolce&Gabbanа секілді танымал брендтермен келісімшарт жасасқан. Tik-Tok-тағы табысы – 29,087 миллион теңге.
- Алексей Савко. 7 миллионға жуық оқырманы бар. Coca Cola, Uber, «Сбербанк», McDonald’s, «МегаФон» секілді брендтермен істес. Tik-Tok-тағы табысы – 28,379 миллион теңгені құрайды.
- Юлия Гаврилина. 7,5 миллион оқырманы бар. Тізімдегі ең жас блогер. Оның «Пинг-понг», «Жужу» әндері тез таралып, танылып үлгерді. Tik-Tok-тағы табысы – 19,588 миллион теңге.
- Валя Карнавал. 10 миллионға жуық оқырманы бар. Валя блогер, әнші, актриса ретінде де белгілі. Tik-Tok-тағы табысы – 18,939 миллион теңге.
Аға буын жастарды «жалқау» деп айыптап, ақша табудың бұл жолын оңай санайды. Десе де, бұл істің өз қызығы мен шыжығы бар.