Мақала Жаңалық Редакция таңдауы

Тіл анасы

Қазақ тілінің абыройын асқақтатқан, тілдің мерейі мен мәртебесі үшін қолынан қаламы түспеген ғалым анамыз - Рабиға Сәтіғалиқызы Сыздықова.

Қазақ үшін ардақты тұлғалардың есімін жас ұрпақ жадына сіңіру – біздің басты парызымыз. Өзінің естелігінде ғалым апамыз: «үш жасымда туған жерден, әкеміздің қызмет бабына орай көшуге тура келді» – дей келе, кіндік кескен жері, туған елі Ойылға деген сағынышты кішкентай жүрегіне тұмардай сақтағаны, сол бір кішкентай шоқтың жылдармен бірге үлкен жалынға айналып, көкейінде қимас асыл заттай жарық беріп келе жатқанын тебірене жеткізеді.

Ата-бабаларымыз «оқу-инемен құдық қазғандай» – деп білім алудың, оны игерудің қиындығын ертеден ұрпағына мирас еткен. Ал білімнің биік шыңы – ғылымды игеру кез-келгеннің қолынан келетін іс емес. Оған мықты рухани жігер, туа бітті ана сүтімен, әке қанымен берілетін қасиеттің болуы керек сынды. Осы тұрғыдан ғалым ананың жолы қара жолдай тегіс, тура болмаған. Буыны қатпай асқар таудай Әкесінің Алаш зиялыларымен байланысы болғаны үшін «Халық жауы» деген қара таңбаға ілініп, ақыры атылып кетуі, арқа сүйер ағаның әскерге алынуы, отбасы тауқыметін 16 жасынан мойына іле жүріп, қайыспай оқудан қалмауы, алдына қойған үлкен мақсаты – ғылым жолына тәуекел етуі – кім-кімді де терең ойға қалдырары сөзсіз. Жас та болса зерек қыздың 20 жасында Алматыда тіл қайраткерлері алдында қазақ тілінің мектептерде оқытылуы жайын сынап сөз сөйлеуі, сол кеңеске қатысушылардың назарын өзіне аударып, болашақ ғалымның ғылымға барар жолына түрен салып бергендей. Абай шығармаларының тілін зерттеуді зерттеу обьектісіне айналдыруы, Абай өмір сүрген заманның әдеби тілін зерттеген тұңғыш айрықша зерттеу деп танылуы – ғалымға берген биік бағаның бірі еді.

Шығыс қыздарының ерлігі мен өрлігі апайымыздың бойында қатар өрілген тәрізді. Оған жазықсыз жапа шеккен Алаш арыстары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Қ.Жұбановтар сынды аптал азаматтардың ақталуына, олардың шығармаларын жарыққа шығару, олар туралы «Ғалым азамат», «Тіл тағылымы» атты сүбелі зерттеу еңбектерін жазып шығуы зор қажырлығы мен қайтпас қайсарлығының айқын көрінісі деуге болады.

Әлемдегі ең бай тілдің бірі қазақ тілі болса, оның сан-салалы ой-қырын ғалым айналып өтпеген, оған түркітану саласындағы зерттеулерін қоссақ – Рабиға апайды Ана тілі үшін туған абыз ана демеске лажымыз жоқтай. Уақытында ұлылар М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтердің шынайы бағасын алған, аяулы ақын Қ.Аманжоловтың:

«Тіліңіз тәтті, ойыңыз қандай,

Тыңдадым, ұқтым жан сырыңызды.

Болар ем күнде бір жасағандай,

Көп туса қазақ дәл сіздей қызды» деген лебізді арнауын иеленген ардақты ғалымды бүгінгі ұрпақ зерделеуі тиіс. Мүмкін болашақ Рабиғалар арамызда өсіп келе жатқан шығар? Олай болса, Тіл анасын ел болып құрметтеу баршаға ортақ міндет деп ойлаймын.

Тіл тағдыры – ұлт тағдыры

Қазақстан Республикасының Конституциясында анық жазылғандай мемлекеттік тіл біреу, ол – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздікті нығайтудың, еліміздің елдік, халықтық сипатын сақтап қалудың және қоғамдық келісімнің ең басты кепілі болып саналады. Елімізде тұрып жатқан барша халық, ұлт пен ұлыс қолданатын тіл. Кез келген дамыған мемлекеттердің өз тілдері бар. Тілдерін кадірлейді, қастерлейді, бұрмалауға жол бермейді, бәрі заңмен қарастырылған. Осындай тілдер ғасырдан-ғасырға дамымаса құлдырап, құрдымға кетпейді. Кезінде соғыстан, бір елден екінші елге бағынышты болуынан тілдер жойылса, кейіндері басқыншы тілдердің үстемдігінен жойылды. Қазіргі таңда халық саны аз, қолданыстан шыққан, дамымайтын, дамыта алмайтын мемлекеттің тілдері өшіп жатады.

Ғылымда бірде-бір адам сөйлемейтін тіл өлген тіл деп саналады. Ал ұлты бар да тілі жойылса не болмақ… Расул Гамзатов: – «Егер менің тілім ертең өлсе, мен бүгін өлуге дайынмын» – деген екен. Бұлай деуі Расул ағамыздың  перзенттік парызын жоғары ұстанып, болашақ ұрпаққа «тіліңді сақта»,- деген аманаты болып тұр. Тіл мамандарының дерегіне қарағанда, 2100 жылға дейін әлемде 3500-дей тіл қолданыстан шығып, жоғалады екен. Бұл деген бүгінгі таңда дүниежүзіндегі бүкіл тілдердің тең жартысы болмақ. Бір тілдер өліп жатса келесі бір тілдер тірілуде. Мысалы: өмірде көптеген қиыншылық тауқыметін тартқан еврей халқы өздерінің қолданыстан ертеде қол үзіліп қалған еврит тілін тауып, зерттеп, зерделеп қайта жарыққа шығарып отыр. Бұл әрекет ақшаның күшімен бе, ақылдың күшімен бе әлде ұлттық рухтың күші ме әйтеуір өз тілдерін үкілеп төріне шығара білді.

Айтайын дегенім – өз ана тілім.

– Сүңгінің жарасы бітер, тіл жарасы бітпес, – деп бабаларымыз тегін айтпаған болар. Маржандай тізіліп, өрнегі келісіп, бір бояуын екіншісі әрлендіріп тұрғандай ана тіліміздің қазіргі таңдағы көркі, құлаққа жағымды, үні әуезденіп келетін тамаша тіліміздің естір құлақтың есін шығарып, сыңар қанат құстай қалбалақтап жүргеніне қалайша налымаймыз? Тілдің сәнін де салтанатын, әуезді өзегін бұзып отырған өзіміз. Тіліміздің жарасын ешбір ұлт пен ұлыс жазып бермейді. Оны дәрімен емдеп, бақсы-балгерге үшкіртіп, немесе санаңа ота жасатсаң да, тіл кемістігін жаза алмайсың. Ит екеш иттің де, құс екеш құстың да өз тілі бар. Ал біз тірі адам емеспіз бе? Сауысқанның қарқылдап, иттің мөңірегенін осы жасыма дейін естіген емеспін.

Ананың сүті – өмірдің кілті,- демекші ананың ақ уызына тойған баланың алпыс екі тамырына ұлттық қасиеттің даритыны баршаға аян, сондықтан жаның да, тәнің де ананың сүтінен нәр алып, ұлт болып қалыптасады. Қазақтан туып, орыс болғанды негірден туып, қытай болғанды да көргеніміз жоқ.

Әр ұлттың баласы анасының адал сүтін емген болса, сол ұлттың тілі мен діліне, дініне, салт-дәстүріне, тарихы мен мәдениетіне деген жүрек қалауы қалыптасады. Қазақтың есін жаңа біліп, қоршаған ортаны тани бастаған баласына күй естіртсең, балуандардың күресін көрсетсең, жүйрік аттардың бәйгесін көрсетсең, он екі мүшесі қозғалып, көзі жанып, ұшып кете жаздайды. Неге? Себебі, ол қазақтың баласы. Адам баласы осылайша дамиды, қалыптасады.

«Ала сөйлеп, ұлыққа жаққанша, адал сөйлеп, жұртқа жақ», – демекші мен осы мақаламды еріккеннің ермегі үшін немесе ақылсымақшы болып, абырой-атақ термек үшін жазып отырғам жоқ. Қазіргі таңда ұлттық қадір-қасиетіміздің, рухымыздың әлсіреп бара жатқанынан жазып отырмын.

Қазақ нақылдарында бар болмыс-бітімін тайға таңба басқандай, болашаққа апарар айқын жолды көрсетіп берді. Енді не керек? Жайнамазыңды жайып намазыңды оқысаң да, кез келген жерде ана тіліңде сөйлесең де оюын қиыстырып ұлттық киім кисең де, – қой, – деген жан бар ма? Керісінше рухыңды көтер, өткеніңді өзекке теппе, болашаққа нық қадам бас деп, бар мүмкіншілікті жасап беріп отыр.

Естіге айтқан тура сөз,

Шыңға тіккен тумен тең.

Езге айтқан тура сөз,

Құмға сіңген сумен тең. – бұл Майқы бидің сөзі. Сан ғасыр бұрын айтылған сөз. Болашағын көрегендікпен көре білген екендігіне таң қаласың, екінші жағынан шамданасың. Ана тілі баланың бойына ананың ақ сүтімен, сонан соң әлдиінен басталады. Балабақшада таңдайды, орта мектепте дамиды, жоғары оқу орнында жетіледі. Қоғамда өз мәресіне жетеді. Біз сонда қай жерінде қателік жіберіп алдық. Әр ата-ана осыған мән беру керек.

Ұлттық болмысымыз жайында көп толғануға болады алайда, «малдың күйі азығында, мәнді сөз аздығында»,- демекші, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні өзіміз жасап отырған кемшілікті өзімізден іздеп, өзіңнің әр ісіңе сын көзбен қараған дұрыс шығар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button