Тіл білу деңгейін бағалаудың отандық жүйесі (ҚАЗТЕСТ)
Тіл мәселесі – бұл ұлт мәселесі. Оның мерейі мен мәртебесін асырып арттыратын да өзіміз. Мемлекеттік тілді дамыту – ел саясатының аса маңызды бағыттарының бірі. Осы жолда тіл саясатының бағыт-бағдарын айқындауда, елдегі тілдік ахуалды болжап бағалауда ҚАЗТЕСТ-тің алатын орны ерекше.
ҚАЗТЕСТ – Қазақстан Республикасындағы азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалаудың отандық, аналогы жоқ ұлттық жүйесі.
ҚАЗТЕСТ тестілеуін өткізудің негізгі мақсаты – тестіленуші тұлғаның ақпаратты тыңдап және оқып түсінуі, ойын ауызша және жазбаша түрде сауатты жеткізуі арқылы азаматтардың қазақ тілін қай деңгейге жақын меңгергендігін анықтау.
ҚАЗТЕСТ жүйесінің операторы – Ұлттық тестілеу орталығы 1992 жылы құрылған, еліміздің білім жүйесіндегі тестілеуге маманданған ұйым (ҰБТ, педагог білімін бағалау, оқу жетістіктерін сырттай бағалау, жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға түсу емтихандары, т.б.).
ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту басқармасы 2006 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2005 жылғы 3 қазанда өткізген «Қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесін жасау және соның негізінде оқыту әдістемесін әзірлеу» туралы мәжілістің хаттамасына сәйкес Ұлттық тестілеу орталығының базасында шағын сектор ретінде құрылған.
Азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау мен бағалау бағытындағы жұмыс Ұлттық тестілеу орталығына жүктелген.
Аталған жүйе тілдік білімді бағалаудың халықаралық TOEFL, IELTS, TOMER жүйелерінің қағидаттарына сәйкес құрылған. Мемлекеттік тілді меңгеруге, дамытуға, тіл үйренуші тұлғалардың әрекетін ынталандыруға бағытталған тетік ретінде маңызды қызмет атқарады.
Жүйе өз қызметінде Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерінің Ұлттық стандарттарын (ҚР СТ 1925-2015; ҚР СТ 1926-2015; ҚР СТ 1927-2015; ҚР СТ 1928-2015; ҚР СТ 1929-2015), Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 − 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алады.
ҚАЗТЕСТ-тің өткізіліп жүргеніне биыл 17 жылдай уақыт болды. Сол уақыт ішінде ҚАЗТЕСТ тестілеуінен жарты миллионға жуық адам өтті.
Жыл сайын диагностикалық тестілеуден орталық және жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік қызмет көрсету мекемелері мен ұлттық компания мен холдинг қызметкерлері өтсе, сондай-ақ ҚАЗТЕСТ сертификаттық тестілеуі:
2008 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық бағдарламасы стипендиясына үміткерлер үшін;
2011 жылдан бастап «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ қызметкерлеріне;
2014 жылдан бастап ҚР ҰҚК Академиясының үміткерлеріне;
2019 жылдан бастап Хейлибери халықаралық мектебі түлектеріне;
2021 жылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резервінің үміткерлеріне;
2022 жылдан бастап ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясына түсуші Магистратура және Докторантура үміткерлеріне;
2022 жылдан бастап ҚР жоғары оқу орындарының докторантурасына түсуші тұлғаларға міндеттелген тест болып отыр. Бұл – жыл өткен сайын тестіленушілер контингентінің артып келе жатқанының көрсеткіші.
Қазіргі уақытта мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру жолында көптеген жұмыстар, іс-шаралар атқарылуда.
ҚАЗТЕСТ әлемнің үздік халықаралық тілдік білімді тәуелсіз бағалаудың жүйелерінің, педагогикалық өлшеу теориясының қағидаттарын негізге ала отырып, 100 тапсырмадан құралады. Жазылым бөлігі бойынша деңгейге сәйкес 2-3 жазбаша тапсырмадан және Айтылым бөлігі бойынша 1-2 ауызша тапсырмадан тұрады. Тестіленушінің орындауына 2 сағ. 30 минут (150 минут) беріледі.
Тілші ғалымдар, әдіскерлер, тестология саласының мамандары жүйеде 150 мыңнан астам тест тапсырмаларының қорын әзірлеп, қолданысқа енгізді.
Тестілеуге экономиканың әртүрлі салаларынан үміткерлер қатысатынын ескере отырып, тілдік білім мен дағдыларды тәуелсіз бағалау мақсатында тест тапсырмалары кең спектрлі болуы шарт.
Осыған орай, ҚАЗТЕСТ тапсырмаларын әзірлеуді педагогикалық өлшеулер саласында біліктілігін арттыру курстарынан өткен, оқу жетістіктерінің сапасын бағалау мен оқытуда тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар жүргізеді. Барлық тапсырмалар тест тапсырмаларының базасын қалыптастыру стандарттарына, ересек тұрғындарға арналған үлгілік оқу бағдарламасына, лексикалық минимумдарға сәйкес әзірленеді.
Сондай-ақ, тапсырмалардың сапалы болуын қамтамасыз мақсатында міндетті түрде екі кезеңдік сараптама жүргізіліп, апробациядан өтеді.
ҚАЗТЕСТ қызметіндегі негізгі басымдық – тестіленушілердің академиялық білімін бағалайтын отандық жүйе болуы, мемлекеттік тілді меңгертуде стандартталған әдіснама мен бағалау технологиясының қалыптасуы, Тілді оқыту орталықтары ҚАЗТЕСТ әзірлеген бірүлгі бағдарламамен оқытуы, ҚАЗТЕСТ контингентінің ауқымды болуы.
Жүйеге енгізілген өзгерістер заман талабына қарай тестіленушілердің уақытын үнемдеу және тілдік білімді дұрыс және әділ, объективті бағалау жұмысын күшейту мақсатынан туындады.
ҚАЗТЕСТ жүйесін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдаудың құрамдас бөлігі ретінде кезең-кезеңімен енгізу іс-шарасын орынды деп санаймыз.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2022 жылы жоғары оқу орындарының докторантурасына түсуші үміткерлерге шет тілінен тапсырған сертификаттарынан бөлек мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы ресми сертификат – ҚАЗТЕСТ-ті тапсыру міндеттелді.
Бұл талап қазақ тілін ғылым тілі ретінде ғылымның барлық саласында кеңінен қолданылуына үлесін қосып, тілүйренушілердің уәждемесін арттыруға негіз бола отырып, өз кезегінде қазақ тілін меңгеру үдерісін жүйелі жолға қоюға себепкер болатынына сенім артамыз.
Қазіргі уақытта қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде меңгертудің стандартты деңгейлері бойынша мектеп – жоғары оқу орны – жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру орындарында жүйелі түрде өзара сабақтастықта сатылы байланыста, «үздіксіз білім беру» моделі арқылы бағалауға ерекше мән беріліп отыр.
Қолданыстағы тәжірибеде ағылшынды таңдау пәні деп белгілеген түлектер тілдік білімін растайтын халықаралық ІELTS пен TOEFL сертификаттарын ұсынған жағдайда Ұлттық бірыңғай тестілеуде өз еркімен ағылшын тілінен босатылу нормасы енгізілген.
2022 жылы тестілеу форматында өзгерістер орын алды. Атап айтсақ, тест тапсырмаларының саны 150-ден 100-ге қысқарды, ҚАЗТЕСТ құрылымына сөйлеу әрекетінің өнімді түрі Айтылым бөлігі енгізілді.
Қазақ тілін білу деңгейін бағалау бойынша емтихан нәтижелерін беруді оңтайландыру мен жеделдікті арттыру, артық қағазбастылықты болдырмау мақсатында ҚАЗТЕСТ сертификаты 2023 жылғы 23 қаңтардан бастап app.testcenter.kz сайтында тестіленушінің жеке кабинетінде электронды түрде қолжетімді болды. Тестілеуге өтінімдер сайт арқылы онлайн қабылданады.
Қазіргі уақытта тест тапсырмаларын әзірлеу мен сараптама жүргізу, қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау бойынша сертификаттық және диагностикалық тестілеу процесін толық автоматтандыру бойынша жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде. Аталған бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен орындалу үстінде.