«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты жиын өтті
22 қыркүйек күні Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Мәжіліс залында Құжат айналымы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты Қазақстан халқы тілдері күніне арналған салтанатты іс-шара болып өтті.

Іс-шараға басшылық, Орталық ұжымы және құрметті қонақ ретінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бас сарапшылары Бәкірова Назгүл Серікқызы және Әбдікеева Жұпар Сағатқызы қатысты. Әнұран ойналғаннан кейін, іс-шараны жүргізген Дәрілік заттардың жарнамасын ұтымды пайдалану және бағалау басқармасының жетекші маманы Қасабаева Сәбира Ғаппарғалиқызы іс-шараны салтанатты түрде ашып, жиылған қауымның назарын тақырыпқа бұрды. Алғашқы құттықтау сөзді Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы Басқармасы төрайымының орынбасары Табаров Әділет Берікболұлына ұсынды. Басшы тілдің маңызы, мерекелік күннің мағынасы туралы сөз қозғап, барлық ұжым мүшелерін айтулы мерекемен құттықтады.
Келесі құттықтау сөзді сөйлеген Басқарма төрайымының орынбасары Темекова Зарина Мұхтарқызы Орталық қызметкерлерін маңызды мерекемен құттықтап, әр ұлттың ана тілінің, салт-дәстүрінің өзі үшін қастерлі екенін еске салып өтті. Өзі шығарған өлең шумақтарын жатқа айтып, мәнерлеп оқу сайысына үлкен шабытпен және даярлықпен қатысуға келіп отырған Кәсіпорын қызметкерлерінің көшін бастады.
Келесі құттықтау сөз салтанатты жиынның қадірлі қонағы – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бас сарапшысы Бәкірова Назгүл Серікқызына ұсынылды. Жауапты маман, өз кезегінде, Орталық қызметкерлерін тіл мерекесімен құттықтап, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан да мемлекеттік тілге басымды берілетінін, ағымдағы уақытта жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы айтып өтті.
Тіл туралы ұлылардың сөзінен бейнеүзінді көрсетілгеннен кейін Орталықтың Құжат айналымы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі бас маманы Кенжегүл Мақанқызы «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты баяндамасымен көпшіліктің көкірек көзінің оянуына септігін тигізіп, ұлы хакім Абайдың өлең өнеріне қойған талабын баса айтып, өлеңнің қадірін кетіретін басты себептердің бірі – «бөтен сөзбен сөз арасын бұлғау» екенін түсіндіріп кетті. Осы орайда, сөз, сөйлем құрылысына, көркем тілді қолдануға қойылатын басты талаптарды қоса айтты. Баяндама тақырыпқа сәйкес презентациямен сүйемелденді.
Кезек мәнерлеп оқу сайысына келгенде, әр қызметкер жоғары дайындықпен қатысып, бірінен-бірі үздік шықты.
Атап айтсақ, Сыртқы кешенді бағалау басқармасының бас маманы Имаділова Гүлмира Мэлсқызы қазақ тілінде Тұманбай Молдағалиевтің «Үйретеді кім оған ана тілін?» өлеңін және көпшіліктің сұрауымен Омар Хаямның «Все что видим мы, видимость только одна» өлеңін орыс тілінде жатқа айтты. Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарының ұлттық обсерваторияның бас мамандары Өмірхан Жансая Бақытқызы Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін, ал Бисағалиева Әлия Төлегенқызы ағылшын тілінде тіл туралы «Language» өлеңін мәнерлеп жатқа айтты. Денсаулық сақтау саласындағы статистикалық байқау басқармасының бас маманы Қозбаев Дархан Тоболұлы ағылшын тілінде Shawn James-тің «That’s Life» әнін орындап, тыңдаушылардың ризашылығына бөленді. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың формулярлық жүйесін және кәсіби сараптамасын дамыту басқармасының бас маманы Оспанова Ақерке Әмірәмқызы Басқарма қызметкерлерімен бірігіп, жас әнші Мархаба Сәбидің «Қазақша» әнін гитарамен орындады. Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңін Құжат айналымы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі бас маманы Кенжегүл Мақанқызы мәнерлеп жатқа айтты.
Үш тілді білу – заман талабы. Үштілділік бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі болып табылады. Осы орайда, Орталық қызметкерлері өздерінің бүгінгі заман талабына сай сегіз қырлы, бір сырлы екендіктерін көрсетті.
Іс-шараны қорытындылай келе, Басқарма төрайымының орынбасары Табаров Әділет Берікболұлы іс-шараға белсенді қатысқан ұжым мүшелерін алғыс хаттармен марапаттап, Шөмішбай Сариевтің, Тұманбай Молдағалиевтің, т.б. қазақ ақындарының өлеңдер жинағын және «Тойбастар» гүлін сыйға табыстады. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған іс-шара қатысушылардың естелікке суретке түсуімен аяқталды.
Лайым, қазақ тілін қолданушылар қатары көбейіп, жылдан-жылға мемлекеттік тіліміздің мәртебесі арта берсін!
К.Мақан