Жаңалық Редакция таңдауы

Тіл мен мәдениет арқылы жасалған әлем бейнесі

Тіл мен шынайы өмірдің, тіл мен мәдениеттің өзара қатынасы және өзара әрекеті – қарым-қатынас түрлерін жетілдіру мен оның тиімділігін арттыруда, сондай-ақ шет тілдерін оқытуда маңызды рөл атқарады. Ал оларды жоққа шығару – халықаралық байланыстарда да, педагогикалық тәжірибеде де сәтсіздіктерге ұшыратады.

Осы тақырыпты қозғағанда, тіл – қоршаған ортаның айнасы деген метафоралар жиі қолданылады. Ол шынайы өмірді, әр тілдің өзіне ғана тән нақышын, ғажайып әлемнің және сол тілді қарым-қатынас құралы ретінде қолданатын халықтың, этникалық топтың, тұтынушы ұжымның бейнесін жасайды.

Бір қызығы, метафораларды ғылыми мәтінде айшықты да, оңтайлы қолдануға болады. Суреткердің шеберлігіне қарай әрленіп отыратын метафоралардың тұрақты мекеніне айналған әдеби мәтіннің баурап әкетер сиқыры туралы сөз етпей-ақ қояйық. Әр нәрсе өз орнымен болғаны жөн, сөз де солай. Ғылыми мәтінде бәрі нақты әрі оңай болады. Ал метафоралар болса, күрделі, ғылыми құбылысты, фактті, жағдайды түсіндіруді жеңілдету үшін пайдаланылады (метафораларды қолдануда әдеби мәтін авторына қойылатын талғам мен талап қандай қажет болса, ғылыми мәтін авторына да ол сондай маңызды).

Тіл, шынымен, қоршаған ортаны бейнелейтіндіктен, оны айнаға теңеу орынды. Әр сөз шынайы өмірдегі затты не құбылысты білдіреді. Тіл бәрін: жер бедерін де, ауа райын да, тарихты да, салт-дәстүрді де бейнелейді.

Лингвистикалық фольклордың хрестоматиялық үлгісіне айналған эскимостар тіліндегі қардың әртүрлі реңкі мен түрін білдіретін ақ сөзінің синонимдік қатары әдебиеттерде 14-тен 20-ға дейінгі түрі беріліп жүр.

Араб тіліндегі түйе сөзінің бірнеше мағынасы бар. Олар шаршаған түйені, буаз іңгенді және т.б. жеке-жеке атаулармен атайды.

Орыс тіліндегі қармен, қыспен байланысты айтылатын пурга, метель, буран, снежная буря, вьюга, поземка деген мағыналарды ағылшын тілінде snowstorm деген бір-ақ сөзбен жеткізуге болады.

Осы тәріздес тағы бір қызық мысал ретінде хинди тіліндегі жаңғақ түрінің көптеген атауға ие екенін келтіруге болады. «Үнді түбегі халқының жалпы мәдениетінде арека пальмасының жемісі (areca catechu), «супари» қатты жаңғағы қандай рөл ойнайтынын білсеңіз, мұны түсіндіру қиын емес.

Үндістан халқы жыл сайын Араб теңізінің жағалауы – Канконада, ыстық, ылғалды климатта өсетін осы арека пальмасы жаңғақтарының 200 мың тоннадан астамын тұтынады. Жемістерін шикі, жартылай піскен немесе толық піскен күйінде жинап, күннің астында, көлеңкеде, желге кептіреді, сосын сүтке, суға қайнатып пісіреді немесе майға қуырады.

Әрбір дайындау технологиясы жаңа тағамның пайда болуына сеп болады да, соған орай жаңа атау шығады. Үнді жөн-жоралғыларының барлығында дерлік арека пальмасының жаңғақтары пайдаланылады».

Тіл мен оны тұтынушысының арасында тығыз байланыс және өзара тәуелділік бар екені еш күмән туғызбайды. Тіл – адамдар арасындағы қатынас құралы. Сондықтан да тіл өзін тұтынатын белгілі бір топтың өмірімен, оның дамуымен ажырамас бірлікте болады.

Тілдің қоғамдық табиғаты, оның сол қоғамдағы қызметінің сыртқы жағдайынан да (би немесе полингвизм, тілді оқыту жағдайы, қоғам, ғылым, әдебиет және т.б. даму деңгейі), сонымен қатар тіл құрылымынан, синтаксистен, грамматикадан, лексикадан, функционалды стилистикадан және т.б. да көрінеді. Төменде мына сұрақтарға толығырақ тоқталатын боламыз: орыс және ағылшын тіліндегі материалдар негізінде адамның тілге ықпалы; адамның тұлға ретінде қалыптасуындағы, жеке және ұлттық мінезінің жасалуындағы тілдің қалыптастырушы рөлі көрсетілетін болады.

Сонымен, тіл мен шынайы өмір арасында адам тұр. Тек адам ғана сезім мүшелері арқылы әлемді танып, біледі. Соның негізінде қоршаған орта туралы өз пайымдауын жасайды. Қабылдаған ақпараттарын өз санасынан өткізіп, зерделеп, оны тіл арқылы өз қауымының басқа мүшелеріне жеткізеді. Басқаша айтқанда, шындық пен тіл арасында ойлау тұр.

Тіл ойды бейнелеп, оны бір адамнан бір адамға жеткізетін тәсіл ретінде ойлаумен тығыз байланысты. Тіл мен ойлаудың арақатынасы – тіл білімі мен философияның күрделі сұрақтарының бірі. Алайда бұл еңбекте аталмыш феномендердің қайсысы алғашқы, қайсысы кейінгі, ойды сөзбен бейнелемей-ақ жеткізуге мүмкіндік бар екені туралы ойталқы жүргізудің қажеттілігі жоқ. Біз көтеретін басты мәселе – тіл мен ойлаудың шүбәсіз өзара тығыз байланысы мен бір-біріне тәуелділігі, олардың мәдениетпен, шындықпен арақатынасы. Сөз шындықтың болмысын емес, ол туралы адам санасында қалыптасқан ұғымның көрінісін бейнелейді. Ұғым оны түзетін кейбір негізгі белгілерді жалпылау арқылы жасалады, сондықтан нақты сипатынан тыс, абстрактілі (дерексіз) болып келеді. Шындық өмірден ұғымға, одан ары қарай сөз арқылы бейнелеуге тартылған жол әр халықта әрқалай, бұл олардың тарихының, мекенінің, өмір салтының, сондай-ақ қоғамдық санасы дамуының әрқилылығымен байланысты. Біздің санамыз ұжымдық тұрғыдан да (өмір салты, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, яғни этнографиялық мағынадағы мәдениет), жеке қасиеттерімізге де (жеке адамға тән әлемді қабылдау ерекшелігі) байлаулы болғанымен, тілдің шындықты бейнелеу жолы тура емес, шындық өмірден ойлауға, ойлаудан тілге қарай бағытталады. Басында келтірген метафорамыз енді келіңкіремей қалды, айнамыздағы бейнеміз қисық болып шықты, бейненің қисық болуының себебі, тіл өкілдерінің мәдениетіне, діліне, дүниетанымына байланысты.

Сөйтіп, тіл, ойлау, мәдениеттің өзара байланысының тығыз екені соншалық, тіпті бір-бірінен бөліп-жарылып қызмет ете алмайтын, үш құрылымнан тұратын біртұтас дүние сияқты. Үшеуі бірлесіп шынайы өмірмен арақатынасқа түседі: оған қарсы тұрады, оған тәуелді болады, оны бейнелейді және оны қалыптастырады.

Сонымен, адамды қоршаған орта үш формада көрініс табады:

– әлемнің шынайы бейнесі;

– әлемнің мәдени (немесе түсініктер) бейнесі;

– әлемнің тілдік бейнесі.

Әлемнің шынайы бейнесі – бұл адамзаттан тыс объективті мәліметтер, бұл адамды қоршаған орта.

Әлемнің мәдени (түсініктер) бейнесі – ұжымдық тұрғыдан да, жеке адам тұрғысынан да адам қабылдауының негізінде қалыптасқан, сезім органдары арқылы алынған және оның санасы арқылы жеткен түсініктер сүзгісінен өткен шынайы бейненің көрінісі.

Әлемнің мәдени бейнесі ерекше және әр халықта өзгеше болады. Бұл көптеген факторларға тікелей байланысты: география, ауа райы, табиғи жағдайлар, тарих, әлеуметтік құрылыс, сенім, дәстүр, өмір сүру салты т.с.с.

Әлемнің тілдік бейнесі шынайылықты әлемнің мәдени бейнесі арқылы көрсетеді. «Әлемнің ұлттық-тілдік өзгешелік бейнесін жасау идеясы неміс филологиясында ХVIII ғасырдың аяғы ХІХ ғасырдың басында пайда болды. (Михаэлис, Гердер, Гумбольдт). Біріншіден, тіл идеалды және объективті құрылым ретінде сол тілде сөйлеушілердің дүниетанымын өзіне бағындырып, тілді қолданушылардың әлемді қабылдауына негіз болады. Екіншіден, тіл таза мәндердің жүйесі ретінде – шынайы әлемді бүркемелейтіндей меншікті әлемін құра алады».

Әлемнің мәдени (түсінік, концептуальды) және тілдік бейнесінің өзара қатынасы өте күрделі және көпжоспарлы. Оның негізі тіл мен мәдениеттегі шынайылықтың күрт өзгеруінен туындайды.

«Человеческий фактор в языке» («Тілдегі адами фактор») кітабында әлемнің концептуальды және тілдік бейнесі бір-бірімен тұтастай байланысты екені пайымдалады. Әлемнің тілдік бейнесі – мәдени (концептуальды) бейненің бір бөлігі әрі ең негізгісі. Алайда тілдік бейне мәдени бейнеден жұпыны. Мәдени бейнені жасауға тілмен қатар ойлану қызметінің басқа да түрлері қатысады. Сондай-ақ айшықтау белгісінің әркез нақты бола бермейтініне байланысты қандай да бір нышанға негізделеді.

Мүмкін мәдениеттің бір бөлігі ретінде тілдің тұтас бөлігін емес, мәдениет пен тілдің өзара байланысы мен әрекеті туралы айтқан жөн болар. Тіл – мәдениеттің бөлігі, бірақ мәдениет те тілдің бөлігі. Демек, егер мәдениетті адам санасы арқылы қабылданған, яғни адамның физикалық және рухани іс-әрекеті нәтижесінде пайда болған әлемнің өмір сүру салты десек, онда әлемнің тілдік бейнесі мәдениет арқылы толық қамтылмаған.

«Человеческий фактор в языке» («Тілдегі адами фактор») кітабында берілген әлем бейнесінің анықтамасы адамның физикалық іс-әрекетін және оның қоршаған ортаны қабылдаудағы физикалық тәжірибесін ескермейді: «Әлем бейнесін барынша дұрыс түсіну үшін оның анықтамасын әлемнің әу бастағы жаһандық өмір сүру салтынан қарастыру керек. Оның негізінде адамның барлық рухани белсенділігінің нәтижесі, дүниетанымы, белгілі бір мәдениетті тұтынушылардың түсінігіндегі әлемнің мәнді қасиеттері жатыр». Алайда адамның рухани және физикалық іс-әрекетін бір-бірінен бөліп қарастыра алмаймыз ғой. Егер, әңгіме – әлемнің мәдени-концептуальдық бейнесі туралы болатын болса, бұл екеуі бірін-бірі толықтырушы, олардың бірін екіншісінен ажырату дұрыс емес.

Сонымен, әлемнің мәдени және тілдік бейнесі өзара тығыз байланысты. Олар өзара үздіксіз іс-әрекетте болады және әлемнің шынайы бейнесін жасайды. Нақтырақ айтсақ, шынайы өмірге, адамды қоршаған ортаға қарай жақындатады.

Әртүрлі лингвистикалық мектептердің тілді шынайы өмірден бөліп әкетпек болған әрекеті қарапайым және сол әрекеттері белгілі бір себептен сәтсіздікке ұшырады: назарға тек тілдік форманы ғана алмай, сонымен бірге кез келген құбылысты жан-жақты зерттеуге мүмкіндік беретін мазмұнын да ескеруі керек-ті. Мазмұн, семантика, тілдік бірліктердің мәні, сөз – бұл қандайда бір дыбыстық (немесе графикалық) кешеннің затпен немесе шынайы өмірмен өзара қатынасы. Тілдік семантика тілдік әлемнен шынайы әлемге жол ашады. Бұл екі әлемді байланыстыратын арқау тұтастай осы сөйлеу ұжымына тән мәдени әлемнің нысандары мен құбылыстары туралы және тілдің жеке тұтынушысы (сөйлермені) туралы мәдени түсініктерге шырмалған.

Тілден тыс болмыс та, түсініктерді ауызекі жеткізу жолы да барлық халықта бірдей емес. Оған әр халықтың тарихы, өмір сүру қалпының әрқилылығы мен қоғамдық санасының даму ерекшелігі ықпал етеді. Демек, әр халықта тілдік бейне әртүрлі болады. Бұл болмысты категориялау принципінде лексика мен грамматикада заттану кезінде айқын көрінеді.

Әрине, әлемнің ұлттық-мәдени бейнесі тілдік бейненің негізі. Ол тілдік бейнемен салыстырғанда толығырақ, байырақ және тереңірек. Алайда тек тіл ғана ұлттық-мәдени бейнені жүзеге асырады, сақтайды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырады. Тіл әлемнің ұлттық көріністерінің барлығын көрсете алмаса да, бәрін сипаттай алады.

Тілдің және тіл үйренудің ең негізгі бірлігі – сөз. Ол ең көрнекі иллюстрация қызметін атқарады. Сөз – бір заттың немесе адамдарды қоршаған ортаның нақты бір болымсыз бөлшегінің, құбылысының жай бір атауы ғана емес. Шынайылықтың осы болымсыз бөлшегі адамның сана-сезімі арқылы өтіп, бейнелеп көрсету процесі кезінде сол ұлттың мәдениетіне сай, ұлттық қоғамдық сана-сезіміне тән ерекше мәнге ие болады.

Сөзді мозайканың бір кішкентай кесегімен салыстыруға болады. Бұл кішкентай мозайкалар әр тілде әртүрлі суреттер құрастырады. Ол суреттер өз бояуларымен ажыратылады. Орыстілді ортада бұл суреттер өз тұтынушыларын көк және көгілдір түсті көруге мәжбүрлесе, ал ағылшындар бір ғана көк (blue) түсті көреді. Алайда орыстілділер де, ағылшынтілділер де бір ғана шындық объектісі – спектордың бір бөлшегіне қарап тұр. Әрине, адамдар қажет болған жағдайда барды бар деп қалпына келтіруге қабілетті.

Шетел сөздерін жаттап алған адам әуелі өзіне толық түсініксіз, жат, белгісіз бейнеден бір кесек мозайканы алды деген сөз. Сонан соң оны өзінің ой-санасындағы туған тілі арқылы қалыптасқан әлемдік бейнемен салыстыруға тырысады. Тап осы жағдай шетел тілін үйренудегі алынбас қамалдай көрінетін, оқушылардың басым бөлігінің жеңе алмайтын ең басты қиындығы болса керек. Егер заттың немесе қоршаған ортаның құбылыстары айна-қатесіз көшірілетін, механикалық, фотографиялық акт секілді қарапайым болса, онда нәтижесінде нақты сана-сезімдерімен байланыссыз әртүрлі халықтардың нақты тұрмыс санасына тәуелді әртүрлі бейнесі емес, жұрттың бәріне ұқсас әлемнің фотокөшірмесі жасалған болар еді. Сөйтіп, осы фантастикалық (адами емес, машина робот дәрежесінде) жағдайда шетел тілдерін үйрену (бір тілден екінші тілге аудару) бір кодтан екінші кодқа өтудің қарапайым механикалық мнемоникалық процесіне айналған болар еді.

Алайда нақты өмірде шынайылықтан сөзге жету (түсінік арқылы) күрделі, көп жоспарлы әрі иір-қиыр. Адам бөтен тілді үйрене отырып, өзіне жат, басқа, жаңа әлемді меңгереді. Шетелдік жаңа сөздер арқылы оқушы өзінің сана-сезіміне, өз әлеміне өзге әлемнен, бөтен мәдениеттен ұғым, түсініктерді әкеледі. Сөйтіп, шет тілін үйрену (әсіресе тіл үйренудің алғашқы, ұзаққа созылар кезеңінде, ары қарай, өкініштісі, үйреніп жатқан тіл жылжымай қалады) жеке тұлғаның екіге жарылуымен (жармақтануымен) қатар өрбиді. Ойлауды қайта құру қажеттілігі, өзіне тән дағдылы, туғаннан қалыптасқан әлем бейнесін басқа әлемнің дағдыланбаған өмір салтымен көлегейлеу – шет тілін үйренудегі ең басты қиындықтардың (психологиялық та) бірі. Бірақ бұл қиындықтар көпе-көрнеу айқын көрінбейтіндіктен, оқушы (кейде мұғалімнің өзі) сезінбей де қалады. Бұл осы проблемаға жеткілікті назар аударылмағанымен түсіндіріледі.

Сондықтан осы проблеманың тілдік аспектісінде бұған толығырақ тоқталатын боламыз.

Сонымен, шынайылықтың сол түсінігі де, кішкентей бір бөлігі де әртүрлі тілдерде алуан түрлі тілдік формада (толық немесе шалағай) беріледі. Әртүрлі тілде бір ұғымды беретін сөздердің семантикалық көлемінің өзгешеленуі, шынайылықтың әртүрлі бөлігіне айналуы мүмкін. Әлем картинасын бейнелейтін мозайканың осы кішкентай бөлшектері қоршаған ортаның адам миында қабылдануы нәтижесінде алынған ұғым беретін заттың көлеміне қарай әр тілде әртүрлі көлемде болуы мүмкін. Бейнелену тәсілі мен формасы және де түсініктің қалыптасуы сол тілдік ұжымның әлеуметтік-мәдени және табиғи ерекшеліктеріне тікелей қатысты. Тілдік ойлаудағы айырмашылықты адам сол бірдей ұғымды беру формасының артық немесе жетімсіздігін үйреніп жүрген шет тілі мен туған тілін салыстырғанда ғана сезінеді.

Шет тілін үйренуде әлемнің тілдік және мәдени бейнесі туралы түсінік аса маңызды рөл атқарады. Шынында да, төл мәдениеттің интерференциясы туған тілдің коммуникациясын қиындататыны сөзсіз. Үйреніп жатқан шет тілі осы ана тіл тұтынушыларының мәдениетіне еніп, орныққан қолданыстың ықпалына түседі. Туған тіл мен төл мәдениеттің әлем туралы алғашқы бейнесіне үйреніп жүрген тіл арқылы екінші бір әлем бейнесі келіп қабаттасады. Шет тілін және мәдениетін үйрену арқылы пайда болған әлем бейнесі – бұл тілмен бейнеленген бейне емес, тілмен жасалған бейне.

Әлемнің бірінші және екінші бейнелерінің өзара қатынасы – адамның өзіндік «менінен» белгілі бір дәрежеде бас тартып, әлемді басқаша қабылдауына (шет елдерден) санасуды мәжбүрлейтін күрделі психологиялық процесс.

Ғаламның екінші тілдік бейнесінің ықпал етуі мен тілдік тұлғаның қайта қалыптасуы жүреді. Тілдердің түрлілігі әлемнің түрлілігін бейнелейді, жаңа ғалам бейнесі жаңа өлшемдерді жарыққа шығарып, ескісі санада қаттала бермек.

Отыз жылдан астам шет тілінен сабақ беретін оқытушылардан байқағаным, олар екі мәдениеттің ықпалына түседі. Ағылшын, француз, неміс және тағы басқа шет тілдері кафедрасының орыстілді оқытушылары өздері оқытатын тілдердің кейбір мәдени ерекшеліктерін меңгеріп алады.

Тіларалық сәйкестіктерді зерттеу және мәдениетаралық коммуникация мәселесін, сондай-ақ шет тілдерін оқыту әдістерін жетілдіру лексикография, аударма теориясы мен практикасы үшін өзекті саналады. Халықтың дүниетанымында жоқ, соған сәйкес оның тілінде кездеспейтін қандай да бір ұғымның екінші бір тілде баламасының болмауы тілдегі жетіспеушілік саналады.

Бұған баламасыз лексика, яғни сөздің мазмұн межесін өзге тілді лексика ұғымдарымен өзара салыстыруға келмейді. Белгілі бір тілде таңбаланатын ұғым-түсінік не зат, құбылыс атауы (things meant) бірегей саналады. Себебі мұндай бірегей ұғымдар белгілі бір халықтың дүниетанымын бейнелейді, соған сәйкес тілдік жүйеде көрініс береді.

 

Дереккөз: «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button