Жаңалық Редакция таңдауы

Тіл мен мәдениет арқылы жасалған әлем бейнесі

Тіл мен шынайы өмірдің, тіл мен мәдениеттің өзара қатынасы және өзара әрекеті – қарым-қатынас түрлерін жетілдіру мен оның тиімділігін арттыруда, сондай-ақ шет тілдерін оқытуда маңызды рөл атқарады, ал оларды жоққа шығару – халықаралық байланыстарда да, педагогикалық тәжірибеде де сәтсіздіктерге ұшыратады.

Шынайы өмір мен тілдің арақатынасын төмендегідей тәртіпте көрсетуге болады:

Алайда шынайы өмір мен тілдің арасында тілді тұтынушы, ақыл-ой иесі адам тұр.

Тіл мен оны тұтынушысының арасында тығыз байланыс және өзара тәуелділік бар екені еш күмән туғызбайды. Тіл – адамдар арасындағы қатынас құралы. Сондықтан да тіл өзін тұтынатын белгілі бір топтың өмірімен, оның дамуымен ажырамас бірлікте болады.

Тілдің қоғамдық табиғаты, оның сол қоғамдағы қызметінің сыртқы жағдайынан да (би немесе полингвизм, тілді оқыту жағдайы, қоғам, ғылым, әдебиет және т.б. даму деңгейі), сонымен қатар тіл құрылымынан, синтаксистен, грамматикадан, лексикадан, функционалды стилистикадан және т.б. да көрінеді. Төменде мына сұрақтарға толығырақ тоқталатын боламыз: орыс және ағылшын тіліндегі материалдар негізінде адамның тілге ықпалы; адамның тұлға ретінде қалыптасуындағы, жеке және ұлттық мінезінің жасалуындағы тілдің қалыптастырушы рөлі көрсетілетін болады.

Сонымен, тіл мен шынайы өмір арасында адам тұр. Тек адам ғана сезім мүшелері арқылы әлемді танып, біледі. Соның негізінде қоршаған орта туралы өз пайымдауын жасайды. Қабылдаған ақпараттарын өз санасынан өткізіп, зерделеп, оны тіл арқылы өз қауымының басқа мүшелеріне жеткізеді. Басқаша айтқанда, шындық пен тіл арасында ойлау тұр.

Тіл ойды бейнелеп, оны бір адамнан бір адамға жеткізетін тәсіл ретінде ойлаумен тығыз байланысты. Тіл мен ойлаудың арақатынасы – тіл білімі мен философияның күрделі сұрақтарының бірі. Алайда бұл еңбекте аталмыш феномендердің қайсысы алғашқы, қайсысы кейінгі, ойды сөзбен бейнелемей-ақ жеткізуге мүмкіндік бар екені туралы ойталқы жүргізудің қажеттілігі жоқ. Біз көтеретін басты мәселе – тіл мен ойлаудың шүбәсіз өзара тығыз байланысы мен бір-біріне тәуелділігі, олардың мәдениетпен, шындықпен арақатынасы. Сөз шындықтың болмысын емес, ол туралы адам санасында қалыптасқан ұғымның көрінісін бейнелейді. Ұғым оны түзетін кейбір негізгі белгілерді жалпылау арқылы жасалады, сондықтан нақты сипатынан тыс, абстрактілі (дерексіз) болып келеді. Шындық өмірден ұғымға, одан ары қарай сөз арқылы бейнелеуге тартылған жол әр халықта әрқалай, бұл олардың тарихының, мекенінің, өмір салтының, сондай-ақ қоғамдық санасы дамуының әрқилылығымен байланысты. Біздің санамыз ұжымдық тұрғыдан да (өмір салты, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, яғни этнографиялық мағынадағы мәдениет), жеке қасиеттерімізге де (жеке адамға тән әлемді қабылдау ерекшелігі) байлаулы болғанымен, тілдің шындықты бейнелеу жолы тура емес, шындық өмірден ойлауға, ойлаудан тілге қарай бағытталады. Басында келтірген метафорамыз енді келіңкіремей қалды, айнамыздағы бейнеміз қисық болып шықты, бейненің қисық болуының себебі, тіл өкілдерінің мәдениетіне, діліне, дүниетанымына байланысты.

Сөйтіп, тіл, ойлау, мәдениеттің өзара байланысының тығыз екені соншалық, тіпті бір-бірінен бөліп-жарылып қызмет ете алмайтын, үш құрылымнан тұратын біртұтас дүние сияқты. Үшеуі бірлесіп шынайы өмірмен арақатынасқа түседі: оған қарсы тұрады, оған тәуелді болады, оны бейнелейді және оны қалыптастырады.

Жоғарыда айтқанымыздың сызбасы мынадай болады:

Сонымен, адамды қоршаған орта үш формада көрініс табады:

– әлемнің шынайы бейнесі;

– әлемнің мәдени (немесе түсініктер) бейнесі;

– әлемнің тілдік бейнесі.

Әлемнің шынайы бейнесі – бұл адамзаттан тыс объективті мәліметтер, бұл адамды қоршаған орта.

Әлемнің мәдени (түсініктер) бейнесі – ұжымдық тұрғыдан да, жеке адам тұрғысынан да адам қабылдауының негізінде қалыптасқан, сезім органдары арқылы алынған және оның санасы арқылы жеткен түсініктер сүзгісінен өткен шынайы бейненің көрінісі.

Әлемнің мәдени бейнесі ерекше және әр халықта өзгеше болады. Бұл көптеген факторларға тікелей байланысты: география, ауа райы, табиғи жағдайлар, тарих, әлеуметтік құрылыс, сенім, дәстүр, өмір сүру салты т.с.с. Мұны мысалдармен безендіріп көрелік.

1994 жылы Финляндияда өткен халықаралық SIETAR конгресінде норвегиялық Мәдениетаралық коммуникация орталығы дайындаған Еуропаның мәдени картасы ұсынылды. Карта Еуропа елдерінің географиялық және саяси ерекшеліктерін емес, керісінше, норвегиялықтардың мәдени қабылдауындағы стереотиптерге негізделген осы елдердегі ерекшеліктерді ұсынады. Басқаша айтқанда, бұл Еуропаның Норвегия тұрғындары көзімен жасалған мәдени бейнесі.

Vigdis [Вигдис (Исландия президенті)]; IRA [ИРА (Ирланд республикалық армиясы)]; nesten IRA [бұл да]; Charles & Di [Чарльз и Диана]; Europas navle [Еуропаның кіндігі]; Volvo [«Вольво»]; sauna&vodka [сауна және арақ]; Russere [орыстар]; billig [арзан]; billigere [одан да арзан]; godt kjokken [жақсы асхана]; flatt [тегіс]; Tivoli & Legoland [Тиволи және Леголенд]; fri hastighet [жылдамдыққа шектеу жоқ]; svarte bankkonti [көлеңкелі банк шоттары]; mafia [мафия]; nyttarskonsert [жаңажылдық концерт]; nesten Russere [орыстар];badestrand [жағажай].

Салыстыру үшін Мәскеу мемлекеттік университетінің шет тілдер факультеті студенттері жасаған Еуропаның өзге де балама мәдени картасын қарап көрейік. Бұл карталар қазіргі Ресей тұрғындарының мәдени түсініктерінің стереотиптерін көрсетеді.

Enjoy your meal [асыңыз дәмді болсын (Қазақстанның кейбір өңірлерінде тәбетіңіз ашылсын. – Аудармашылардан)]; Unknown cuisine [белгісіз асхана]; I’ve never been in the UK [мен Англияда ешқашан болмадым]; salmon [лосось]; Olives [зәйтүн]; red wine [қызыл шарап]; pork [шошқа еті]; beer & sausages [сыра және шұжықтар]; cheese [ірімшік]; pizza [пицца]; spaghetti [спагетти]: potato [картошка]; beet & carrot [қызылша және сәбіз]; grape [жүзім]; seafood [теңіз өнімдері]; oranges [апельсин].

Herrings [селедка]; W.B.Yeats [У.Б.Йитс]; 5 o’clock [файвоклок]; Vikings [викингтер]; mermaid [русалочка немесе су перісі]; Peter the Great [Ұлы Петр]; Santa Klaus [Санта Клаус]; Russian language [орыс тілі]; cigars [сигарет]; Salvador Dali [Сальвадор Дали]; revolution [революция]: chocolate [шоколад]; drugs [есірткі]; sausages [шұжықтар]; Swatch [своч]; carnival [карнавал]; pan [пан]; beer [сыра];the Alps [Альпі таулары]; Balaton [Балатон]; Dracula [Дракула]; war [соғыс]; red pepper [қызыл бұрыш]; sirtaki [сиртаки].

Жүргізілген эксперименттің жинақтық нәтижесі Еуропамен байланысты қазіргі ресейлік жастардың cанасындағы мәдени алуандықтың бейнесін көрсетеді.

Еуропаның мәдени карталары орыс тілінде де және олардың үйреніп жатқан ағылшын тілінде де жасалды. Барлық мәдени түсініктер студенттер қай тілде жазса, сол тілде ұсынылып отыр. Байқауымша, тілді таңдау да психологиялық және мәдени тұрғыдан туындаған (мәселен, бұрынғы «социалистік лагерь» елдерінің көбі орыс тілін таңдайтыны сөзсіз). Мәдени ассоциациялардың саны мен әртүрлілігі де біршама.

Әлемнің тілдік бейнесі шынайылықты әлемнің мәдени бейнесі арқылы көрсетеді. «Әлемнің ұлттық-тілдік өзгешелік бейнесін жасау идеясы неміс филологиясында ХVIII ғасырдың аяғы ХІХ ғасырдың басында пайда болды. (Михаэлис, Гердер, Гумбольдт). Біріншіден, тіл идеалды және объективті құрылым ретінде сол тілде сөйлеушілердің дүниетанымын өзіне бағындырып, тілді қолданушылардың әлемді қабылдауына негіз болады. Екіншіден, тіл таза мәндердің жүйесі ретінде – шынайы әлемді бүркемелейтіндей меншікті әлемін құра алады».

Әлемнің мәдени (түсінік, концептуальды) және тілдік бейнесінің өзара қатынасы өте күрделі және көпжоспарлы. Оның негізі тіл мен мәдениеттегі шынайылықтың күрт өзгеруінен туындайды.

«Человеческий фактор в языке» («Тілдегі адами фактор») кітабында әлемнің концептуальды және тілдік бейнесі бір-бірімен тұтастай байланысты екені пайымдалады. Әлемнің тілдік бейнесі – мәдени (концептуальды) бейненің бір бөлігі әрі ең негізгісі. Алайда тілдік бейне мәдени бейнеден жұпыны. Мәдени бейнені жасауға тілмен қатар ойлану қызметінің басқа да түрлері қатысады. Сондай-ақ айшықтау белгісінің әркез нақты бола бермейтініне байланысты қандай да бір нышанға негізделеді28.

Мүмкін мәдениеттің бір бөлігі ретінде тілдің тұтас бөлігін емес, мәдениет пен тілдің өзара байланысы мен әрекеті туралы айтқан жөн болар. Тіл – мәдениеттің бөлігі, бірақ мәдениет те тілдің бөлігі. Демек, егер мәдениетті адам санасы арқылы қабылданған, яғни адамның физикалық және рухани іс-әрекеті нәтижесінде пайда болған әлемнің өмір сүру салты десек, онда әлемнің тілдік бейнесі мәдениет арқылы толық қамтылмаған.

«Человеческий фактор в языке» («Тілдегі адами фактор») кітабында берілген әлем бейнесінің анықтамасы адамның физикалық іс-әрекетін және оның қоршаған ортаны қабылдаудағы физикалық тәжірибесін ескермейді: «Әлем бейнесін барынша дұрыс түсіну үшін оның анықтамасын әлемнің әу бастағы жаһандық өмір сүру салтынан қарастыру керек. Оның негізінде адамның барлық рухани белсенділігінің нәтижесі, дүниетанымы, белгілі бір мәдениетті тұтынушылардың түсінігіндегі әлемнің мәнді қасиеттері жатыр29». Алайда адамның рухани және физикалық іс-әрекетін бір-бірінен бөліп қарастыра алмаймыз ғой. Егер, әңгіме – әлемнің мәдени-концептуальдық бейнесі туралы болатын болса, бұл екеуі бірін-бірі толықтырушы, олардың бірін екіншісінен ажырату дұрыс емес.

Сонымен, әлемнің мәдени және тілдік бейнесі өзара тығыз байланысты. Олар өзара үздіксіз іс-әрекетте болады және әлемнің шынайы бейнесін жасайды. Нақтырақ айтсақ, шынайы өмірге, адамды қоршаған ортаға қарай жақындатады.

Әртүрлі лингвистикалық мектептердің тілді шынайы өмірден бөліп әкетпек болған әрекеті қарапайым және сол әрекеттері белгілі бір себептен сәтсіздікке ұшырады: назарға тек тілдік форманы ғана алмай, сонымен бірге кез келген құбылысты жан-жақты зерттеуге мүмкіндік беретін мазмұнын да ескеруі керек-ті. Мазмұн, семантика, тілдік бірліктердің мәні, сөз – бұл қандайда бір дыбыстық (немесе графикалық) кешеннің затпен немесе шынайы өмірмен өзара қатынасы. Тілдік семантика тілдік әлемнен шынайы әлемге жол ашады. Бұл екі әлемді байланыстыратын арқау тұтастай осы сөйлеу ұжымына тән мәдени әлемнің нысандары мен құбылыстары туралы және тілдің жеке тұтынушысы (сөйлермені) туралы мәдени түсініктерге шырмалған.

Тілден тыс болмыс та, түсініктерді ауызекі жеткізу жолы да барлық халықта бірдей емес. Оған әр халықтың тарихы, өмір сүру қалпының әрқилылығы мен қоғамдық санасының даму ерекшелігі ықпал етеді. Демек, әр халықта тілдік бейне әртүрлі болады. Бұл болмысты категориялау принципінде лексика мен грамматикада заттану кезінде айқын көрінеді.

Әрине, әлемнің ұлттық-мәдени бейнесі тілдік бейненің негізі. Ол тілдік бейнемен салыстырғанда толығырақ, байырақ және тереңірек. Алайда тек тіл ғана ұлттық-мәдени бейнені жүзеге асырады, сақтайды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырады. Тіл әлемнің ұлттық көріністерінің барлығын көрсете алмаса да, бәрін сипаттай алады.

Тілдің және тіл үйренудің ең негізгі бірлігі – сөз. Ол ең көрнекі иллюстрация қызметін атқарады. Сөз – бір заттың немесе адамдарды қоршаған ортаның нақты бір болымсыз бөлшегінің, құбылысының жай бір атауы ғана емес. Шынайылықтың осы болымсыз бөлшегі адамның сана-сезімі арқылы өтіп, бейнелеп көрсету процесі кезінде сол ұлттың мәдениетіне сай, ұлттық қоғамдық сана-сезіміне тән ерекше мәнге ие болады.

Сөзді мозайканың бір кішкентай кесегімен салыстыруға болады. Бұл кішкентай мозайкалар әр тілде әртүрлі суреттер құрастырады. Ол суреттер өз бояуларымен ажыратылады. Орыстілді ортада бұл суреттер өз тұтынушыларын көк және көгілдір түсті көруге мәжбүрлесе, ал ағылшындар бір ғана көк (blue) түсті көреді. Алайда орыстілділер де, ағылшынтілділер де бір ғана шындық объектісі – спектордың бір бөлшегіне қарап тұр. Әрине, адамдар қажет болған жағдайда барды бар деп қалпына келтіруге қабілетті. Ағылшындар да адам көзіне көрінген барлық түс реңдерін сөзсіз көре алады (және қажетті жағдайда оларды не терминмен, не бейнелеп көрсетеді. Мысалы, Dark blue [көк, қара көк], navy blue [қара көк], sky-blue [көгілдір, көкшіл], pale-blue [ашық көгілдір] деп).

Бұрындары Чернышевскийдің: «Егер ағылшындарда cook деген жалғыз сөз болса, олар аспазды асүйден ажырата алмайды деген сөз емес» – деп айтқаны бар еді.

Тіл адамдарды әлемнің нақты көрінісіне тәуелді етіп қояды. Ағылшынтілді бала ана тілін үйренуде foot және leg деген екі затты көреді, ал орыс тілінде ол бір-ақ затты «аяқ» деген мағынаны береді. Алайда ағылшынтілді бала түсті (көк және көгілдір) ажырата алмайды, орыстілді баладан айырмашылығы – ол тек blue-көк түсті ғана көреді.

Шетел сөздерін жаттап алған адам әуелі өзіне толық түсініксіз, жат, белгісіз бейнеден бір кесек мозайканы алды деген сөз. Сонан соң оны өзінің ой-санасындағы туған тілі арқылы қалыптасқан әлемдік бейнемен салыстыруға тырысады. Тап осы жағдай шетел тілін үйренудегі алынбас қамалдай көрінетін, оқушылардың басым бөлігінің жеңе алмайтын ең басты қиындығы болса керек. Егер заттың немесе қоршаған ортаның құбылыстары айна-қатесіз көшірілетін, механикалық, фотографиялық акт секілді қарапайым болса, онда нәтижесінде нақты сана-сезімдерімен байланыссыз әртүрлі халықтардың нақты тұрмыс санасына тәуелді әртүрлі бейнесі емес, жұрттың бәріне ұқсас әлемнің фотокөшірмесі жасалған болар еді. Сөйтіп, осы фантастикалық (адами емес, машина робот дәрежесінде) жағдайда шетел тілдерін үйрену (бір тілден екінші тілге аудару) бір кодтан екінші кодқа өтудің қарапайым механикалық мнемоникалық процесіне айналған болар еді.

Сонымен, шынайылықтың сол түсінігі де, кішкентей бір бөлігі де әртүрлі тілдерде алуан түрлі тілдік формада (толық немесе шалағай) беріледі. Әртүрлі тілде бір ұғымды беретін сөздердің семантикалық көлемінің өзгешеленуі, шынайылықтың әртүрлі бөлігіне айналуы мүмкін. Әлем картинасын бейнелейтін мозайканың осы кішкентай бөлшектері қоршаған ортаның адам миында қабылдануы нәтижесінде алынған ұғым беретін заттың көлеміне қарай әр тілде әртүрлі көлемде болуы мүмкін. Бейнелену тәсілі мен формасы және де түсініктің қалыптасуы сол тілдік ұжымның әлеуметтік-мәдени және табиғи ерекшеліктеріне тікелей қатысты. Тілдік ойлаудағы айырмашылықты адам сол бірдей ұғымды беру формасының артық немесе жетімсіздігін үйреніп жүрген шет тілі мен туған тілін салыстырғанда ғана сезінеді.

Шет тілін үйренуде әлемнің тілдік және мәдени бейнесі туралы түсінік аса маңызды рөл атқарады. Шынында да, төл мәдениеттің интерференциясы туған тілдің коммуникациясын қиындататыны сөзсіз. Үйреніп жатқан шет тілі осы ана тіл тұтынушыларының мәдениетіне еніп, орныққан қолданыстың ықпалына түседі. Туған тіл мен төл мәдениеттің әлем туралы алғашқы бейнесіне үйреніп жүрген тіл арқылы екінші бір әлем бейнесі келіп қабаттасады. Шет тілін және мәдениетін үйрену арқылы пайда болған әлем бейнесі – бұл тілмен бейнеленген бейне емес, тілмен жасалған бейне.

Тіларалық сәйкестіктерді зерттеу және мәдениетаралық коммуникация мәселесін, сондай-ақ шет тілдерін оқыту әдістерін жетілдіру лексикография, аударма теориясы мен практикасы үшін өзекті саналады. Халықтың дүниетанымында жоқ, соған сәйкес оның тілінде кездеспейтін қандай да бір ұғымның екінші бір тілде баламасының болмауы тілдегі жетіспеушілік саналады.

Бұған баламасыз лексика, яғни сөздің мазмұн межесін өзге тілді лексика ұғымдарымен өзара салыстыруға келмейді. Белгілі бір тілде таңбаланатын ұғым-түсінік не зат, құбылыс атауы (things meant) бірегей саналады. Себебі мұндай бірегей ұғымдар белгілі бір халықтың дүниетанымын бейнелейді, соған сәйкес тілдік жүйеде көрініс береді.

Өзге ұлттық ойлау жүйесіне тән ұғымдарды таңбалау үшін қажет болған жағдайда өзге тілдік ортадан кірме сөздерді қабылдайды. Орыстілді ғалам бейнесінде виски, эль сияқты сусындар кездеспейтіні белгілі. Сондай-ақ ағылшынтілді ортада блины, борщ секілді ұлттық тағам да жоқ. Дегенмен бұл ұғымдар өздері енген кірме сөздердің өн бойында өмір сүреді. Мұндай лексемалар ұлттық мәдениетке тән заттарды ғана таңбалайды. Мұндай тілдік бірліктер қатарына ұлттық мәдениетті таңбалайтын атауларды жатқызуға болады (balalaika, matryoshka, blini, vodka; футбол, виски, эль); саяси, экономикалық немесе ғылыми терминдер (bоlshevik, perestroika, sputnik; импичмент, лизинг, дилер; файл, компьютер, бит).

Баламасыз (эквивалентсіз) лексика арқылы белгілі бір халықтың, ұлттың қоршаған ортаны тану, оны қабылдау сынды әрекетін айқын көруге болады. Дегенмен оның тілдің лексикалық жүйесіндегі пайыздық көрсеткіші көп емес. Мәселен, Е.М. Верещагин мен В.Г. Костомаровтың көрсетуінше, орыс тілінің лексикалық жүйесінің 6–7 пайызын баламасыз лексика құрайды30. Баламасыз лексика аударма теориясы мен практикасы тарапынан жақсы қарастырылған. Күрделі жағдай ретінде бір ұғымның салыстырылып отырған тілдік жүйеде әртүрлі таңбалануынан, бір ұғымды сипаттайтын лексемалар саны бір тілде көп, екінші тілде аз болуы мүмкін.

Баламасыз (эквивалентсіз) лексика не жартылай баламалы лексика дүниежүзі тілдерінде кеңінен таралған құбылыс, жалпы кез келген тілдік жүйедегі көптеген сөздер өзара эквивалентті деген болжам бар. Олардың негізінде тіларалық ұғым жатыр, мұндай тіларалық ұғымдар қоршаған ортаның қандай да бір үзіктерін бейнелейді. Тіларалық сәйкестікке құрылған лексиканы меңгеру, соның негізінде аударма жасау оңай саналады. Шет тілін үйрену тек осындай ұғымдар жүйесін меңгерумен ғана шектелмейді. Бірақ тіл – ұғымдардың жиынтығынан ғана емес, тілдік бірліктің негізі саналатын сөздер жүйесінен тұрады. Ал сөз семантикасының өн бойында тек лексикалық мағына ғана өмір сүрмейді.

Сөз семантикасы белгілі бір дәрежеде сол сөздің лексика-фразеологиялық тіркесімділігімен, әлеуметтік лингвистикалық коннотацияларымен тығыз байланысты. Жалпы алғанда, сөздің жеке-дара тұрғандағы және сөйлеу тіліндегі функционалды қолданыс мағынасының сәйкес келуі өте сирек кездеседі. Тіларалық синонимдердің өзі үлкен күдік тудырады. Сондықтан тіларалық сәйкестіктерді зерттеу, жан-жақты тілдік талдау жүргізу керек.

«Белгілі бір ұғымды білдіретін және бір-бірінен эмоционалды-экспрессивті, стильдік немесе өн бойындағы маңызды ақпараттарымен ерекшеленбейтін көптілді сөзді табу» қиынның қиыны саналады31.

Лингвистикалық ерекшелік, әсіресе тілдік ақпарат, лексико-фразеологиялық тіркесімділік, әртүрлі тілде сөйлеуші халықтың саяси-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, рухани мәдениет, әлеуметтік-мәдени коннотациялар (коммуникацияның мақсаты, орны, мезгілі және тағы басқа жағдайларына байланысты алып қараса) сөз семантикасына әсер етпей қоймайды. Мұның өзі тіларалық синонимдер (тіларалық баламалар) мәселесінің күрделі екенін көрсетеді32.

Сөздің білдіретін ұғымдық мағынасын жасанды түрде айқындау, соның негізінде тіларалық сәйкестікті қалыптастыру шет тілін үйренушілер мен аудармашылар үшін кері әсерін тигізуі мүмкін.

 

Тіл және мәдениетаралық коммуникация

Авторы: Светлана Тер-Минасова

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button