Тіл реформасына қатысты тың ұсыныстар айтылды
Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі қазақ тілін жаңғыртуға байланысты айтқан ойлары бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен жиын өтті.
Президенттің тіл реформасына байланысты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі ойларынан өрістейтін бастамаларды жүзеге асырудың бағыттары мен міндеттерін айқындауды мақсат еткен шараға тіл саясаты саласы мамандары мен ғалымдар қатысты. Олар өз кезегінде тіл реформасы төңірегіндегі ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, тың идеяларды сараптады.
Алқалы отырыстың алғашқы сөзін алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешов:
– «Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаев ағымдағы жылғы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында қазақ тілін жаңғыртуға қатысты тапсырма берді. Бұған дейін де латын графикасына негізделген әліпбиді жетілдіруге қатысты берген тапсырмасы бойынша жұмыстар атқарылған болатын. Бұл істе бізден мұқияттылықты талап етуде. Әсіресе, мамандар, филолог ғалымдарымызға осы бір маңызды қадамда аса жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Әрине, ғылыми жағынан да, практикалық тұрғыдан да жұмыс қарқынды жүргізілді. Дегенмен әліпбиімізді латын графикасына көшіру жұмыстарын ғылыми тұрғыдан тағы бір мәрте зерделеуді қоғам талап етуде. Бүгінгі жиынымыздың мақсаты бекітілген әліпбиімізге Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдарының енгізген ұсыныстарын тағы бір мәрте зерделеп, басқа халықтарда жүргізілген тіл реформасына тереңдеп қарап, түйін түю, қорытынды жасау болып отыр», – деді.
Шара барысында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру кезеңіндегі тілдік реформаның орны мен маңызы, тілдің ішкі әлеуеті мен экстралингвистикалық факторлардың әсері, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін оңтайландыру, тілдегі ықшамдалу үдерісі сияқты маңызды мәселелер сөз болды.
Жазу реформасының сәтті, әрі уақытылы жүзеге асуы үшін ф.ғ.к. Г.Мамырбекова мына нәрселерге баса назар аударған дұрыс дейді:
– «1. Президент әліпбиді жетілдіруге байланысты шешім қабылданған соң қоғам пікірімен санасу мақсатында жекелеген азаматтар тарапынан ұсынылған әліпби жобалары талқылаудан өтіп жатыр. Бұл әрине, пайдалы, дұрыс. Десек те алдағы уақытта келіп түсіп жатқан бұндай жобалардың әрқайсысын талқылауға уақыт кетірмей, орфографиялық топ мүшелері дұрыс деп таныған, оңтайлы әліпби жобасы тез арада Үкіметке ұсынылуы керек. Себебі, ұлттық жазудың шарттарына сәйкес келмейтін, қазақ жазуына жарамайтын әліпби жобаларын талқылауға уақыт кетірудің қажеті жоқ.
2. Бір дыбыс бір таңбамен белгіленуі керек, әр дыбысқа жеке-жеке таңба арналуы керек, диграф, триграфтар әліпби құрамында болмауы керек деген принциптен ауытқымауымыз қажет, бұл орфографиялық жұмыс тобының қарары ретінде ресми түрде ұсынылғаны дұрыс. Бұндай ресми түрдегі қарардың болмауы кесірінен әліпби жобасын ұсынушылар тарапынан екі дыбысты бір таңбамен беру, т.б. кемшіліктер орын алып жатыр.
3. Жазу реформасына қоғам бей-жай қарамайтыны анық, осы тұрғыдан алғанда ғалымдар тарапынан болсын, халық тарапынан болсын пікірқайшылық пен дау-дамайдың орын алуы заңдылық және бұны тоқтатпаса ол жалғаса береді, ешқашан тоқтамайды. Сол үшін дұрыс деп танылған 4-ші әліпби мен емле ережесі ресми түрде арнайы Жарлықпен бекітілуі керек (мақұлдануы емес). Емле ережесі бекітілгеннен кейін жүйелі жұмыс жүреді. Латын әліпбиіне көшу жұмыстарының барлығы осы емле ережесіне тіреліп тұр.
4. Қазір 42 әріп 32 әріпке түскеннен кейін емледегі ең көп өзгеріс кірме сөздерді таңбалауда болып отыр. Осы мәселеде пуристік бағытты ұстанушылар мен керісінше жақтамаушылар тарапынан пікір екіге жарылды. Пуристік бағыттың жағымды да, жағымсыз да тұстары болатындығын ескеруіміз керек. Министр сөзін міністір, университет сөзін үніберсітет, фильм сөзін пілім деп жазғаннан ешкім патриот болып кетпейді, бұлайша түбегейлі төңкеріс жасауға асықпауымыз керек. Себебі біз ХХ ғасырда емес, ХХІ ғасырда ақпараттық технология дамыған заманда, үштілділік жүйесі бар қоғамда отырғанымызды және кирил санадағы халық пен латын санадағы жас ұрпақтың аралығында отырғанымызды ұмытпағанымыз жөн».
Сондай-ақ жиын барысында халықаралық тәжірибелер, атап айтқанда, түркі, ағылшын, орыс тілдеріндегі реформалар барысы туралы да баяндамалар жасалды. Ағылшын тіліндегі ықшамдау құбылысы жөнінде ф.ғ.к. Н. Рсалиева сөз алса, түркі тілдеріндегі тіл реформасы тәжірибесімен Назарбаев Университетінің профессоры, ф.ғ.к. Ж. Ағабекова бөлісті.
Жиын барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Қазақ бизнес және технология университетінің және Еуразия гуманитарлық институтының ғалымдары өз ойларын ортаға салса, Алматы қаласынан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары онлайн байланысқа шығып, тіл төңірегіндегі түйткіл тұстардың оңтайлы шешімдерін ұсынды.