Жаңалық

«Тіл туралы» заң талаптарын қадағалайтын мониторингтік топтар құрылды

Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жанынан Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» заң талаптарының сақталуына мониторинг жүргізетін топтар құрылды, деп хабарлайды Ruh.kz Павлодар облысы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі жолдаған ақпаратқа сүйене отырып.  

Аталмыш мониторинг тобының өкілдері халыққа негізгі қызмет көрсететін бірнеше мекемелерді аралады. Ондағы мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылуына қатысты мониторинг жүргізді.

Топ құрамында Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Жарқынбек Амантай, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қаршыға Шаяхметов, «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы және «JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділ бар.

Топ өкілдері «Павлодар-Водоканал» ЖШС, «Павлодарэнерго» АҚ, «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалы, «Open Pavlodar» фронт-кеңсесін аралап, ондағы мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасына, көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тіл туралы заң талаптарының сақталуына назар аударды.

Аталған мекеме өкілдері тұтынушыларға қазақ тілінде кедергісіз қызмет көрсетілетінін айтты. Мысалы, «Павлодар-Водоканал» ЖШС-да жұмыс істеп тұрған үш кассаның екеуі қазақ тілінде қызмет көрсетуде. Өзге мекемелерде де осылай. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Жоғарыда аты аталған мекемелердің ішіндегі кейбір көрнекі ақпараттардың талапқа сай еместігі байқалды. Хабарландыру сияқты бірді-екілі парақшалар тек орыс тілінде, немесе қазақ тілінде қате жазылған. «Қазпошта» мекемесінде дыбыстық хабарландыру тек орыс тілінде айтылатыны анықталды.

Тіл жанашырлары, қоғам белсенділерінен құрылған мониторингтік топтың өкілдері барлық мекеме басшыларымен осы мәселеге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мемлекеттік тіл және тұтынушылар құқығы туралы түсіндірме қағаздарын таратты. Өз кезегінде, қызмет көрсету мекемелерінің өкілдері қысқа уақытта анықталған кемшіліктерді түзетуге сөз берді.

Мониторингтік топтың жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button