Тіл заңнамасын білесіз бе?
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» – дейді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ана тіліміздің өркендеуі, қанатын кең жаюы үшін қызмет ету кез келген азаматтың бұлжымас міндеті болуы керек. Осыған орай, Павлодар қаласының тұрғындары арасында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен «Тіл заңнамасын білесіз бе?» атты акциясы ұйымдастырылды.
Аталмыш акция Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру шеңберінде өткізілген болатын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның мақсаты «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңды барынша халықа жария ету және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық саласына енгізу болып табылады.
Акцияға қала тұрғындары қатысып, тіл заңнамасының негізгі баптарымен танысты.
Жадынамада деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi, Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық жайында жазылған.
Павлодар облысы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі