Жаңалық Редакция таңдауы

Титаник кемесінің қашан суға батқанын білесіз бе?

Бүгін, яғни 15 сәуір «Титаник» кемесінің суға батқанына – 110 жыл.

ХХ ғасырдың ірі апаттарының бірі – «Титаник» кемесінің суға батуы. Ол әлемдегі ең ірі жолаушылар тасымалдайтын кемелердің бірі болған. 1912 ж. 10 сәуірде Саутгемптоннан шыққаннан кейін лайнер Франциядағы Шербур және Ирландиядағы Квинстаунға жол салып, содан кейін батысқа қарай Нью-Йоркке аттанады. Төрт күн жүзгеннен кейін, 1912 ж. 14 сәуірде Ньюфаундленд маңынан 375 миль жерде сағат 11:40-та кеме айсбергке соғылады. 2 сағат 40 минутта кеме толықтай суға батып кетеді. Бортта 1316 жолаушы мен 892 экипаж мүшелерін қосқанда барлығы 2208 адам болған. 1496 адам қаза тауып, аман қалған 712 адамды көмекке келген «Карпатия» кемесі құтқарған.

Жалпы, «Титаниктің» жарнамасы ХХ ғасырдың басындағы елді дүрліктірген керемет болды деуге негіз бар. Сол кездегі Батыстың барлық жетекші басылымдары ғажайып кеме жөнінде жарыса жазды, кеңінен жарнамалады. Кеме иесі жарнама үшін ақшаны аямаған. «ХХ ғасырдың ғажайып лайнері, керемет әспеттелген — 762 каютасы бар. Кемеге 44 тонна мал мен құс еті, 35 мың жұмыртқа, 40 тонна картоп, 27 мың шөлмек сыра, қымбат шараптар, 5 мың тонна қант, өзге де көптеген азық-түлік сиятын. Не ішем, не жеймін десең де өз еркіңде. Сондай-ақ кемемен 10 ірі миллионнер сапарға шығады. Олар сейфтерге салып жүздеген миллион доллар, қымбат заттар, алтындар ала шықпақ. ХХ ғасырдың суға батпайтын ғажайып, жұмақ кемесімен сапар шегуге асығыңыздар» деген секілді жарнамалар газет беттерін алып кетті. Расында, мұндай жарнаманы оқыған кісі « Титаникпен» сапар шегуге асықты.

«Титаник» кемесі жөнінде қысқаша мағлұмат бере кететін болсақ, «Титаник» расында алып кеме еді. Оның ұзындығы — 268,98 метр, ені — 28,2 метр. Төрт трубасы бар. Биіктігі 11 қабатты үймен тең, ұзындығы қаланың төрт кварталы болатындай еді. Елу мың аттың күші бар кеме сағатына 25 узел жылдамдықпен жүру мүмкіндігіне ие болатын. Лайнерде 762 каюта орналасқан. Сондай-ақ кеменің екі қабатты қорғанысы, 19 су өткізбейтін құдығы болды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button