Той-томалаққа кімдер шақырылмайды?
Қазақ халқының баяғыдан қонақжай ұлт екені белгілі. Байырғы кезде кез келген қазақ алыс жолға шыққанда өзімен бірге азық алып жүрмейтін болған. Себебі жолай кездескен ауылдарда жолаушыны құдайы қонақ деп қарсы алып күту Ұлы дала иелерінің бұлжымас заңы.
19 ғасырда қазақ даласында болған поляк Адольф Янушкевич қазақ қонақжайлылығына таң қалып: «Егер қазақтарды экватор бойымен орналастырса онда жер шарын тегін айналып өтуге болады» деп жазып кеткен.
Қазақ қонақжайлығы
Белгілі қазақстандық жазушы Герольд Бельгер «Қазақтың қонағы қанша» деген жазбасында: «Қазақтардың қонақжайлылығы туралы байырғы кездерден жазылған. Қазақтар керемет ұлт. Әкем қазақтың осы салтына әрдайым таңданып отыратын. Соғыс және соғыстан кейінгі жылдары, фельдшер болған менің әкем Ыбырай, Көктерек, Мектеп, Жаңа-жол, Қаратал, Алқа-ағаш атты қазақ ауылдары және Козловка және Карачок атты екі орыс поселкесі аймағына қызмет көрсетті.
Міне, әкем аты аталған қазақ ауылдарының қайсысына барса да оның алдына – тұщытылған, тұздалған май, айран, құрт, ірімшік, табанан немесе майға қуырылған бидай, тары, шай сияқты тағамдарды алдына қойып, жаратқанның жеткізгені деп сый-сияпат көрсетілетін.
Басқа послекелерге барарда әкем жалғыз өзі тамақтанатынын білгендіктен үйден – бір үзім нан, пияз, жұмыртқа, тұз алып кететін. Себебі жер аударылып келген фельдшерге ешкім бір тостақ суда ұсынбайтын. Міне айырмашылық осындай болатын».
Үйге қонақ түссе қазақ үшін одан асқан бақыт, одан асқан абырой жоқ. Сонда да сирек те болса қазақтар кейбір адамдарды өз салтанаттарына шақырғысы келмейтін кездер де болады. Бұндай жағдайлар сәби дүниеге келіп шілдехана тойы өткізілгенде, үйлену тойы, немесе ұзату тойы барысында, тағы басқа да салтанатты іс-шараларда орын алып отырған.
Қонақтар және ырым
Бұл жұрттың бәріне белгілі қағида болған. Әрі бұл жағдайды шақырылмайтын адамдардың өздері де білген. Олар кімдер еді? Баласы жоқтар. Қазақ ондайларды «Қубас» деп атаған.
«Қазақтар өте балажан халық» – қазақтар өздері туралы осылай дейді. Бұл шынында да солай. Әр қазаққа баладан артық қуаныш жоқ. Сондықтан да қазақтар байырғы заманнан көп балалы жанұя болғанды қалайды.
«Қазақ тұрмыс-салты» атты зерттеу кітап жазған ғалым Ш.Тоқтабай мынадай тұжырым жасайды: «Қазақтар балаларын түрлі қауіп-қатерден, ауру-сырқаудан сақтауға тырысып түрлі ырым-сенімдерге мойын бұрады. Мысалы, емізулі баламен қонаққа баруға болмайды, көз өтіп кетеді, деп білген. Немесе сәбидің басының жұмсақ төбесін қолмен басуға болмайтынын, бесікте жатқанда қараусыз қалып кетпеуін қатаң талап еткен. Бұндай талаптар бүгінде де өз маңызын жойған жоқ».
Мысалы, перзенті жоқ жұбайлардың тойларға және басқа салтанатты іс-шараларға келуі жаман ырым саналып, жас жұбайлардың болашағына кері әсерін тигізіп, бала болмауына әкеліп соғуы мүмкін деп сенген. Бұндай наным-сенімдер бағзы замандарда орын алғаны сөзсіз. Қазақтың атақты фольклортанушысы Едіге Дәріғұлұлы Тұрсынның жинаған қазақ ертегілерінде де осы үрдістің баяғыдан бар екенін дәлелдейтін мәліметтер кездеседі.
Салт қазақ әдебиетінде
«Дудар қыз» атты қазақ халық ертегісінде: «Хан той жасаймын деп жұртқа хабар айтты: «Ұлы жоққа отыратын орын жоқ, қызы жоққа қымыз жоқ, бұл тойға келмесін, дейді. Бір байдың бала-шағасы жоқ екен. Сонда да бай бәйбішесі екеуі, қымыз құйылған сабаларын түйелеріне артып тойға барады. Бірақ оларды ешкім қарсы алмайды. Тұрып, тұрып ашуланған бай сабаны пышақпен тілгілепп тастайды».
Баласы жоқтарды тойға шақырмау үрдісі бүкіл қазақ даласының барлық жеріне тарағаны рас.«Сайын батыр» жырында баласы жоқ Бозмонайдың:
Бір перзентке зар болдым,
Сол перзенттің зарынан
Жиын тойға кірмедім
Өтерін дүние білмедім, – деп зарлауы осыған дәлел.
Өмірдегі оқиға
Қазақ эстрада сахнасында кеңінен шырқалып жүрген «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра», «Қарағым-ай», «Сарыарқа», «Аралдан ұшқан аққулар», «Атамекен-ай», «Аққу-сенім», «Жер Ана», «Ән жүрегім туған ел», «Үкілі домбыра», «Дос керек», «Бозжорға», тағы басқа да көптеген танымал әндердің сөзін жазған белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің өмірбаянында осындай оқиға орын алған.
Ақынның анасы Мәрияш апа бір сұхбатында мынадай естелік атып берген еді: «Шөмішбайдан үлкен Аққыз деген қызым бар. Содан кейін туған үш балам шетінеп кетті. Ауыл әйелдері «мұның қарақұсы бар, баласы тұрмайды» деп, мені шілдеханаға шақырмайтын». Әрине, болашақ ақын дүиеге келген соң анасына байланысты ондай әңгімелердің тыйылғаны да рас. Бүгіндері қазақтың мақтаныншы бола білген ақын ағаның жасы 72-де.
Қазақ ұлты түрлі әдет-ғұрып, дәстүрлерге бай. Осынау мол әдет-ғұрыптардың кейбірі өткен тарих еншісінде қалса, кейбіреулері әлі күнге дейін сақталып өз маңызын жойған жоқ.