Мақала

Толағай боп туылмады, әттең-ай!..

Атырау облысында Табылды Досымов пен Мұрат Мөңкеұлына ескерткіш орнатылды

Қазақтың зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы мен бард ақын Табылды Досымовқа арналған ескерткіш Индербор кентінде ашылды. Мұрат бабаға арналып салынған ескерткіштің авторы ҚР суретшілер одағының мүшесі Құттыбек Жақып. Биіктігі 7 метр болатын ескеркіш таза қоладан құйылған. Елінің тәуелсіздігін аңсап жыр толғаған майталман жыршы, термеші ретінде Мұрат Мөңкеұлы халық арасында танылған. Салтанатты шараға қатысқан Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов аймақ басшысы атынан бүгінгі айтулы мерекемен құттықтады.

«Қазақтың зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлын танымайтын қазақ жоқ. Өзінің рухқа толы өлеңдерімен халық жадында мәңгілікке сақталды. Бүгінгі біздердің міндетіміз – ұлы тұлғаларымызды ұлықтау. Осы арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Бүгін Индербор кентінде Мұрат Мөңкеұлы мен Табылды Досымовқа арналған ескерткіш бой көтерді. Ашылғалы тұрған екі ескерткіш құтты болсын», – дейді Серік Шапкенов.

 

Сонымен қатар, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовқа арналған ескерткіштің де салтанатты ашылуы өтті. Сәулетті ескерткіштің ашылу салтанатына Табылдының замандастары, қоғам қайраткерлері қатысты. Биіктігі 2 метр 60 см болатын ескерткіш таза қоладан құйылып жасалған. Сәулеттік өнер композициясы Табылды ақынның 45 жасында дүниеден өтуін білдіретін 4,5 метрлік гранит тасқа өлеңдері жазылған. Сондай-ақ, Табылды мұрасының кейінгі ұрпаққа жалғасуын бейнелейтін граниттың ұшар басына құстар бейнеленген. Ескерткіштің авторы ҚР суретшілер одағының мүшесі Бақытбек Мухаметжанов.

 

«Мен қазақпын» – деп жаһанға жар сала жырлаған жалынды ақын өзінің кіндік қаны тамып, өмірінің соңғы күндерін өткізген туған топырағында бүгін сәулетті ескерткіш бой көтеріп отыр. Табылды қазақ жанында мәңгілік сақталады. Мұрат Мөңкеұлы азаттықты армандаса, Табылды биіктікті аңсады. Екі тұлғаның бүгінде арманы орындалды», – дейді ақын, Табылдының замандасы Светқали Нұржан.

 

Айта кетейік, қазақтың зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы мен бард ақын Табылды Досымов Индер ауданында жерленген.

 

Атырау облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button