Жаңалық

Төлеген Жанғалиев. Қош, Нескен!

Қайран Нескенім, ардақты құрдасым сенің де о дүниелік сапарға бүкіл Алаш жұртын аңыратып, о дүниеге аттанып кете барғаныңды әлеуметтік желіден естіп «аһ ұрып», аза тұтып отырмын.

Бір кездері Тұрсын (Жұртбаев) екеуің «Жәжә» деп еркелетіп өткен достарың Жәнібек Кәрменовті ақтық сапарға аттандырып тұрып сенің де қан жұтып, қайғы құшқаныңды көріп едім. Сенің «Айбозым» деп аңырап жазған жоқтауыңды Қапаш Құлышова мен Сәуле Жанпейісова қап-қара киініп, қара жамылып, дүйім халықтың алдында қос домбыраға қосылып, еңірей салғанда егілмеген ел қалмап еді.Теңіздей теңселіп, онсыз да жылап тұрған халықты сенің отты жырларың одан сайын тебірентіп, жылатып кетіп еді сонда. Сол жаралы жүрегімді, қаралы көңілімді қалай саған жеткізе алармын?!

Мен өзіңмен алғаш рет Семей әуежайында жолықтым. Бұрын мерзімді баспасөз беттерінде аракідік өлеңдеріңді оқып жүретінмін. Ол кездегі рухани ортамыз, тоқайласатын жеріміз облыстық «Семей таңы» газеті болатын. Шұбартаудан сен , Ермек Елгезек , Қызылтудан Тұрсын Жұртбай, Саржалдан Сәкен Сейсенов, Аякөзден Ерғазы Рахимов, Көкпектіден Нәкен Серікбаев бәріміз жабыла жазып жататынбыз.

Алматы жоғары партия мектебін бітіріп келіп, аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген кезім. Бір күні кемеңгер ұстазым, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз  Матаев:

«Әй, Төлеген, Алматыдан бір топ жас қаламгерлер келе жатыр, тікелей өзің барып, жақсылап қарсы ал, қайда барамын десе апар, қоса жүр»,- деді.

«Болашақта алты Алашты аузына қарататын нағыз дарындылар осылар. Өзің де танитын шығарсың Жәнібек Кәрменов , Тұрсын Жұртбай, Несіпбек Аитов деген жігіттер,бүкіл облысымыздың мақтаныштары» – деп Хафекең бағанағы тапсырмасын күшейтіп қойды.

Біреуі кластасым, біреуі жерлесім, біреуі сыртынан атына қанық ақын.

Шыны  керек, білдей аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі деген атағым бар, алғашқыда, Алматыдан арнайы ақ волгамен қарсы алатын қонақтарды көріп тұрмағандықтан жай ғана «жарайды» дей салдым. Қойшы, әйтеуір, Семей әуежайындағы осы кездесу бізді өмірлік досқа айналдырды. Көреген көзді, ормандай ойлы Хафиз ағамыз айтқандай Жәнібек аспандағы аққуға үнін қосқан данқты әнші ғана емес, қарымды қаламгер болды. Нескен алты алаштың ақиық ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Алаш арыстарын алғаш рет тірілткен Тұрсын атақты ғалым, тірі энциклопедия болды.

Енді, міне, сол төрт достың алды қырық үштен аспай жатып, екіншісі жетпістің үшеуіне келіп, сұм дүниенің жалғандығын бізге тағы да мойындатты.

Нескен алғаш рет қатты ауырып, ауруханаға түскенде телефон арқылы хабарласып, көңіл сұрап едім. Дерт меңдеп, қатты қиналып жатса да, қайран досым жайшылықтағы жайсаң мінезінен айнымай: «Төлеш, ел аман ба, менен дұғай-дұғай сәлем айт, мен бәрін жақсы көремін» – деді

Шынында да, Нескеннің Абай еліне, Шыңғыстау жеріне деген махаббаты ерекше еді.

«Өлең де бір оқтан қашқан құралай,

Саған жылар басқаларға жыламай.

Шапаныңның шалғайымен орай жүр,

Аруағыңнан айналайын, Ұлы Абай» – деп еді. Орай алмадық, ажалдан қорғай алмадық, қайран досымды.

Қазақта ақын көп, бірақ, жұдырықтай бойымен боз далада бозторғайдай болып өткен-кеткен тарихымызды қайта тірілтіп, қайта жаңғыртқан Несіпбек Аитовтай ақын жоқ. Оның бір поэмасы – бір тарих еді. Төгіліп тұрған төкпе жырдың төресі де, кемел ойдың кемесі де Нескен еді-ау, шіркін!

Амал не, өзі айтқандай:

«Тіріге жайған торы көрінбейтін,

Бір жұмбақ балықшы бар өмір дейтін.

Өлуге жаралған соң өкінбейсің,

Көр қазып, жұртың болса кебіндейтін.

 

Түспесе ықыласы пендесіне,

Тәңірден кім таласар бермесіне?

Бақидың бас бұйдасын тартып кеткен,

Көз жетті бұрынғының келмесіне.

 

Сыйлаған біреуге сор, біреуге бақ,

Тағдырдың түсі суық күрең қабақ.

Шаңдатып, шерулетіп біз де өтерміз,

Қаларын қай қуыста кім аңдамақ?»

Алды-артына қарап үлгерместен қойны суық қара жер табылмас талантты бауырына тартып алды.

Жәнібекті жоқтап жүріп досым-ай,

Сенің дағы демің бітті осылай.

Жанымызда жүруші едің жарқылдап,

Жақсы ұста соққан алтын сапыдай

 

Қош, қош, досым, қыса алмадым қолыңды,

Жібітетін алпыс екі тамырды.

Мен ғана емес, Қарт Шыңғыстау – қарт әкең,

Қайғы жұтып, қара шапан жамылды.

 

Өзің жүрген, өзің көрген жер жылап,

Көз жасына толып қалды көл, бұлақ.

Алла берді, ажал алды, амал не,

Айтұлын ұмытпайды ел бірақ!

 

                                                            Төлеген Жанғалиев,      

         абайлық ақын,

                                  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button